Қытайдың ірі экономикалық және өнеркәсіп орталығы саналатын Шэньжэнь қаласының 200-ден аса кәсіпкері қазақ-қытай бірінші бизнес форумына қатысты. Қазақстан-Қытай саудасына жәрдемдесу қауымдастығы мен Shenzhen Cross Supply Association бірлесіп ұйымдастырған іс-шара. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру үшін болашақ қытайлық инвесторларды жинады.
Форумның ашылуында Қазақстан Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин екі ел халықтары арасында қалыптасқан тығыз байланыстарын атап өтті.
«Біздің елдер, мәдениеті пен экономикасы бұрыннан келе жатқан достық және серіктестік қатынастармен тығыз байланысқан Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударады. Жақын арада визасыз режімді ашуды пысықтап жатырмыз. Бұл мәдени-гуманитарлық және экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз», деді С.Жұманғарин.
Вице-премьер Қазақстанға тартылатын инвестициялардың негізгі үш бағытын айқындады. Біріншісі – логистика, бұл қолданыстағы бағыттарды дамытып, жаңа бағыттарды ашуды, инфрақұрылым жүргізіп, жүктеу-түсіру орталықтарын ашуды көздейді. Осы бағыт ірі көлік операторлары үшін ерекше қызығушылық тудырады.
«Бүгінде шекара маңында сауда-экономикалық хабтар, логистикалық орталықтар желісі құрылуда, олар әрі қарай кеңейту әлеуеті бар ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің негізі болмақ. Қазақстанның әр облысындағы ерекшеліктерді ескере отырып, құрылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бар. Оларға салықтық преференциялар пулы ұсынылып, арнайы құқықтық режім қолданылады. Салықтар мен баждарды төлеуден босату түріндегі инвестициялық преференциялармен қоса, жақында инвесторларға бастапқы кезеңде жүктемені азайтуға бағытталған инвестициялық салық несиесі енгізілді. Яғни инвесторларға корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы аясында төлемдерді үш жылға дейінгі мерзімге 100%-ға төмендету мүмкіндігі беріледі», деді С. Жұманғарин.
Бүгінгі таңда Қытай шекарасында кедергісіз сауданы дамыту үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА қалыптастыру толығымен аяқталды. АЭА инфрақұрылымына индустриялық және логистикалық аймақтармен қатар, 2015 жылы елдің шығысында жүктерді жинау мен тарату үшін іске қосылған құрғақ порт кіреді. 2014 жылы Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлестікте логистикалық терминал құрылды.
Вице-премьер инвестициялар үшін екінші бағыт ретінде өнімді терең өңдеуді, ал үшінші бағыт ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті.
Сонымен қатар Шэньчжэнь қаласында Қазақстан делегациясы және Қытайдың ірі кәсіпкерлері, қызметтер, технологиялар мен тауарлар жеткізушілердің жоғары рейтингіне енген компаниялар өкілдері, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика саласындағы жаһандық ірі экспорттаушылардың қатысуымен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның атынан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, ИИДМ Индустриалық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Рүстем Асылбек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және басқа да мамандандырылған кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
«Бүгінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жоғары деңгейлі байланыстардың жоғары серпінімен және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, инвестиция тарту, көлік-логистиканы дамытудың кең ауқымды салаларымен сипатталады. Мамыр айында Сиань қаласында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Қытай басшылары алдағы жылдары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл көрсеткішке жақын арада қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бірақ біз үшін сандық көрсеткіштен бөлек, мазмұнының сапасы маңызды. Қазақстан Үкіметі сіздердің көмектеріңізбен, тәжірибелеріңізбен және жинақталған технологиялық әзірлемелердің мықты қорымен жоғары өңделген тауарларды өндіру көлемін барынша арттыруға мүдделі. Қазақстанда өндірілген өнімнің артықшылықтары басым. Біз ЕАЭО кеңістігіндеміз, бұл дегеніміз 160 млн адамға бағыттылған нарыққа шығуды білдіреді», деді С.Жұманғарин.
Аға экономист, Қытай ауылшаруашылық машиналарын тарату қауымдастығының (CAMDA) президенті Фан Цзяньхуа қауымдастық ұйымдастырған халықаралық ауылшаруашылық техникасы көрмесінің алаңын Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы үшін көпір ретінде пайдалануды ұсынды. Бұл көрме – бүкіл әлемге танымал және Азиядағы ең үлкен көрме. CAMDA атынан қауымдастық Қазақстанға сауда және инфрақұрылым құрылысы саласында инвестициялау үшін күш салуға дайын екенін мәлімдеді.
Қытайдағы фосфат тыңайтқыштарын өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сюй Сюэфэн Қытайдағы тыңайтқыш өндірісінің дамуы туралы айтса, Қытай тұқым саудасы қауымдастығының бас хатшысы Тянь Вэйхун Қазақстанда тұқым өндіру индустриясын бірлесіп дамытуды ұсынды.
Өз кезегінде Қазақстан тарапы бірлестіктің бір топ мамандарын тамыз айында Қазақстанға келіп, ынтымақтастық жолдарын талқылауға шақырды.
Басқа қатысушылар тарапынан ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, интернет-банкинг, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар саласында ынтымақтастықты жолға қою туралы ұсыныстар айтылды.