Иорданияның астанасы – Амманда еркін күрестен жастар арасындағы әлем чемпионаты (U-20) өз мәресіне жетті. Бұл жарыста еліміздің балуандары да өнер көрсетті.
Жерлестерімізге жалғыз ғана жүлде бұйырды. Оның жеңіп алған – Ризабек Айтмұхан. 92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз бастапқы бәсекелерде қырғызстандық Нұрболат Әділұлы мен канадалық Самуэль Перейраны қапы қалдырса, жартылай финалда Георгий Ромелашвилидің тас-талқанын шығарды. Финалда Иранның пехлеваны Мохаммадхобин Азимиге бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс медальді мойнына ілді. Сондай-ақ 97 кило салмақтағы Камиль Круглиевтің де жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Алайда ол қола медаль үшін тартыста АҚШ балуаны Кэмден Мак Данелге есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды.
Естеріңізге сала кетейік, Ризабек Айтмұхан бұған дейін ересектердің ел біріншілігінде топ жарып, биыл Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс медаль иеленген еді.