2021 жылдың 26-шы тамызында қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болған еді. Сол күні өрт сөндірушілер 10 батырдан айырылды. Қызметтік міндеттерін соңына дейін абыроймен орындап, нағыз батырлар болып қаза тапқан он өрт сөндірушінің бірі һәм бірегейі - Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш ашылды, жазады Egemen.kz.
26 тамызда Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта ашылған ескерткіштің салтанатты рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, М.Аймановтың туыстары, әріптестері, қала тұрғындары қатысты.
Айта кетсек, Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов оқ-дәрілер қоймасындағы өрті сөндіруге қатысып, өрт сөндіру жұмыстарын басқарды және тікелей әскери бөлімде азаматтардың қаза болуының алдын алды. Жарылыс және ауқымды өрт салдарынан ерлікпен қаза тапты. М.Аймановқа қайтыс болғаннан кейін Президенттің жарлығымен «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілді және «Отан» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екі жыл бұрын 26 тамызда болған оқиға салдарынан қаза тапқан Мейіржан Айманов, Александр Микропуло, Сергей Заикин, Тәңірберген Төребеков, Жәнібек Тұрманов, Ғафан Қуатбек, Арнұр Темірболатов, Арнұр Серікұлы, Әліби Кеңес, Елдос Сандыбаев есімді әріптестерін сағынышпен еске алып, естеліктерін бөлісті.
«Бұл өрт сөндірушілердің өміріндегі соңғы кезекшілік болды. Олардың әрқайсысы үйге аман-есен оралады деген сеніммен қызметке кетті. Бірақ өкінішке қарай, біздің 48 қызметкеріміз әртүрлі дәрежеде жарақат алып, 10-ы қаза тапты. 10 қаһарман, 10 өрт сөндіруші, 10 керемет адам енді біздің есімізде мәңгілік сақталады», деп жазды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.