1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 702 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, маусымдық жұмыстарға 1 970 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 233 адам еңбекке тартылған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 181 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 919 адам (13%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 340 адам (9%), өңдеу өнеркәсібі – 1 147 адам (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 829 адам (6% ).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 768 адам (25,6%), Өзбекстан – 2016 адам (14%), Түркия – 1 411 адам (9,5%). Үндістан – 1 391 адам (9,4%),
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.