Сұм соғыстың зардабы тимеген отбасы қазақ жерінде кемде-кем болар. Көзі тірі майдангерлердің саны саусақпен санарлық. Шейіт кеткендері қаншама? Хабар-ошарсыз қалған боздақтар ше? Ресми деректерде Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында 600 мыңнан астам отандасымыздың қаза тапқаны айтылады. Соның жартысына жуығы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Жақында редакциямызға Асқар Күнтаев есімді азамат келді. Жанында жұбайы Жайнагүл бар. Асқар аға қолындағы бірнеше парақ қағазын бізге ұстатып, асықпай әңгімесін бастады. «Бір апта бұрын ғана елге келдік. Үлкен әкемнің аманатын орындап келіп отырған бетіміз осы. Өзіміз Ақтөбе облысының Хромтау ауданының тумасымыз. Атамыз Күнтай Елубаев 1907 жылы дүниеге келген. 1942 жылы соғысқа шақырылады. Атақты 685-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болған. Алайда сол жылы полк Воронеж маңындағы майдан кезінде тұтқынға түседі. Екі жыл тұтқында болған атамыз 1944 жылы 13 сәуірде лазаретте қайтыс болған», деді.
Күнтайдың майдан даласында қаза болғаны туралы қара қағаз отбасына 1944 жылы келеді. Бірақ әулет соғысқа аттанған ұлдарының нақты қай жерде қайтыс болып, қай зиратқа жерленгенінен 2012 жылға дейін бейхабар болып келген екен.
Күнтайдың кіндігінен екі ұл тараған – Қаратай мен Мырзатай. Редакциямызға келген Асқар – Мырзатайдың ұлы. Алайда әкесі тым ерте қайтыс болған екен. «Әкемнен небәрі 4 жасымда айырылдым. Алдымда екі ағам, екі әпкем бар», дейді Асқар ағаның өзі. Ал ұлдың үлкені Қаратай ақсақал 2019 жылы 83 жасында бақилық болған. Алайда қария ақтық демі таусылғанша әкесінің жатқан жерін тауып, туған жердің топырағын салуды армандап өткен. Сол арманын жалғыз інісінен қалған тұяқтың бірі Асқарға аманаттаған. Қаратай қария Асқарға әкесінің соғысқа қалай аттанғанын, сол жақта концлагерьге тұтқынға түскені туралы естігенін, мүлде хабар-ошарсыз кеткенін ұдайы әңгімелеп отырады екен. Сол кісінің «Арманым – әкемді табу, сүйегі жатқан жерге туған жердің топырағын жеткізу» деген жалғыз ауыз сөзі Асқар ағаға артылған аманат болып қалады.
2012 жылы Асқар Мырзатайұлы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Мемориал» сайтына атасы Күнтай Елубаев туралы сұрау салады. Естеріңізге сала кетейік, «Мемориал» – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан, қайтыс болған және хабар-ошарсыз кеткен кеңес жауынгерлері туралы ақпарат жинақталған өте ауқымды электрондық деректер базасы. Сайт қызметкерлері 70 жыл бұрын хабарсыз кеткен қазақ жауынгері туралы бірнеше құжатты тауып берген. Тек сұрапыл соғыс жылдары қолдан толтырылған кей қағаздарда Күнтай Елубаевтың аты-жөні Илубаев деп қате жазылып кеткен екен.
«Бір айта кетерлігі, немістер толтырған құжаттың барлығында атамызға қатысты деректер – аты-жөні, туған жері барлығы дұрыс, қатесіз жазылған. Мәселен, немісше жазылған картатекада Күнтай Елубаевтың туған жері деген тұсында Ақтөбе облысының Қарғалы ауданы Степной ауылына дейін көрсетілген. Қаратай әкем көзі тірі кезінде бұл мәліметтің рас екенін айтып отыратын. Қате кеңес үкіметі толтырған құжаттарда кеткен. Бұл құжаттарда атамыздың аты-жөні Илеубаев Кунтай Илубаевич деп жазылады», дейді Асқар аға. Алайда өзге деректің барлығы – туған күні, айы, жылы – 3 наурыз 1907 жыл; әйелінің аты-жөні – Ахат Күлдебаева, әскери атағы – қызыл әскер сарбазы, қатардағы жауынгер; тұтқынға түскен уақыты – 1942 жыл 13 маусым; тұтқынға түскен жері – Воронеж; лагері – Шталаг VI K (326); лагерьдегі тұтқын нөмірі – 67 454; тағдыры – тұтқында қаза болған деп толық жазылған. Сайт ұсынған құжаттардың ішінде тіпті немістердің өздері толтырған картатека да бар. Картатекада қаламмен жазылған «Умер. 13.4.44.» деген жазуды да анық оқуға болады. Құжатта қатардағы жауынгер Күнтай Елубаевтың 1942 жылдың 13 маусымда тұтқынға түскені де көрсетілген.
«Мемориал» осы құжаттардың негізінде Асқардың атасының қайда жерленгенін де нақтылап берген. Қан майданда жат жерде опат болған қазақтың мәңгілік дамыл тапқан зираты Калининград облысындағы Багратионовский муниципалды округінің Нагорное дейтін ауылдың оңтүстік-батыс бетіндегі екі шақырымдай жерде орналасқан екен. Ресми атауы – «Шталаг 1А Штаблак әскери тұтқындар лагерінің халықаралық зираты».
«Бауырластар зираты орманның ішінде екен, – деп әңгімені жалғады жұбайы Жайнагүл. – Ол жаққа екі шақырымдай жаяу жүріп бардық. Ресми деректерге қарағанда, қабірде 1939-1944 жылдары қаза тапқан лагерь тұтқындары жаппай жерленген. Бұл мәлімет қабірге кіреберісте орнатылған тасқа да қашалып жазылған. Зираттың оң жағында кеңес жауынгерлері, ал сол жағында француз, поляк тұтқындары жатыр. Кеңес әскері жауынгерлерінің тізімі жазылған ұзын қабірдің кей тұстарына марқұмдардың фотосуреттері, гүл шоқтары қойылған. Соған қарағанда біз сияқты кей азаматтар аталарын осы зираттан тауып, тағзым еткен болуы керек. Егер ұзын тізімге көз салсаңыз, қазақ, тәжік, татар, орыс есімдері өте көп кездеседі. Қабірдегі қаралы тізім толық болмауы да мүмкін. Себебі мұнда тек аты-жөндері анықталған, деректері табылған жауынгерлердің ғана тізімі жасалған».
Қабір басына тұрғызылған мемориал 1989 жылы ашылған. Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылдың наурызында зиратта жерленген 3 мыңнан астам кеңестік әскери тұтқынның жеке деректері анықталған. Жайнагүлдің айтуынша, зиратқа кіреберісте ілінген тақтайшада «Лагерьде поляк, француз, бельгиялық, кеңес әскерінің қатардағы жауынгерлері мен сержанттары болды. Жерлеу 1939-1944 жылдары өткізілді. Поляктар, француздар, бельгиялықтар бөлек қабірлерге, ал кеңес әскери тұтқындары ортақ қабірге жерленді. 1971 жылы 164 қабір қайта қазылып, француз әскери тұтқындарының қалдықтары эксгумацияланды» деген жазба бар.
Дерек пен дәйек
1А Штаблаг. Аббревиатура қайдан шыққан? Лагерьдің атауын естігенде осы сұрақтар бірден қылаң берді. Кейін білдік, сөйтсем, бұл сөз бен санның мағынасы біреу-ақ. Ол – ажал. Тарихи деректерге қарағанда, тұтқындарға арналған халықаралық лагерь 1939 жылы әскери полигон жерінде салынған. Лагерьдің ең алғашқы тұтқындары – «Поможе» әскерінің 40 мың поляк жауынгері сол жылдың қыркүйек айында түскен. Кейіннен ажал апанына бельгиялықтар, француздар, итальяндықтар келе бастайды. Кеңес әскери тұтқындары 1941 жылдың шілде-тамыз айларында жеткізіледі. Мұнда мыңдаған есім сөнген, мұнда мыңдаған тағдыр үзілген. Лагерьге түскен жауынгердің барлығы дерлік хабар-ошарсыз кеткендер санатында.«Атамыздың сүйегі нақты қай зиратта жатқаны туралы хабарды Қаратай әкеміз естіп-біліп кетті. Көзі тірі кезінде шамам жетсе өз аяғыммен барып, туған жердің бір уыс топырағын салармын деген. Бірақ, өкінішке қарай, ол арманы орындалмады. Әлемді әбігерге салған пандемия басталып кетіп, біздің жоспарымыз да кейінге ысырылып қалды. Осылайша, тек биыл ғана сәті түсіп, атамыз жатқан қабірге барып, қазақ жерінен ала барған бір уыс топырағымызды салып, әке аманатын орындап келген жайымыз бар. Калининградта мұсылмандар мешіті бар екен. Сол жерге барып құран оқыттық», дейді Асқар Мырзатайұлы.
«Бұл, әрине, кей адамдар үшін ары кетсе бір әулеттің қуанышы, жетістігі болып саналар. Алайда Калининградтағы қабір басына барып, қаралы тізімді көргеннен кейін, сол тізімдегі қазаққа тән есімдерді оқығаннан кейін осы әке аманатын соңына дейін жеткізген ісіміз өзгелерге де түрткі болса екен деген ой пайда болды. Әрине, жат жерден мәңгілік мекенін тапқан бауырларымыздың арасында артында іздеушісі жоқ, ұрпақ сүйе алмай қыршыннан қиылғандар да бар болар. Ал атасы соғысқа кетіп, соңынан ілік болар бір мәлімет таба алмай сарсаңға түсіп, соңғы үмітін үзген жандар әлі де бар ғой. Біз соларға үміт сыйлағымыз келеді. Мүмкін, сол қабірде жатқан болар. Мүмкін біздің осы сапарымыз, зиратқа жеткенге дейін жинақтаған «тәжірибеміздің» біреу болмаса біреуге көмегі тиер. Аманаттың жүгі ауыр болатынын жүрегіммен сезінгенім рас. Өлгенді сыйлап, аруаққа құрмет көрсету қанымызға сіңген қасиет қой. Шыны керек, үлкен әкемнің сенімін, ақырғы сөзін орындай алмай қалар ма екем деген қорқыныш та болды. Осы аманатты орындауға, осындай жауапкершілікті мойныма алуға әке орнына әке, бауыр орнына бауыр болған үлкен ағам Ардақ Күнтаевтың берген тәрбиесі де түрткі болғаны рас. Биыл бәрін ысырып тастап, белді буып Жайнагүл екеуміз жолға шықтық. Осы аманатты орындау маған бұйырыпты. Үлкендердің батасын алдық, енді өкінішім жоқ. Шындап келгенде, бұл өлген ата-бабамызға емес, бізге – тірілерге керек...».
Асқар ағаның осы сөзінен кейін ғана бұл кісілердің редакцияға не үшін келгендерін түсінгендей болдық. Әулетінің қуанышымен бөлісіп, әке алдындағы перзент парызын орындағанын мақтан ету үшін емес, соғыс дейтін сұрапыл солдырып кеткен талай тағдырдың ең болмаса біреуіне болса да үміт сыйлау екен ғой ойлары...
ТҮЙІН. Бір жапырақ қағаздың артын қазбалап жүріп атасының сүйегін іздеп тауып, топырақ салып қайтқан Асқар аға: «Күнтайдың өз әкесі Елубай 1977 жылы 90-ға таяп көз жұмды», деді. Ал Күнтайдың қос ұлы Қаратайдан – 10, Мырзатайдан 5 ұл-қыз тараған. Қан майданда қырыққа келмей шейіт болған Күнтайдың шырағының сөнбегені болар бұл.