Бүгін Тәжікстанның мәдениет күндері аясында еліміздің бас қаласында ғұлама ғалым Ибн Сина бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған Қазақстан мен Тәжікстанның Мәдениет министрлері, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен қазақ-тәжік зиялы қауымынан өкілдер қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Ойшылдың ескерткіші Астана қаласы Алматы ауданы А.Храпатый көшесі, 9 үй жанындағы саябақта орнатылды. Қола бюст тәжік шеберлерінің қолынан шықса, гранитті тұғырды елорда әкімдігі ұсынған. Ескерткіштің биіктігі - 3,1 метрді құрайды.
«Бүгін елдеріміздің арасында екіжақты қатынастар тарихындағы өте маңызды күн. Ибн Сина - бүкіл Орталық Азияның мақтанышы, сондықтан бұл ескерткіш біздің елдеріміз арасындағы терең тарихи байланысты көрсетеді. Монументтің ашылуы - Қазақстандағы Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өтетін іс-шаралардың бірі. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кино көрсетілімдері, концерттер, көрмелер өтуде. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жоспарланған», деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.