Кешенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жатақханаларынан студенттерге қосымша орындар берілетін болады.
Өткен жылдың соңында университеттің басқарма төрағасы-ректор Ақылбек Күрішбаев оқу орнының ұжымымен кездесу барысында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің ушығып кеткенін айтып, орын тапшылығын шешуге көңіл бөлген болатын.
Осыған орай кезінде есептен шығарылған студенттік №6 жатақхана университеттің тұрғын үй қорына қайтарылып, қазіргі кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың сыртқы ғана емес, оның ішкі кеңістігі де толық өзгеретін болады. Тұрғын бөлмелер, асүйлер мен дәліздер, жуынатын тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелмек. Едендер мен төбені ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа есіктер орнатылды. Қысқа мерзімде сумен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелері ауыстырылатын болады. 1963 жылы салынған жатақханаға күрделі жөндеу соңғы 10 жылда алғаш рет жүргізіліп отыр. Университет басшылығы биыл осындай нақты жұмыстардың нәтижесінде жатақханалардан студенттерге тағы да 280 орын пайдалануға берілетінін жеткізді.