Спортпен шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны соңғы 3 жылда 25,3%-ға өскен. Егер 2020 жылы 38 352 болса, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 51 325 адамға жетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спортпен шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр. Аталған аймақта ерекше қажеттіліктері бар 5687 адам спортпен тұрақты түрде айналысады екен. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы (4997 адам) және Астана қаласы (4514 адам) тұр. Үздік бестікті Түркістан (4298 адам) және Жамбыл (4 057 адам) облыстары түйіндеді.
Айта кетелік, ең қарқынды өсім елордада тіркелді, 3 жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар спортпен шұғылданушылардың саны 3232 адамға көбейген. Екінші орында - ШҚО (+1585 адам), үшінші орында – Қостанай облысы (+1295 адам). Сондай-ақ Жамбыл облысында - 668 адамға, Түркістанда – 659 адамға артып отыр.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасамай, бұқаралық спортты дамыту мүмкін емес. Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған 15 спорт клубы мен 3 мектеп, сондай-ақ Алматы облысында спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Біз спорттық инфрақұрылымды қолжетімді етуге ниеттіміз. Сондықтан қазір еліміздің барлық өңірінде 113 жаңадан спорт нысанын салу бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.