• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Тамыз, 2023

Әлемге үлгі бастама

208 рет
көрсетілді

Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Егемендік алғаннан кейін атом бомбасының арсеналы жөнінен әлемдегі төртінші орын алатын еліміз мұндай қарудан өз еркімен бас тартты.

Қазіргі таңда халықаралық қоғамдас­тық тоғызыншы территорияның бұл бастамасын жоғары бағалайды. Таяуда «The Washington Times» газеті осыған орай көлемді мақала жариялады. Хадсон атындағы институты әскери-саяси сарап­тама орталығының директоры Ричард Вайц әлем елдері Қазақстаннан үлгі алу керек деп есептейді. Төменде амери­калық басылымға шыққан мақа­ланы аударып ұсынып отырмыз.

АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі 17 тамызда Биологиялық қорғаныс саясатының жаңартылған шолуын жариялады. Құжат «биологиялық қаруды қолдануға ты­йым салатын, табиғи індет­терге тез жауап беретін және зертханалық апат­тар­дың жаһандық қаупін барынша азайтатын тұрақты ортақ күш» құруға бағытталған. «Биологиялық қорғаныс» шолуы да, АҚШ пен шетелдік беделді стратегияларда да осындай қауіптерге қарсы тұру тежеу және қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін кешенді шараларды қамтиды.

Сонымен қатар осы айда Женева­да биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға (BWC) мүше мемлекеттердің өкілдері кездесу өт­кізіп жатыр. Құжат халықаралық қауіп­сіздіктің ең маңызды құралы сана­лады. 1975 жылы күшіне енген BWC – жаппай қырып-жоятын қару­дың бүкіл түріне тыйым сала­тын алғашқы көпжақты шарт. Оған қа­тысу­шылар шабуылға арналған био­логиялық қару жасамау, өндірмеу, сақтау, сатып алмау, бермеу немесе қолданбау міндетін алған. Кез келген биологиялық зерттеу қызметі тек бейбіт мақсатты көздеуге тиіс.

Бертінге дейін мұндай бастамалар коронавируспен күресуге тікелей қатысты болған-ды. Алайда Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ресми түрде пандемия аяқ­тал­ғанын жарияланғаннан кейін халық­аралық қоғамдастық осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, келешекте жер-жаһанды биологиялық аурулардан қорғауды күшейтуге белсене кіріскені абзал. Көптеген мемлекет BWC-ге қосыл­ғанымен, конвенцияны ратификация жасамаған елдері әлі бар.

Кей мемлекет бүкіл ұлттық мін­деттемесін орындауда қиын­дыққа тап келді. Сонымен бірге АҚШ кей елдің жар салмай-ақ биологиялық қару жасау бағдарламасын жетіл­діріп жатқанына алаңдаулы. Сондай-ақ лаңкестер бактериялар, вирустар және басқа да қауіпті агенттерді пай­даланады. Генді өзгерту, оның қыз­ме­тін жетілдіруді зерттеу, кванттық есеп­теулер, жасанды интеллект, син­­т­е­тикалық биология, нанотехнология, 3D және заманауи роботтех­ника секілді биология ғылымы мен жа­ңа технологиялардың дамуы био­логиялық қару жасауды жеңілдетеді.

Бұған қоса үкіметтер оған қар­сы шара ретінде қауіпті пато­ген­­­дерді аз көлемде сақтай алады. Бұл қару-жарақ зерттеуінде кем­ші­лік­ке айналып отыр. Әсіресе қазір­гі био­тех­нологиялардың көп­ші­лігі «қос мақсатты» болуы, яғни әске­ри және азаматтық мақ­саттарда қолда­ны­луы қиындық туғызады.

Химиялық қаруға тыйым салу тура­лы конвенциядан немесе Ядро­­­лық қаруды таратпау ту­ра­лы шарт­тан айырмашылығы – BWC-де кон­вен­цияның сақталуын бақы­лайтын және қамтамасыз ететін ар­найы меке­ме жоқ. Бұған дейін міндетті тек­серу режімін орнатуға талпыну сәт­­тілік әкелген жоқ. Күдік келтір­ген елдер БҰҰ Бас хатшысы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен тексеру­ді ғана сұрай алады.

Сонымен қатар BWC-де Шарт­тың орындалуын қамта­масыз етуге кө­мектесетін шағын қолдау бөлімі бар. Меке­ме БҰҰ-ның Женевадағы кеңсе­сінің, Қару­сыздану істері жөнін­дегі бас­қармасында орналас­қан. Мыңдаған қызметкері бар және миллиондаған доллар бюд­жеті бар Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агенттік немесе Химиялық қаруға тыйым салу ұйы­мынан айырмашылығы –  Іске асыруды қолдау бөлімінің қызметкері аз, бюджеті шамалы.

Халықаралық қауымдастық BWC-ге қатысты мәселелермен кү­ресу­де қиындыққа тап келеді. Осы орайда озық шешімдердің бірі ретін­де Қазақстанды, ұзақ уақыт бойы ядролық қаруды таратпау сала­сындағы көшбасшылардың бірі саналатын елдің бастамасын келтіре аламыз. Аталған мемлекет 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай-ақ Кеңес одағынан мұраға қалған әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналын жойып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылып, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа енді.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан – МАГАТЭ-мен ынты­мақтасып, ядролық қару әлеуетінің таралуына жол бермеу үшін төмен байытылған уран банкін құрған бірінші ел. Мемлекет биологиялық қауіптерге қарсы тұру үшін ядролық қаруды таратпау саласындағы тәжірибесін қолдануға талпынады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін BWO-ға қосылып, өз аумағында Кеңес өкіметі салған биологиялық қару жасайтын ауқымды инфра­құрылымын жойды. АҚШ-тың Бір­лескен қауіп-қатерді азайту бағ­дарламасы бұл нысандарды жою­ға немесе қорғаныстық зерттеу­лерге, соның ішінде жергілікті COVID-19 сы­нақтарын әзірлеуге қайта ба­ғыт­тауға елеулі қаржылық және тех­никалық көмек көрсетті.

АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның Денсаулық сақ­тау министрлігі әлі күнге дейін био­­­­­қауіптерге қарсы тұру бойын­ша тұ­рақты талқылаулар мен бағдар­ла­­малар өткізеді. 2020 жылы қыр­­­­күйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассам­б­­леясында сөйлеген сөзінде Ха­лық­аралық биологиялық қауіп­сіздік агенттігін құруды ұсынды.

Агенттік BWO, БҰҰ және бас­қа органдарға биологиялық зерт­теулердің бейбіт және ашық жүр­гізілуін қамтамасыз етуге, жер шары тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін жақсартуға, үкі­мет­тің әлеуетін нығайтуға, вакци­на­лар мен биологиялық қарсы шараларды әзірлеуді жеделдетуге арналған. Сондай-ақ экспортты бақылаудың инклюзивті тетік­тері, сенім шараларының қол­жетімділігін арт­тыру, биоло­гиялық шабуыл қау­пі бар мем­лекет­терге әлеуетті кө­мек көрсету деректер базасын жүр­гізу арқы­лы халықаралық сенім мен ын­ты­мақ­тастықты арттыруды көздейді.

Биологиялық қауіпсіздік агент­тігі сонымен қатар басқа да маңызды мәсе­лелерді шешпек. Мысалы, ел­дер­ге қатысты егжей-тегжей сауал­дама­лар секілді биологиялық зерттеу жүр­гізсе де, бұл ерікті және аз пай­да­ланылады. Алда-жалда агент­тік жүйелі түрде шолу жасап, жи­нақ­талған деректерді талдауды қам­тамасыз ете алса, онда BWC-ге қол қойған мүше мемлекеттер оны іске асыруды жан-жақты біле алатын еді.

Агенттік сондай-ақ жаһандық ба­қы­лауды күшейту және елдер­дің ха­лық­аралық көмек алуға сенімділігін арт­тыру үшін қоғамдық тексеру құ­рал­дары, ерікті әріптестік шолулар, AI көмегімен оқыту және ашық бас­тапқы деректерді өндіру сияқты қо­сым­ша бастамаларды қолдай алады. Бұл табиғи, кездейсоқ және қаса­қа­на био­логиялық қауіп­терді ерте анық­тауда тиімді қорғаныс үшін өте маңызды.

Сонымен қатар биологиялық оқиғалардың институционалды және жиі халықаралық шолуын қол­дау арқылы жалған ақпаратқа қар­сы тұра алады. Қазақстанның Ресей, Қытай және АҚШ-пен жақ­сы қа­рым-қатынаста болуы бұл ұсы­­нысқа кейінгі кездері ядро­лық қару­ды таратпау жөніндегі бас­қа баста­малардағы ілгерілеуге кедер­гі келтір­ген қайшылықтарды жеңу­ге көмек­теседі. «Биологиялық қор­ғаныс сая­сатына шолу» АҚШ пен одақ­тас­тарының биологиялық қауіп­тер­ден қорғанысын күшей­тудің маңы­зын атап көрсетеді. Олар BWC және бас­қа да жаппай қырып-жою қару­ларын таратпау құрылымдарын нығай­ту жөніндегі бастамаларды қарастыруы керек.