• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 23 Тамыз, 2023

Берері мол білім ошақтары

172 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы Астанада белсенді жүзеге асырыла бастады. Бұл ұлттық жоба аясында елордада 24 мектеп салынып, білім беру саласының көкжиегін кеңейтпек.

Жаңа форматтағы оқу орын­дары екі ауысымда 90 мың­ға жуық оқушыға арналған орын ашуға мүмкіндік береді. Мәсе­лен, 24 мектептің 15-і қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасады. Сондай-ақ қаланың елді мекендерінде де жайлы мектептер бой көтереді.

Қазіргі уақытта 15 жайлы мектептің құрылысы басталып жатыр. Осы орайда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектептердің жобаларымен, құ­рылыс жұмысының дайын­дық барысымен танысты. Қа­зіргі уақытта жер учаскелерін да­йындау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Яғни қоршаулар тұрғызу, инженерлік-геологиялық із­дес­ті­ру, қадаларды бітеу, қ­ұ­ры­лыс техникасын жұмылдыру, т.б. жұмыстар.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек өзге де бірқатар мемлекеттік мектептің құрылысымен таныс­ты. Бұл қатарда Тұран даңғылы мен №24 көшенің, Қарасай батыр мен Бұланты, Көксеңгір көшелерінің қиылысындағы мек­­тептер, сондай-ақ қазіргі №17, №27 мектептердің жа­нындағы жаңа ғимараттар бар. Қазіргі уақытта 14 мектептің құ­рылысы жүріп жатыр, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылады. Мектептердің құрылы­сы жаңа аудандарда да, қаланың оң жа­ғалауында да, елді мекен­дерде де жүргізілу үстінде. Олардың бір бөлігі апатты жағ­дайдағы мектептерді алмас­ты­рады.

Бұған қоса елордада 67 642 баланы қамтитын 505 мем­лекеттік, жеке және ве­дом­ст­волық мектепке дейінгі ұйым­дар жұмыс іс­тейтінін атап өт­кен жөн. Бұл ретте қалалық Бі­лім басқармасының басшы­сы Қа­сымхан Сенғазыев балабақ­ша­лардағы орындардың саны туралы мәліметтерді алға тартты.

Оның айтуынша, бүгінгі таң­да «Индиго» электронды порталында кезекке 60 971 мектеп жасына дейінгі бала тіркелген, оның ішінде екі жастан алты жасқа дейінгі балалар саны – 41 818.

Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке бала­бақшаларда орналастыруға 10 317 орын қарастырылған. Оның ішінде қаңтардан сәуірге дейін мем­лекеттік тапсырыс 8 957 орындық 200 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда орналастырылды. Биыл қыркүйек айында қалған 1 360 орынға конкурс өткізу жоспарланған.

«Биыл жұмыс істеп тұрған 500 орындық мектепке дейінгі ұйымның жанынан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабат­та­рында қосымша корпустар ашу жоспарланып отыр. 2023 жылы 17 тамыздан бастап Астана қа­ласының мектепке дейінгі ұйым­дарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқ­талады. Бұдан әрі оқу жылы ішін­де күн сайын жасақтау орындарды босату ке­зінде жүзеге асырылады», деді Қ.Сенғазыев.

«Индиго» порталының мәлі­ме­тінше, астаналықтар балабақ­шаға 22 190 жолдама алды, оның 13 157-сі – мемлекеттік.

Қыркүйек айынан бастап ха­лық­тың әлеуметтік осал топ­тары­нан шыққан балалар Аста­на­ның балабақшаларында тегін тамақ­пен қамтамасыз етіледі. Соны­мен қатар жаңа оқу жылының ба­сында мектепке дейінгі ме­ке­мелер­ тәрбиешілерінің жалақы­сы ­30%-ға өседі.