Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат жағдайы маңғыстаулықтар үшін аса маңызды мәселеге айналды. Жаздыгүні суға жарымаған тұрғындарға енді жарықты тұтынуға уақытша шектеу енгізілуі «жығылғанға жұдырық» немесе «көтере алмаған қосып арқалайдының» кері болып тұр.
МАЭК-тегі №3 энергия блогын қалпына келтіруге байланысты, сондай-ақ №1 ЖЭС энергия блогы жұмысының уақытша тоқтауы себепті жүргізіліп жатқан жұмыстар Маңғыстау облысында электр энергиясын тұтынуға уақытша «тиімді» шектеу режімін енгізуге мәжбүр етті. «КЕГОК» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісімімен енгізілген шараға сай өңірдің бірқатар елді мекенінде электр энергиясын ажырату әдісі қолданылады.
13 тамызда МАЭК-тегі энергоблоктардың апаттық жөндеуде болуына байланысты облыста аймақ басшылығының төрағалығымен құрамына уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірген жедел штаб құрылды. Жедел штаб 13-14 тамызға қараған түні бірінші санаттағы нысандарды, яғни әлеуметтік және денсаулық сақтау нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін қарады. Сондай-ақ өңірдің елді мекендерін электр энергиясымен пропорционалды қамтамасыз ету үшін уақытша ажыратуды «тиімді» тәсілмен қолдану туралы шешім қабылданды. Аталған шешімге сәйкес, тұтынылатын энергия көлемін шектеу мақсатында тұтынушыларды 3-тен 5 сағатқа дейінгі электр желісінен циклдік ажырату жүргізіледі және бұл шектеу «МАЭК» энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін жалғасады.
Ірі өнеркәсіптік нысандарға берілетін электр энергиясына да шектеу қойылмақ. Жедел штаб электр энергияны тез арада қалпына келтіру мақсатында бірқатар шара қабылдап жатыр. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жауапты тұлғаларға барлық коммуналдық қызметтің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды, сондай-ақ «МАЭК»энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін өнеркәсіп тұтынушылары мен тұрғындарға электр энергиясын үнемді пайдалану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Тамыз айының 14-інен, яғни аптаның басынан бастап соңына дейін Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, бірқатар елді мекенде электр энергиясын тұтынудың шектеу режіміне сәйкес сараланған кесте жасақталды. 15-18 тамыз аралығын қамтитын кестеде Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданы мен Түпқараған ауданында, Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласы шағын аудардарында электр энергиясын ажыратудың кестесі көрсетілген.
МАЭК-те жағдай мәз емес. Тұрғындар қылышын сүйретіп қыр астында тұрған қыста жарық пен жылу, сумен қамтудың қалай боларына алаңдаулы.
Маңғыстау облысы