• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Тамыз, 2023

Визасыз режім: Барыс-келіс артады

266 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Сейшел аралдары өзара визасыз режім орнатпақ. Уағдаластық жөніндегі келісімнің жобасы «Ашық НҚА» мемлекеттік веб-порталында жарияланды. Жобада бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады делінген. Құжатты талқылау 28 тамызға дейін көпшілікке қолжетімді.

Жобаға сәйкес, Сейшел азамат­тары келісімде көрсетіл­ген жарамды жол жүру құжат­тары­мен Қазақстан аумағына бір немесе бірнеше рет келуге, шығуға, транзитпен өтуге, уақытша болуға визалық талаптардан босатылады. Ал екінші тарапқа олар түскен күннен бастап 180 күнтізбелік күннің әрбір кезеңінде 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге бара алады. Бұл ретте тараптардың бiрiнiң азаматтары, екiншi тарап мемлекетiнiң аумағында кәсiпкерлiкпен айналысу, жұ­мысқа орналасу немесе оқу үшiн көрсетiлген ең жоғары мер­­зiм­­нен ұзақ тұруға ниеттен­се, мін­детті түрде виза алуы шарт.

Қазақстан Республикасының жол жүру құжаттарына диплома­тиялық паспорт, қызметтік төл­құжат, отандастарымыздың төл­құ­жаты, қайтару туралы куә­­лігі жарамды. Үкімет қаулы­сының түсіндірме жазбасында бұл жоба теріс әлеуметтік-эконо­ми­калық, құқықтық және басқа да салдар­ға әкеліп соқпай­ды делінген. Жал­пы, құжат­ты қабылдау туралы рес­пуб­лика­лық бюджет комис­сия­сы­ның 2023 жылғы 13 мау­сым­дағы №10 хаттамасымен мақұлданыпты. Ол күшіне енсе, республикалық бюджетке кіріс биылдың 3-4 тоқсанында және 2024-2025 жылдар кезеңінде 345 мың теңге мөлшерінде азаятыны көрсетілген.

Сондай-ақ Қазақстан мен Сан-Марино Республикасы арасында визасыз режімді енгізуді жоспарлап отыр. «Ашық НҚА» сайтында екі елдің арасындағы визалық талаптардан өзара бо­сату туралы келісімге қол қою туралы қаулының жобасы жарияланған-ды. Осы құжат­қа сәйкес, азаматтар Сан-Ма­риноға алты ай сайын 90 күн визасыз жүре алады.

«Шенген келісімінің уағда­ласу­шы тараптары мемле­кеттерінің бірінің аумағына бірнеше рет келу-кету бо­йынша Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мер­зімде бір мәрте немесе бір­неше мәрте келуге, кетуге, транзит арқылы өтуге және уақыт­ша болуға визалық талаптардан босатылады. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 90 күндік көрсетілген мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады», делінген қаулының жобасында.

Бұған дейін еліміз Еуропада орналасқан бірқатар елмен визасыз режімді ресімдеген болатын. Олардың ішінде Албания, Черногория мен Молдова бар.

Айта кетейік, негізі былтыр туристік қызметтерден ел қа­зы­насына рекордтық 389 млрд теңге салық түскен. Оның ішінде еліміздегі орналастыру орындары 183 млрд теңге табыс тапты. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, Отанға алыс шет мемлекеттен ат басын бұрған 1 турист орта есеппен 1 500 доллар мөлшерінде кіріс әкеледі. Демек әр шетелдік 2 жұмыс орнын ашуға сеп болады деген сөз.

– Елімізде кейінгі екі жылда туризм саласында жұмыс істейтіндердің саны айтарлықтай өсіп, 500 мыңға жуықтады. Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға дейін туризм саласында 800 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Еске сала кетсек, елімізде шетелдік туристер төлейтін жарнаның көлемі өзгерген еді. 2023 жылдың басында 30-дан астам қала мен ауданда 1-5% көлеміндегі bed tax бекітілді. Алайда кәсіпкерлер мен қонақүй иелері туристік жар­наның көлем мөлшерін қайта қарауды сұрады. Соған сәйкес пайызбен емес, айлық есептік көрсет­кіш­пен есепте­леді. Осылайша, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында bed tax 0,5 АЕК (1 725 теңге), ал қалған өңірлерде 0,2 АЕК (690 теңге) болды. Министрліктің дерегінше, былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келген.