Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталады. Күз жақындаған сайын баласын ертіп базарға жүгірген жұрттың қарасы қалың. Бұл – мектепке дайындық қамына кіріскен ата-ананың борышы. Ал мұндай сұраныс бар жерде бағаның аспандайтыны сөзсіз. Оны кей ата-аналардың қалтасы көтере ме?
Әуелі «Астаналық» базардың маңында ұйымдастырылып жатқан мектеп жәрмеңкесіне арнайы барып, ондағы ахуалмен таныстық. «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар» дегендей, бұл базардың маңында бәрі бар. Алайда шарықтаған баға байлауға көнбей тұрғаны көрініп-ақ тұр. Балаларын алдағы оқу жылына дайындап жатқан бір-екі ата-ананы әңгімеге тартқан едік. Олардың айтуынша, биылғы баға тіпті арта түскен.
«Төрт балам бар. Екеуі мектепте оқиды. Бүгін ұлымды мектепке дайындау үшін жәрмеңкеге келдім. Костюм-шалбарына – 30 мың теңге, аяқкиіміне – 15 мың теңге, ақ көйлегіне 7 мың теңге шықты. Бұл – бір реткі киімі. Кеңсе тауарлары 40 мың теңге болса, спорт киімі тағы бар. Жалпы, бір бала үшін шығын 100 мың теңгеден асып түседі. Бұл – үнемдеп және орта бағада алғандағы шама. Екінші қызыма да осындай баға шықты. Былтырғымен салыстырғанда, әрине, өте қымбат. Өзім – үй шаруасындағы әйелмін. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Былай есептесек, бұған жолдасымның екі жалақысы кетеді екен. Біз секілді отбасы үшін, әрине, қалтамызға біршама салмақ», дейді көпбалалы ана Кәмшат Мақатова.
100 мың теңгені көптеген отбасының отбасылық бюджеті көтере алмайтынын Ұлттық статистика бюросы ұсынған мына цифрлар да дәлелдейді.
16 жасқа дейінгі баласы бар отбасылардың 77,6%-ы жан басына шаққанда, 100 мың теңгеге дейін жұмсай алса, айына 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жұмсауға мүмкіндігі бар отбасылар үлесі небәрі 15,8%-ды, 150 мыңнан көп жұмсай алатындар үлесі 6,6%-ды көрсетіп отыр.
Ал базар маңындағы тағы бір ата-ана бұл алып жатқан кеңсе тауарлары тек бір тоқсанға ғана жететінін айтады. Шамалап алғанда, бір баланың оқу құралына 40 мың теңге кетеді. Әйткенмен жәрмеңкедегі баға кейбір ата-ананың көңілінен шыққан, заттарды сол жерден қолжетімді бағаға тауып, қуанып қайтқан жандар да жоқ емес.
Біз бұдан кейін қала іргесіндегі Қоянды ауылына келіп, жәрмеңкеге қатысып жатқан Жарқынбек Тәліп деген сатушымен де сөйлесіп көрдік. Сатушының айтысына қарағанда, баға былтырғыдан біршама өскен.
«Біз жыл сайын, дәл осы уақытта осында жәрмеңкеге шығамыз. Тауарлар Алматыдан келеді. Мысалы, мұнда былтырғы тауарлар да бар. Бұл ескірмейді. Биылғы қалған заттарды келесі жылы да оқушыларды мектепке даярлау кезінде сатуға шығарамыз. Жәрмеңкедегі баға кейбір дүкендерден едәуір арзан болатыны рас. Екіншіден, мұнда тек оқушыларға қажетті құрал-жабдықтардың түр-түрі тұрғандықтан, таңдау мүмкіндігі де мол. Баға, расында, біршама өсті. Былтыр бір сөмкені 4-5 мың теңгеге сататын едік, қазір сол сөмкелер 6-8 мың теңге болды. Оқушылар формасының бағасы да қатты қымбаттап кетті. Мұнда неше түрлі ата-аналар келеді. Балалар бренд заттарды алғысы келгенімен, ата-анасының ақшасы оған жетпей жататыны рас», дейді сатушы.
Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілгенін естеріңізге салайық. Яғни оқушыларға дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім (кардиган, тенниска, водолазка) киюге әрі мектеп формасын таңдауға еркіндік берілген еді. Бұл өзгерістің де пайдалы тұсы болғанымен, жоғарыда сатушымыз айтқандай, балалардың неше түрлі брендке қызығуы да ата-ана қалтасына ауырлық тигізіп жатыр.
Қаладағы жергілікті базарлар мен сауда дүкендеріндегі бағаның әркелкі болуына байланысты Kaspi.kz онлайн дүкеніндегі тауарлардың да бағасын қарастыруды жөн санадық. Себебі қай өңір-аймақтан алсаңыз да, онлайн дүкен тауарларының бағасы орташа мөлшерде нақты боп келеді. Кей базар нүктелері сұраныстың артқанына қарап, тауарды екі есе қымбаттатып жіберді. Астананың сол жағалауы мен оң жағалауындағы дүкендердің арасында да едәуір айырмашылық бар. Мысалы, классикалық аяқкиім – 10-15 мың теңге, спорттық аяқкиім – 7-8 мың теңге, ақ жейде – 5-6 мың теңге, сарафан – 10-12 мың теңге, костюм-шалбар – 25 мың теңге, жилет – 5-6 мың теңге, белдемше – 7-8 мың теңге, сөмке – 6-8 мың теңге, трикотаж жилет – 5-9 мың теңге, ақ майка – 2-3 мың теңге, колготки – 2 мың теңге, спорттық форма – 12-15 мың теңге, футболка – 4-5 мың теңге, оқу құралдары – 40-50 мың теңге.
Сонымен, онлайн дүкендегі жеңілдіктерді қарастыра отыра, ең төменгі бағаларды дөңгелектеп жазып шықтық. Қыз баланы мектепке дайындауға кем дегенде 140-170 мың теңге, ал ұл бала үшін 120-150 мың теңге шамасында қаражат қажет. Тізімге оқушыға ауадай қажетті заттарды іріктеп алдық. Ал бұдан өзге де қажеттілікті есептей берсеңіз, бағаны естіген сайын басыңыз айналары анық.
Биылғы оқу жылында республика бойынша оқушы саны 3 млн 500 мыңнан асады. Оның ішінде 380 мыңнан аса бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданып жатыр. Халықтың жалақысына сай сатып алу қабілетіне қарасақ, биыл оқушыларды мектепке дайындау халыққа қиын соғатын сыңайлы. Себебі былтырғыға қарағанда жалақы көлемі өскен жоқ, тіпті азайды десе де болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар-наурыз айларында нақты жалақы индексі небәрі 99,4% құрады.
Көпбалалы отбасылар үшін де жағдай мәз емес. Көпбалалы отбасылардың 4,2%-ы ғана адам басына 100 мың теңгеден аса ақша жұмсай алатын мүмкіндігі бар. Ал бір баланың қыркүйекке дайындығына кемінде 100 мың теңге көлемінде қаражат қажет. Жыл сайын өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясының игілігін, өкінішке қарай, көпбалалы отбасылардың көбі көре алмайды. Себебі аталған көмекке қол жеткізу үшін жан басына шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен (40 567 теңге) төмен болуы керек. Алайда күнкөріс деңгейінен асатын жалақы да жетпей жатыр. Нақтырақ айтқанда, төмендегі талаптарға жататындар ғана аталған акцияға қатыса алады. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылар; жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, АӘК алмайтын отбасылар; отбасында (жетім балалар) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар. Биыл аталған санатқа жататын 450 мың оқушыға 40 мың теңге көлемінде мемлекет тарапынан көмек берілмек. Акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан берілген қаражаттық қолдауды мақсатты пайдалану үшін төлем түбіртектері, сатып алынған заттардың 15 жұмыс күні ішіндегі фотосуреті дәлел ретінде қажет көрінеді. Дегенмен көмекке мұқтаж отбасылар үшін бұл материалдық қолдау бір баланы толық қамтамасыз етуге сеп болмай отыр. Ата-ана тілегі – бар балаға бірдей мүмкіндік беріп, көмек алудың жолын оңтайландыру.
Ал жалпыға міндетті оқу қорына мектеп бюджетінің бір пайыздан кем емес қаражаты аударылады. Мысалы, мектепте кейбір балаларға ыстық тамақ беріліп, кейбірін жаздық лагерьге жібереді. Міне, осының барлығы жалпыға міндетті оқу қоры есебінен жасалады. Оның ішінде жағдайы төмен отбасыларға қыстық киім, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, оқу құралдары (дәптер, қаламсап, т.б.) қарастырылған.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаевтың айтуынша, биыл «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілер қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден аса баланы қамту жоспарланған.
«1 тамыздан бастап қаламызда Жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы бойынша «Мектепке жол акциясы» 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Биыл Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14 200 балаға көмек беріледі. Ол көмекті алу үшін ата-аналарға мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет. Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға биыл жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды», дейді ол.
Алайда ата-аналар бұл Жалпыға міндетті білім беру қорынан берілетін көмекті алудың талабы өте қиын екенін айтады. Ол үшін сіңірің шығып, ыңыршағың айналған тақыр кедей болуың керек екен.