• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Тамыз, 2023

Шудың бойындағы мәдениет үйі

325 рет
көрсетілді

Шу ауданына қарасты Өндіріс ауылының тұрғындары елді мекенге жаңа мәдениет үйі керектігін жиі айтып жүретін. Ауыл жұртшылығын алаңдатқан мәселе «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шешімін тапты. Мәдениет үйінің ашылу салтанатына өңір басшысы Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты.

Деректерге зер салсақ, жо­ба­лық құны 256,9 миллион тең­гені құраған жаңа ғимарат­тың құрылыс жұмысын «Тараз Ин­вест Құрылыс» ЖШС жүргізіпті. Ал мәдениет үйі 100 орынға ар­налған. Заманауи үлгіде салын­ған жаңа мекемені аралап көрген жергілікті жұрт бірер жыл бойы ай­тылған басты мәселенің оңынан шешілгеніне дән риза.

«Мемлекеттің өркендеуі жо­лында мәдениет пен өнер сала­сының алатын рөлі зор. Өйткені – мәдениет өнер мәйегі. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді, бабалардан мирас болып қалған өнерімізді өрге шы­ғарамыз десек, мәдениет сала­сын дамытуға айрықша ден қой­ғанымыз абзал. Бүгінгі таң­да өңірімізде 500-ден аса мәде­ниет нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Соңғы жылдары өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде айтарлықтай өзгеріс бар. Маңызы зор нысандар дер кезінде салынып, пайдалануға бе­ріліп жатыр. Бастысы бой көтер­ген ғимараттарда еңбек ете­тін азаматтар жергілікті халықпен біте қайнасып, елдің ертеңі үшін аянбай жұмыс істеуі керек», деді өңір басшысы.

Өңірде өткен жылы 4 нысан­ның құрылысы қолға алынса, 32 мәдени нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Ал осы жылы 18 мәде­ни нысанның құрылысын жүргізу үшін қазынадан қаражат қарас­тырылған. Оның 9-ы жыл соңы­на дейін пайдалануға беріл­мек.

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы