Өткен аптада футболдан Еуролига ойындары өтіп, сол жарыста бақ сынаған қазақстандық үш команданың екеуі жеңіліс тапса, біреуі жеңіске жетті. Ең өкініштісі, еліміздің ең үздік ұжымы – «Астана» УЕФА-ның Еуропа лигасында өз қарсыластарына ойсырай ұтылды.
«Астананың» тас-талқанын шығарды
Өз елімізде өткен ойында «Астана» Болгарияның «Лудогорецін» 2:1 есебімен ұтқан еді. Қарымта матчта жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетеді деп үміттендік. Өйткені былтырғы маусымда ел чемпионы атанған елордалық команданың сапында мықты ойыншылар жетерлік. Оның үстіне жыл сайын олар Еуролига турнирлеріне қатысып, мол тәжірибе жинады. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Разградтағы бәсекеде алаң иелері «Астананың» тас-талқанын шығарды.
Кездесудің 25-минутында Бернард Текпетей есеп ашса, арада төрт минут өткенде Дембо Дарбо таразы басын теңестірді. Сол кезде «Уһ» деп бір терең тыныстадық. Бұл есеп бірінші кезеңнің соңына дейін сақталды. Алайда үзілістен кейін «Астананы» мүлде танымай қалдық. Олардың жиі қателескені былай тұрсын, қарсыластарының қарқынына ілесе алмай, дәрменсіз күй кешті. Болгариялық футболшылардың қос қапталдан қысқаны және орта тұстан ұйымдастырған шабуылдарының барлығы дерлік нәтижелі болды. Екінші кезеңде Бернард Текпетей (50-минут) екінші голын соқса, Якуб Петровски де (47 мен 58-минуттар) дубльдің авторы атанды. Тағы бір допты Кирил Десподов (67-минут) қақпаға тоғытты. Сонымен қатар 76-минутта қонақтардың жартылай қорғаушысы Душан Йованчичтің алаңнан қуылғанын да айта кеткен жөн. Сөйтіп, Разградта 1:5 есебімен ұтылған «Астана» Еуропа лигасындағы жорығын аяқтады. Енді олар Конференция лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынайды.
«Тобылды» тобықтан қаға алмады
УЕФА-ның Конферения лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» мен «Дерри Сити» әбден тіресті. Содан бір апта бұрын Қостанайда өткен ойын 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген-ді. Дублиндегі «Таллахт» стадионында матчтың 15-минутында Уильям Петчинг 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздегенде, көңіліміздің пәс болғанын несіне жасырайық. Алда әлі 1 сағат 15 минуттай уақыт бар. Сол уақыт аралығында ирландиялық футболшылар үздіксіз шабуылдап, тағы бірнеше допты торда тоғытатын шығар деп ойладық. Иә, солайы солай болды. Бірақ «Тобылдың» ойыншылары салқынқандылық танытып, сол есепті бәсекенің соңына дейін сақтап қалды.
Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Содан қос команда пенальти соқты. Алғашында ортаға шыққан төрт ойыншының барлығы да нысананы дәл көздеді. Олар – Патрик Макэлени, Брэндон Кавана, Даниэль Муллен, Джордан Макэнефф («Дерри Сити») және Рамазан Оразов, Мильян Вукадинович, Евгений Шахов, Роман Асранқұлов («Тобыл»). Одан кейін ирландиялық жартылай қорғаушы Бен Доэрти мен қазақстандық команда сапындағы босниялық легионер Йован Илич мүлт кетті. Соңында алаң иелері қатарынан Киан Кавана ғана гол соқса, «Тобылдың» ойыншылары арасынан Боян Младжович пен Павел Киреенко мергендік танытып, өз командаларын плей-офф кезеңіне алып шықты. Есеп – 6:5.
«Сепси» сан соқтырып кетті
Конференция кубогіне қатысқан тағы бір командамыз – «Ақтөбе» жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Румынияның Сфынту-Георг қаласында жергілікті «Сепсимен» өткен алғашқы матч 1:1 есебімен тең аяқталғанда, жерлестеріміздің келесі кезеңге шығатынына ешкімнің күмәні болмады. Алайда Андрей Карповичтің шәкірттері бұл додаға даяр болмай шықты.
Бәсеке барысында қос команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, бір сағаттан аса уақыт бойы олар бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Бұл ретте «Ақтөбенің» ойыншылары белсенді көрінгені рас. Бірақ есепті қонақтар ашты. Кездесудің 66-минутында Николае Пэун нысаны дәл көздеді – 1:0. Сол есеп ойынның соңына дейін сақталды. Нәтижесінде, «Сепси» аталған жарыстың плей-оффына жолдама алса, «Ақтөбе» үшін Еуролигадағы жорық аяқталды.