• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 29 Тамыз, 2023

Омбудсмен мен Арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігі артады

138 рет
көрсетілді

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Омбудсмен мен Арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет. Олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу әлеуетін арттыру маңызды. Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруы қажет. Уәкілдердің басты міндеті – азаматтардың мүддесі мен құқықтарын табанды түрде қорғау және ілгерілету. Бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі балалар мен отбасына төнетін қатерлерді жоюға тиімді ықпал етуге тиіс. Ол үшін осы саладағы уәкіл қоғамдық және мемлекеттік институттарды ұйыстыру мүмкіндіктеріне ие болуы керек. Үкімет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтауы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Президент Бала құқықтары жөніндегі омбудсменнің рөлін күшейту маңызды екенін тідге тиек етті.

«Өкілдіктердің әкімдерге функционалды тұрғыда бағыныштылығын төмендету және Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді тағайындау кезінде Бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің рөлін күшейту маңызды. Жақында Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл жұмыста инклюзивтілікті дамытуға баса назар аудару керек. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Мысалы, Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған жерасты өткелі салынды. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Уәкіл олардың әлеуметтік тұрғыда бейімделуі үшін инфрақұрылымды дамытуға қатысты жобалар әзірледі. Үкімет оларды қолдау және жақын арада жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруы керек. Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты маңызды міндет жүктеледі», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент: «Әкімшілік әділетті енгізудің нәтижесінде бүгінде мемлекеттік органдармен арадағы сот дауларында шешімдердің үштен екісі азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданады. Алайда мемлекеттік органдар бұдан тиісті қорытынды жасамайды, олқылықтарды түзетуге тырыспайды. Олар өз деңгейінде шешім қабылдап, сотқа жеткізбеуге болатын істердің үлесі әлі де көп. Үкімет Бизнес-омбудсменмен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдау мәселесін пысықтауы және бұл көрсеткішті мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау шарттарына енгізуі қажет», деді.