Шекара шебі – бір бөлек тылсым дүние. Алайда уақыт озған сайын шекараға төнген қауіп пен қатердің де келбеті де өзгерді. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялармен қатар шекара кеңістігіндегі заң бұзушылық та мың құбылды. Ұлы дала батырларының бүгінгі ізбасарлары – шекарашылардың мойнына артылған жүк әсте жеңіл емес.
Жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында тау мен тас, шөл мен шөлейт, қыр мен қырат, су мен суат та кездеседі, бір сөзбен айтқанда, табиғат жағдайы мен ауа райы алуан түрлі. Аптап ыстық, қар-жаңбыр, қақаған аяз, ақ түтек боранға төтеп беріп, қайыспай елін күзету – шекарашылардың үйреншікті ісі. Абыройлы қызметтің ауыр жүгімен қоса бабалар аманатын бірге арқалаған Отан сақшылары халық сенімінің үдесінен шығып келеді.
Халқымыздың қонақжай екені әлемге аян. Сол үшін де бізбен танысып-араласуға, әсем табиғатымызды тамашалауға құмартып, сары даламызға ағылып жатқан туристер саны да жыл санап артып келеді. Заңды қақпалар арқылы елімізге күн сайын жүз мыңдаған адам кіріп-шығады. Олар әуе жолымен, ел шебіндегі автокөліктік бақылау-өткізу пунктерінде көлікпен, теміржол бекеттерінде пойызбен, оған қоса теңіз арқылы кемемен келеді. Қандай жолмен келсе де қонақтарды ең алдымен шекарашылар қарсы алады. Тәуелсіз Қазақстанға кіретін қақпа болып саналатын бұл бөлімшелер еліміздің құшағы іспеттес. Достық көңіл білдіргендерді құшағымызды айқара ашып қабылдауға дайын болғанымызбен, олардың арасында қара ниет, арам пиғылды «қой терісін жамылған» қылмыскерлердің де жоқ емесі ақиқат.
Қысқаша атап өтсек, жыл басынан бері ел қорғандары жүзге жуық шекара бұзушыны ұстады, 2,8 млрд теңге декларацияланбаған валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалдануының алдын алды. Шекарашыларға бұрыннан таныс, тіпті күнде кездесетін заңсыз қару-жарақты, оқ-дәріні, мемлекеттік шекара арқылы өтуге тыйым салынған басқа да контрабандалық заттарды тасымалдау әрекеттері сияқты «дәстүрлі» қауіп-қатермен бірге, соңғы кездері синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін тасымалдау жағдайлары белең алып тұр. Олардың арасында «Альфа-PVP» және «Мефедрон» атты есірткі заттарын елімізге кіргізуге тырысып баққандардың дені артып келеді. Одан бөлек, заңсыз көші-қонның күннен-күнге өрши түскені байқалады. Алыс-жақын шетел азаматтары мен өз отандастарымыздың жалған және бөтен құжаттарды пайдалану фактілері, сондай-ақ қос елдің азаматтығын иеленгендер де анықталып жатады.
Ел іргесінің берік болуы, біріншіден, шекарашылардың өз ісін жауапты атқаруы мен кәсібилігіне байланысты болса, екінші жағынан шекарамыздың заманауи техникамен жабдықталуына байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін басталған Мемлекеттік шекараны шегендеу жұмыстары, оның ішінде инженерлік, техникалық тұрғыда озық технологиялармен жарақтандыру жалғасып келеді. Қазіргі кезде шекарашы жауынгер заманауи технология жетістіктерін қолдану арқылы бөлімшеде отырып-ақ белгіленген учаскені күзете алады. Жаңа техника, ұшқышсыз басқару аппараттары, дрондар, бейне камераларды қолдану қолға алынуда.
Қазіргі уақытта цифрландыру мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Кейбір жерлерде автоматтандырылған «Q-Gate» паспорттық бақылау, «Vocord» тұлғаны тану жүйелері пайдаланылады. Сонымен қатар жаңа технологияның көмегімен жолаушының шекарадан заңды түрде өздігінен өте алатын мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл ретте ол құжатын арнайы аппаратқа қойып, камераға қараса болды. Үкіметтің қолдауымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму және қаржы министрліктері өткізу пункттерінің жаңа заманауи инфрақұрылымын құру бойынша жұмысты бастады.
Жоспар бойынша алдағы жылдары өңірлерде бірнеше жаңа шекара бөлімшелері бой көтеріп, сол жерде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне түгел жағдай жасалмақ. Осылайша, егемен еліміз шекарасы берік, айбынына айбары сай, абыройы асқақ мемлекетке айналары сөзсіз.
Рауан ҚАБДОЛДАНОВ,
ҰҚК Шекара қызметі «Отан сақшысы» газетінің редакторы, подполковник