• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Футбол 21 Тамыз, 2023

Үмітіміз – қалған екі командада

164 рет
көрсетілді

Өткен аптада футболдан Еуролига ойындары өтіп, сол жарыста бақ сынаған қазақстандық үш команданың екеуі жеңіліс тапса, біреуі жеңіске жетті. Ең өкініштісі, еліміздің ең үздік ұжымы – «Астана» УЕФА-ның Еуропа лигасында өз қарсыластарына ойсырай ұтылды.

«Астананың» тас-талқанын шығарды

Өз елімізде өткен ойын­да «Астана» Болгарияның «Лудо­горецін» 2:1 есебімен ұтқан еді. Қарымта матчта жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетеді деп үміттендік. Өйткені былтырғы маусымда ел чемпионы атанған елордалық команданың сапында мықты ойыншылар жетерлік. Оның үстіне жыл сайын олар Еуролига турнирлеріне қатысып, мол тәжірибе жинады. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Разградтағы бәсекеде алаң иелері «Астананың» тас-талқанын шығарды.

Кездесудің 25-минутында Бернард Текпетей есеп ашса, арада төрт минут өткен­де Дембо Дарбо таразы басын теңес­тірді. Сол кезде «Уһ» деп бір терең тыныстадық. Бұл есеп бірінші кезең­нің соңына дейін сақталды. Алайда үзіліс­т­ен кейін «Астананы» мүлде танымай қалдық. Олардың жиі қателескені былай тұрсын, қарсыластарының қарқы­нына ілесе алмай, дәрменсіз күй кешті. Болгариялық футбол­шылардың қос қапталдан қысқаны және орта тұстан ұйым­дастырған шабуылдарының барлы­ғы дерлік нәтижелі болды. Екінші кезең­де Бернард Текпетей (50-минут) екінші голын соқса, Якуб Петровски де (47 мен 58-минуттар) дубльдің авторы атанды. Тағы бір допты Кирил Десподов (67-ми­нут) қақпаға тоғытты. Сонымен қатар 76-минутта қонақтардың жартылай қорғаушысы Душан Йованчичтің алаңнан қуылғанын да айта кеткен жөн. Сөйтіп, Разградта 1:5 есебімен ұтылған «Астана» Еуропа лигасындағы жорығын аяқтады. Енді олар Конференция лигасы­ның плей-офф кезеңінде бақ сынайды.

 

«Тобылды» тобықтан қаға алмады

УЕФА-ның Конферения лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» мен «Дерри Сити» әбден тіресті. Содан бір апта бұрын Қостанайда өткен ойын 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген-ді. Дублиндегі «Таллахт» стадионында матчтың 15-минутында Уильям Петчинг 11 метр­лік нүк­теден нысананы дәл көздегенде, көңіліміздің пәс бол­ға­нын несіне жасырайық. Алда әлі 1 сағат 15 минуттай уақыт бар. Сол уақыт аралығында ирландиялық футболшылар үздіксіз шабуылдап, тағы бірнеше допты торда тоғытатын шығар деп ойладық. Иә, солайы солай болды. Бірақ «Тобылдың» ойыншылары сал­қынқандылық танытып, сол есепті бәсекенің соңына дейін сақ­тап қалды.

Қосымша уақытта да жеңімпаз анық­тал­мады. Содан қос команда пенальти соқты. Алғашында ортаға шық­қан төрт ойыншының барлығы да нысананы дәл көз­деді. Олар – Патрик Макэле­ни, Брэндон Кавана, Даниэль Мул­лен, Джордан Макэнефф («Дерри Сити») және Рамазан Оразов, Мильян Вукади­но­вич, Евгений Шахов, Роман Ас­ранқұлов («Тобыл»). Одан кейін ирландиялық жартылай қорғаушы Бен Доэрти мен қазақстандық команда сапындағы босниялық легионер Йован Илич мүлт кетті. Соңында алаң иелері қатарынан Киан Кавана ғана гол соқса, «То­былдың» ойыншылары арасынан Боян Младжович пен Павел Киреенко мергендік танытып, өз командаларын плей-офф кезеңіне алып шықты. Есеп – 6:5.

 

«Сепси» сан соқтырып кетті

Конференция кубогіне қа­тысқан тағы бір командамыз – «Ақтөбе» жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Румынияның Сфынту-Георг қаласында жер­­гілікті «Сепсимен» өткен ал­ғашқы матч 1:1 есебімен тең аяқталғанда, жерлес­теріміздің келесі кезеңге шығатынына ешкімнің күмәні болмады. Алай­да Андрей Карповичтің шә­кірттері бұл додаға даяр болмай шықты.

Бәсеке барысында қос коман­­да алма-кезек шабуылдар ұйым­дас­тырғанымен, бір са­ғаттан аса уақыт бойы олар бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Бұл ретте «Ақтөбенің» ойыншылары белсенді көрінгені рас. Бірақ есепті қонақтар ашты. Кездесудің 66-минутында Николае Пэун нысаны дәл көздеді – 1:0. Сол есеп ойынның соңына дейін сақталды. Нәтижесінде, «Сепси» аталған жарыстың плей-оффына жолдама алса, «Ақтөбе» үшін Еуролигадағы жорық аяқталды.