Қызылордадағы жеті ауданның ішінде көршілес Түркістан облысымен шектесіп жатқан Жаңақорғанның жөні бөлек. Облыстағы төрт түліктің жартысына жуығы – осы аймақта. Жаңақорғанмен іргелес Шиелі ауданы климаты өзгеше болғандықтан, егін де басқа өңірлермен салыстырғанда ерте егіледі. Қаратау етегіндегі бұл аймақтың жері бау-бақшаға аса қолайлы. Осыдан да бұл ауданда ризығын қара жерден айырып, агросалада жаңалық жасап жатқандар көп.
Осыдан 6 жыл бұрын жергілікті кәсіпкер Қасым Әбжаппаров жүгері сусынын өндіру үшін 3 млн теңгенің грантын алады. «Дала падишасы» атанған бұл дақылды ертеден егетін Кейден ауылындағы әр түтін бұрын да жүгері көже салатын. Мұндағылар үшін бұл тосын кәсіп емес, тек іс аясын кеңейту үшін мемлекет тарапынан сәл демеу қажет еді. Жаңағы грантпен қоса өңірлік қолдау қорынан 3 млн теңге несие алған кәсіпкер жұмысын бастап кетті. Осы күні ауданмен қатар республиканың бірнеше өңіріне «Кәусар» сусынын жіберіп отырған «Әбділла» шаруа қожалығының жұмысы осылай басталып еді. Кәсіпкер Қасым осыдан 3 жыл бұрын жүгері дәнін консервілеу жобасын жасады. Былтыр шаруа қожалығына 600 гектар жер беріліп, биыл Өңірлік қолдау қорынан 30 млн теңге несие алып, 192 гектарға жүгері екті. Бұрын сусын дайындайтын өнімді сырттан алдыратын кәсіпкер кейінгі жылдары шикізат сапасы сұйылып кеткенін айтады.
– Осыдан да барлық талапты сақтап, өзіміз егіп жатырмыз. Бар алқапты игеру де оңай емес. Амандық болса, брендтік өнім қатарындағы «Кәусарды» өндіруді ұлғайта түсеміз. Жалпы, диеталық өнім ретінде сұраныс көп, дейді кәсіпкер.
Жалпы, биыл ауданда 37 781 гектарға егін егілген, соның 7 607 гектары – күріш. Наурыз айынан бастап аудандық ауылшаруашылық бөлімі, су шаруашылығы мамандары шаруалармен кездесіп, су тапшылығына байланысты түсіндірме жүргізген. Әуелі арнаға баса мән беріліп, 54 шақырым канал тазаланыпты. Шаруашылықтардың суды кезекпен алуы да ескерілген. Сонымен қатар ауыспалы егін талабы қатаң сақталғандықтан осы алқаптарды суландыру қиындық туғызып тұрған жоқ. Аудан бойынша 37 су насосының 11-і танаптардың басына қойылған. Біразы ауылдарға аяқ су жеткізіп беріп тұр.
– Кездесулерде егінді әртараптандыру жайында да айтылып, оның тиімділігі түсіндірілді. Осыдан да қазір әр ауылда бау-бақша егетіндер қатары көбейді. Биыл жоңышқа мен жүгері алқаптары артып отыр. Одан бөлек ауданда 13 шаруашылық «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісімге отырып, форвардтық жүйе арқылы қолдау тауып, 60 млн теңгеге жуық қаржы алды. Осылайша, егін егілер кезеңдегі тұқымға, алқапты қоршап, арық тартуға жұмсалатын қаржы тапқан шаруашылықтар күзде өнімді «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамына өткізеді, дейді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Форвардтық келісім аясында жұмыс істеп жатқан «Жақсылық И» шаруа қожалығы биыл күзде 100 тонна сәбіз, 30 тонна картоп өткізуі керек. Шаруашылық төрағасы Ерғали Исматуллаев өнімдерді егу мен күтіп-баптау талапқай сай жасалып отырғанын айтады.
– Қысқа сақталатын өнім болғандықтан картоп та, сәбіз де кеш егілді. Қазір картобымыз түйін байлады. Қазан айының ортасы ауа жинай бастаймыз. Бағаны тұрақтандыру мақсатындағы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның бұл бастамасы көктемде талабы болғанымен ақшасы жоқ талай шаруаға қолдау болып отыр. Осы аумақты шеңгел мен жыңғылдан аршып, арық тарттық. Алда тағы жер ашып, жоңышқа егу ойда бар, –дейді шаруашылық төрағасы.
Аудандағы Қожакент ауылы – береке-бірлігі бұзылмаған елді мекендердің бірі. Жас кәсіпкер Мейірбек Үсенов осы ауылдан «Жанайым» атты серіктестік құрып, құрылыс тауарларын өндіріп жатыр. Үйдің шатыры мен ауланы қоршайтын қаңылтыр шығаратын кәсіпкер өніміне сырттан тапсырыс беретіндер көп. Біріншіден, бағасы арзан, сапасы да жоғары. Қатты желде қалықтап ұшып кететін биттің қабығындай жұқа қаңылтырлармен салыстырғанда «Жанайымның» өнімі өтімді. Шикізатты Қытайдан, қондырғыны Алматыдан алдырған кәсіпкер мұндай кәсіпорын бұл төңіректе жоқ екенін айтады. Іргедегі Өзбекстанда да қаңылтыр бар. Бірақ олардың сапасы төмен, жылға жетпес уақытта түсі оңып кетеді.
Осыдан 3 жыл бұрын бұл ауылда құны 85 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы басталған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында іргесі қаланған құрылысты меценат Изатулла Үсенов қаржыландырып отыр. Көп ұзамай қолданысқа берілетін нысанда кіші футбол алаңы, тренажер және бильярд залдары, 100 орындық асхана болады.
– Біздің бұл кәсіпті бастауымыз қызық болды. Әкем екеуміз үй салу үшін полистролбетон іздеп, біраз жерді шарладық. Бұл төңіректен кездесе қоймады, есебін жасап көріп едік сырттан алдыру қымбатқа түсетін болды. Ойлана келе осы кәсіпті өзіміз қолға алуды жөн көрдік, – дейді біз сапарымызда кездескен жаңақорғандық тағы бір іскер жас Өркен Әбсаттар.
Былтыр «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында «Өңірлік инвестициялық орталығынан» төменгі пайызбен 14 млн теңге несие алып, алғашқы өнімдерін шығара бастайды. Қазір айына 35 мың полистролбетон блогын шығаратын кәсіпорында 4 адам жұмыс істейді.
Полистролбетонмен салған құрылысы өнімді болады. Бір дана блок стандардты өлшемді 17 кірпіштің орнын алады. Жазда салқын болып, қыста жылу сақтайтын қасиеті және бар. Суды сарылдатып құйсаңыз да, бойына 5-ақ пайызын сіңіретін блок беріктігі жағынан да басқаларға қарағанда көш ілгері тұр.
Сыртқа көп сапарлайтын ағайынның көбі көршілес Өзбекстанда өндіріс ірі қалалардан емес, шағын ауыл-аймақтардан басталатынын жиі айтатын. Біз осыны Жаңақорғаннан байқадық. Аудан орталығында жиһаз шығаратын «Sanzhar mebel» өндірісін бастаған Санжар Шайын 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында грант иегері атаныпты. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы қазір өнімдеріне ауданнан бөлек Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларынан тапсырыстар көп түседі.
«Мейрамбек» жеке кәсіпкерлігін құрған көпбалалы ана Шолпан Сүлейменова қыста ауласындағы жылыжайдан бақша өнімдерін жинап, саудаға шығарады. Осыдан 3 жыл бұрын «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант иеленген кәсіпкер қажетті қондырғы алып, дәретхана қағазын шығаруды жолға қойды.
Қазір ірі қалалар мен облыс орталықтарында жалға берілетін тұрғын үйлер көптеп беріледі. Енді осындай баспаналар аудан орталықтарынан да бой көтеріп жатыр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде белгілі бір әлеуметтік топтарға тұрғын үй салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Жаңақорған кентінің жаңа ауданынан 50 тұрғын үй салынды.
– Қазір бұл үйлердің 70-75 пайызы салынып бітті. Алда ауданның 95 жылдығына орай кезекте тұрғандарға таратамыз. Ауданда 6 жылдан бері жер телімі таратылғанымен, дайын үй берілмеген. Келесі жылда да кезекте тұрғандар осындай баспаналарға ие болады. Әр үйдің құрылысына беріліп отырған ақша да көп қаржы емес. Соған қарамастан осы шаруаны қолға алып, «елге болсын» деген ниетпен кіріскен жергілікті кәсіпкерлерге алғыс айтамыз, – дейді Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов.
Жалпы, аудандағы іскер азаматтардың елдік іске үлес қосып жүретінін бұрыннан да білетінбіз. Былтырғы Балалар жылына орай жергілікті меценат Марлен Ысқақов 790 млн теңге жұмсап, «Прайм парк» демалыс саябағын салып беріпті. Ерекше субұрқақ, аттракциондар, балаларға арналған ойын алаңдары бар демалыс аумағынан адам аяғы арылмайды екен. Біз барғанда балалар арасында түрлі жарыс өтіп, жазғы сахнада Қожакент ауылының таланттары өнер көрсетіп жатты.
Аудан мерейтойынан бөлек, биыл «бір өзі – бір театр» атанған ғаламат өнер иесі Манап Көкеновтің туғанына – 95, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің жарық көре бастағанына 90 жыл толады. Осыған байланысты сенбі сайын ауылдардағы өнер ұжымдары кент тұрғындарына концерт қояды.
Жаңақорғаннан осындай жаңалықтар көрдік. Еңбегіне жалынып, өнерін де өрістеткен өңірде өрелі істер аз емес екен.
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы