• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 21 Тамыз, 2023

Дертке тосқауыл бастама

196 рет
көрсетілді

Шымкенттегі ЖИТС орталығының дәрігерлері АИТВ инфекциясын жұқтырмаудың тыс әдісін 2021 жылдан бері қолданып келеді. Бұл аурудың алдын алу үшін қажет. Тың әдіс деп отырғанымыз АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі бар сау адамның арнайы вирусқа қарсы препараттарды қабылдау арқылы инфекцияға қарсы тұруы. Бүгінге дейін шаһардағы ЖИТС орталығында 100-ден аса адам аталған терапиядан өткен. Жалпы, жанасуға дейінгі профилактика көптеген емдеу мекемесінде жүргізіледі.

Бұл ретте дәрігерлер қауіпті топтағы азаматтарға профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Қауіпті топқа күйеуі немесе әйелінде АИТВ инфекциясы бар жұп­тың серігі, есірткі қолданатындар, тәнін сау­далаушылар, бейберекет жүретін­дер жатады. Шымкент қаласы ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынба­сары Қожахмет Машировтің айтуынша, мұн­дай алдын алу іс-шарасын ДДҰ тек­серіп, күні бұрын препарат қабылда­ған қауіпті топтағы адамдардың вирус жұқ­тырмағанын анықтаған. Демек профилактика өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Шынымен де, Шымқалада бүгінге дейін профилактикадан өткендер арасында АИТВ жұқтыру жағдайлары тіркелмепті.

Айта кетейік, ЖИТС орталығында қа­уіпті топтағы азаматтарға препараттар те­гін беріледі. Биыл орталық 500-ден аса па­циентке аталған терапияны жүргізбекші. Мамандардың мәлімдеуінше, жанасуға дейінгі терапия АИТВ инфекциясының алдын алып қана қоймайды, оған шалдық­қан­дардың санын азайтуға да көмегін тигізеді.

Қ.Машировтің баяндауынша, Шым­кентте АИТВ жұқтырған науқас алғаш рет 1993 жылы тіркелген. ЖИТС орталығының өзі 1989 жылы құрылыпты. Содан бүгінге дейін 2 603 адамнан инфекция анықталған. Ал жалпы ЖИТС орталығында 1 711 науқас тіркеуде тұр. Олардың жасы 20 мен 50 жас аралығын құрайды. Дегенмен АИТВ-мен тіркеуде тұрғандар ішінде жастар көп. 15-49 жас арасында ауру жұқтырғандардың орташа статистикасы республикада 0,31% болса, мегаполистегі индикатор – 0,23%. Кейінгі 5 жылдан бері АИТВ инфекциясы бірқалыпты деңгейде сақталып тұр. ЖИТС орталығының маманы жұғу қаупі жоғары топтарға бейберекет жыныстық қатынасқа түсетіндерді, есірткі қолданатындарды және АИТВ-ға шалдыққан жүкті әйелдерді жатқызады. Дәрігердің мәлімдеуінше, ересектердің кемінде 1%-ы есірткі пайдаланады. Бұл жерде әңгіме ине арқылы есірткі қолданатындар жайында болып отыр. Психотропты затты басқалай жолмен қабылдау вирусты жұқтыруға алып келмейді. АИТВ инфекциясы тек бірнеше рет қолданылған ине арқылы тарайтыны белгілі. Ал маманның пайымынша, жыныстық қатынаспен жұғу жағдайының бірінші кезекте тұруы – түсінікті жайт. Өйткені бұл – бүкіл адамзатқа тән табиғи-физиологиялық құбылыс. Мұнда тек сақ­тану мәселесіне барынша көңіл бөлу керек. Сонымен бірге құрал-саймандар дұрыс стерилизациядан өтпесе, сән салондарында, стамотологиялық кабинеттер мен емдеу мекемелерінде де жұқтыру қаупі туындайды. Сән салонында құрал-саймандар ультракүлгін сәулемен зарарсыздандырылады. Ал ультракүлгін сәуле тек ауадағы микробтарды жоюға жарайды. Кеңес заманында инелер суда қайнатылып, стерелизация жасалатын. Кейін медицина­лық зерттеулер 100 градус температурада кей­бір бактериялар мен вирустар өлмей қалатынын анықтаған. Қазір зарарсыздандыру 100 градустан да жоғары температурада жүргізіледі. Таза стерелизациядан өтпеген құрал-саймандар инфекция көзі болуы мүмкін деген күдіктің болуы сондықтан.

Инфекцияның жүкті әйелден балаға өтуі шаһарда осыдан 3 жыл бұрын орын алыпты. Шетелден келген келіншек ешқандай емдеу мекемесіне тіркелмей, алдын ала қаралмай бір үйде босанып қойған. Содан кейін мұндай жағдай болмапты. Оның бір себебі бүгінде жүкті әйелдер босанғанша екі рет тексеруден өтеді. Бұл – елімізде 15 жылдан бері қолданылып келе жатқан практика. Бұған қосымша 3 жылдан бері әйелдердің күйеулерін де тексеруден өткізу міндетке айналған.

АҚШ-тың тағам мен дәрі-дәрмек сапасына жауапты басқармасы (FDA) АИТВ вирусына қарсы жаңа инъекциялық препарат Sunlenca-ны қолданысқа енгізуге рұқсат берді. Бұл әртүрлі емдік шарадан қажыған науқастарға зор көмек болды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа препараттың қолдану жиілігі өте ұзақ болады және дәрі-дәрмектің жанама әсе­рінен қиналған пациенттерге үлкен жеңіл­діктер әкеледі. Gilead Sciences компания­сы шығарған жаңа дәрілік зат ағзадағы вирустық жүктемені азайтып, оның таралуын тежейді. Вирустың әртүрлі сатыдағы дамуын тоқтатады. Клиникалық тәжірибеде препаратты қабылдаған науқастардың 83%-ның ағзағында вирус мөлшері аза­йып, бір жыл көлемінде қан сынамасында көрінбеген. Сонымен Sunlenca АҚШ-тың тағам мен дәрі-дәрмек сапасына жауапты басқармасының (FDA) мақұлдауымен қабылданған АИТВ ауруын емдейтін алғашқы жаңа нұсқадағы препарат. Сонымен бірге бұл – тек АИТВ-ға ғана емес, бүкіл ретровируспен күресетін вирусқа қарсы дәрі. Онымен емделу үшін науқастар алғашқы кезде емдік шараны ­таблеткамен бастап, кейін 6 ай сайын инесін қабылдап тұрады.

ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қ.Машировтің айтуынша, емдеу хаттамасына осы тәсіл енгізіліпті. Енді тек шетелдік дәріні елге кіргізуге құзырлы мекеменің рұқсаты ғана қалып отыр. Уақыттың өтуімен вирусқа қарсы препараттар да жетіліп келеді. Алғашқы кезде науқастар күніне 5-6 таблетка қабылдайтын. Оның жанама әсері де күшті еді. Қазір бір күнде бір-ақ таблетка ішеді. Ендігі жерде 2-3 айда бір рет қана ине қабылдап тұрады.

«ЖИТС орталығына өз еркімен қан сынамасын тапсыратындар өте аз. Көбінесе талдауды қажет ететін жағдайда ғана адамдар қан тапсырады. Бүгінгі таңда ЖИТС-тен болатын өлім-жітім азайғанымен, АИТВ әлі де қауіпті вирус санатынан түс­кен жоқ. Тіпті ДДҰ адамзатқа ең қауіпті 3 аурудың біріншісіне АИТВ инфекциясын жат­қызды. Екінші орында туберкулез тұрса, соңғысына безгекті кіргізді. АИТВ-ның қатерлісі сол – адам инфекцияны жұқ­тырғанын білмей жүре береді. Вирус жалпы қан мен биохимиялық қан сынамаларынан табылмайды. Оған бөлек сынама алынады. Аурудың толық жазылып кетпеуінің себебі, вирус ағзадағы иммунитетке жауап беретін қан құрамындағы CD4 клеткасының ДНҚ-сына жасырын кіріп алады. Сол кезде клетка вируспен күресу үшін антидене бөле бастайды. Алай­да антидененің орнына вирустарды көбейтеді. Өйткені АИТВ вирусында ДНҚ көшірмесін қайталайтын қасиет бар. Сондықтан CD4 клеткасы бойында жасырынып тұрған ол вирусты көре алмайды. Ал дәрілік препарат қандағы АИТВ вирусын өлтіріп, оның санын көбейтпей тежеп ұстап тұрады. Дегенмен әлемде 3 адам АИТВ-дан айыққан. Оған себеп олардың ағзасында CCR5 гені болған. Сонымен бірге науқастар сүйек миын ауыстырған. Алайда аталған ген миллионнан бір адам­да ғана кездеседі. Ғалымдар вирус анық­талғалы екпе жасау әрекетімен келеді. Бұл мәселеде де қол жеткізген табыстар баршылық. Дегенмен вирус штаммы өзге­ріп отыруына байланысты ғалымдар бір нәтижесін шығара алмай жатыр», деді Қ.Маширов.

Статистика бойынша әлемде АИТВ вирусын жұқтырғандар саны 40 млн-ға жақындапты. Дүние жүзіндегі 15-49 жас аралығындағы адамдардың 0,7%-ы АИТВ вирусымен өмір сүріп жатыр.

 

ШЫМКЕНТ