• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Тамыз, 2023

Оқушы киімі мен құралы қолжетімді ме?

261 рет
көрсетілді

Тоқсан күн алаңсыз тыныққан оқушылар аз күннен кейін алтын ұясымен қайта қауышады. Жайдары жаз мезгілі аяқталар тұста баласын ерткен ата-ана базар жағалап кетеді. Қыркүйекте мұғалімге «норма» керек болса, оқушыға форма керек.

Өңірде аз қамтылған отбасы­лар­дың балаларын киім-кешек­пен қамтамасыз ету мақсатында қан­ша қаражат бөлінді? Қарас­ты­рылған қаржы балаларға мектеп формасын алуға жеткілікті ме? Мың құбылған базар бағасы ха­лықты қалжыратып жібермей ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

– 2023 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған отбасыдан шыққан 49 137 оқушыны әлеуметтік кө­мек­пен қамтамасыз етуге жер­гі­лікті бюджеттен 6,1 млрд тең­ге бө­лін­ді. Киім-кешек және кеңсе та­уар­ларымен қамтамасыз етуге биыл әр балаға 40 567 тең­геден бөлініп, ата-аналардың жеке шот­тарына аударылып жатыр. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» ак­циясы шеңберінде 1-14 тамыз аралығында жекелеген са­наттағы 701 балаға 22 378,496 теңгеге де­меу­шілер есе­бі­нен көмек көр­се­тілді, – деді облыстық білім бас­қар­масының басшысы Мейірхан Өмірбек.

Әншейінде шаһардағы ең арзан базар саналатын «Бек», «Ауыл береке» сауда ор­та­лық­тарында қыркүйек жа­­қындағанда баға де­геніңіз күн сайын құбылады. Аталған базарға бас сұқсаңыз, баласын ерткен ата-анадан аяқ алып жүре алмайсыз. Алайда қоңыр күз таяғанда шарықтаған бағаны көрген олардың да қаба­ғы­нан қар жауып тұрады. Мән-жайды білмек болып қасына жа­қындасаң, «сен жарылқамай-ақ қойшы» деп асаудай тулайтындар да аз емес. Әулиеатада бір баланы киіндіру үшін қанша қаражат керек? Білім қорынан бөлінген 40 567 теңгеге расында да бір оқушыны толықтай киіндіру мүмкін бе?

– Базарға келсең, бағаны кө­ріп жаға ұстайсың. Күн са­йын ша­рық­тап барады. Даярлық сыныбына баратын және 2, 5, 8, 10-сыныптарда оқитын бес балам бар. Әрқайсысына алған киім мен мектепке керек құралдарының бағасын қосқанда бір балаға кем дегенде 100 мың теңге қаражат керек. Әйтеуір қалғанын кейін кө­ремізге салып, әзірге 70 мың жұм­садым. Бұл да аз ақша емес. 40 567 теңге дейсіз бе? Бұл сома кімнің жыртығын жамайды? Киімді ақшаны үнемдеп әперген күннің өзінде бес балаға 300 мыңдай қаражат кетті. Бес ба­­ланы толық киіндіру қал­таға сал­мақ салатыны рас. Кез келген ата-ана баласына бар­лық қажеттісін алып бергісі келеді. Ұл-қызыңнан барыңды аямайсың ғой. Алайда адам баласы қалтасына қарай көсіледі. Дәл қазір баға бір жақта, ха­лық бір жақта тұр. Қазіргі ба­лалар зерек. Киімді өздері таңдайды. Бала кезіміздегідей әке-шешенің сатып бергенін қанағат тұтып, бір-бірімен ауыстырып киетін бала жоқ қой, – дейді көп балалы ана Ғалия Дүйсенбекова.

Расында да, баға бағынбай тұр. Алайда ретін тапқан ата-аналар да бар сияқты. Баласын арзанға киіндірудің жолын іздегендердің бірі республика бойынша өз қал-қадерінше мониторинг жасап көріпті. «Тараз бен Шымкенттің қайсысы алда тұр деп ойлайсыз? Миллионнан астам халқы бар Шымкент шаһарында баға был­тырғыға қарағанда төмен екен. Менде бір емес, жеті бала бар. Оларды киіндіру оңай емес. Тараздың базарынан киін­­дір­ген­ше, отбасылық көлі­­гіміз­бен барып Шымкентті жа­ға­лауды жөн деп таптық. Сон­да­ғы туыстарымыз ол жақта аяқ киім де, дәптер мен қаламсап та арзан­дағанын айтып отыр. Балаларымызды Шымкенттен киіндіреміз. Одан басқа ыңғайлы нұсқаны көріп тұрған жоқпын», дейді күйінген көп балалы ананың бірі.

Қу жоқшылық кімді де болсын қалжыратады ғой. Базар ара­лап жүргенде ата-анасының әперген киімін кимей айқайға бас­қан, бұртиып қашқан балаларды да көрдік. Соған қарағанда расында да қазіргі балалар киімді өзі таңдайтын болып тұр ғой. Жұрт базар бағасының шарықтап кеткенін алға тартады. Ал саудагерлер мұндағы киімнің де, оқу құралдарының да дүкенге қарағанда әлдеқайда арзан екенін сөз етіп отыр. Олар айтқан уәжге сенсек, қыркүйек айы таяған са­йын бағаның қымбаттай түсуі – заңдылық. Өйткені көршілес Қырғыз елінен болсын, Алматы­дан болсын әкелінетін тауар қыр­күйек таяғанда күрт қымбат­тай­ды.

Әлбетте, жалпыға бірдей мін­детті білім қоры есебінен қа­ра­­­латын қаражат өткен жылға қарағанда шамалы өскен. Әйт­кен­мен ата-аналар 40 567 теңге балаларға қажетті құрал­дар­дан артылмайтынын айтып отыр. Олар келтірген дерекке сенсек, 40 567 теңгеге бір баланы киін­­діру әсте мүмкін емес. Шы­нында атал­ған сома қандай өлшем не­гі­зінде қарастырылды екен? Неге 40 567 теңге болып бекітілді? Білім басқармасының басшысы М.Өмірбектен осы мәселенің жай-жапсарын сұра­дық.

– Өткен жылы бұл сома 37 389 теңге болып бекітілсе, биыл – 40 567 теңге. Аталған соманы бе­кітудің арнайы өлшемі жоқ. Әйт­кенмен бюджетте қандай мүм­­­кіндік бар, соған сәйкес қа­рас­­тырылады. Бұл санатқа кір­­мейтін ата-аналар да көмек алу мақсатымен өтінім беріп жа­тыр. Оларға қолдан келгенше де­меу­ш­і­лер арқылы көмек­те­се­міз, – дейді ол.

Қалай алып қарасақ та, 40 567 теңгеге бір баланың мектепке қажетті киім-кешегін алу мүмкін емес. Ол аз десеңіз, кеңсе тауарының құны да бір жыл ішінде 64 пайызға өскен көрінеді. Қысқасы, шарықтаған бағаны сабасына түсіруге еш­кім­нің шамасы жетер емес. Ал құбылған бағадан әбден қал­жыраған кейбір ата-ана баласын киіндіру үшін үшінші мегаполиске ат басын бұруға бекініп отыр. Айтуларынша, Шымкентте жергілікті өндірушілер өндірген заттардың құны айтарлықтай төмен.

 

Жамбыл облысы