• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Тамыз, 2023

Жұртшылықпен жүздесті

162 рет
көрсетілді

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысына барып, бірқатар нысанның жұмы­сымен танысты. Сондай-ақ өңір тұрғын­дарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Сенатор «Мұнай Филд Сервис» ЖШС-ға, спорт кешені мен жатақханаға арнайы барды. Ұжыммен кездесуде жұмысшылардың еңбек шарттарына, өндірістік міндеттердің орындалуына және алдағы жоспарларына назар аударды.

Депутат Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуде мұнайлы өлкеде кәсіпкерлік саласын дамыту, инфрақұрылым мен инвестициялық тетіктерді жаңғырту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Сүйіндік Алдашев мәслихат депутаттарымен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесті. Күн тәртібінде «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС-ның шекті көтерме құны мен қызметі шегінде газ бағасын белгілеу мәселелері көтерілді.

Бұған дейін Сүйіндік Алдашев МАЭК-тің басшысы Жаңбырбай Матаевпен кездесіп, комбинаттағы жөндеу жұмыстарымен танысқан болатын.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырма берді. МАЭК коммуналдық меншікке берілгеннің арқасында, сондай-ақ бөлінетін қаржыға байланысты облыс орталығындағы су тапшылығы кезең-кезеңімен шешіледі деп есептейміз», деді сенатор.

Сенат депутаты «Каспий тұщыту зауытына» да арнайы ат басын бұрды. Кездесу кезінде теңгерімді тәсілдің маңыздылығы сөз болып, бірлескен жұмыстың жай-жапсарына тоқталды. Алдағы уақытта зауыт тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суын тұщытады деп күтілуде.

Сенатор облысқа сапары аясында әлеуметтік нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Нақты айтқанда, Шетпе ауылының инфра­құ­рылымын жақсарту, орта мектепті кеңейту жұмыс­тарына назар аударды және аудандық ауруханалар мен басқа да нысандарға барды. Сүйіндік Алдашев нысандардың белгіленген мерзімге сәйкес сапалы және уақтылы тапсырылуы қажет екенін тілге тиек етті.

 

* * *

Парламент Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысы Құрманғазы ауданы­ның тұрғындарымен кездесті.

ФОТО: aikyn.kz

Сенатор Атырау облысының әкімімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен және ардагерлермен кездесті. Кездесуге қатысушылар жол, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыз су, электр энергиясы, отын бағасы, медициналық және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар депутат Сенаттың заң шығару қызметі туралы айтып, заңдардың жекелеген нормаларына назар аударды.

«Қазіргі таңда халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне қатысты 17 заң бар. Заңнаманың барлық нормалары біріктіріліп, әлеуметтік кодекске енгізілді. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Бұл құжат туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдауды, жұмысқа орналасуды, еңбекті қорғауды, әлеуметтік сақтандыру шараларын, қиын жағдайлар­да әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ қартайған шақта қолдау көрсету мәселелерін реттейді», деді Әлібек Нәутиев.