Отбасындағы құндылықтарды жаңғыртуға, ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін насихаттауға, шығармашылығын шыңдауға бағытталған «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да өз жалғасын тапты. Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен мерекелік жиында бірқатар отбасының мерейі өсті.
Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Олардың жарқын ісі жалғасын тауып, кейінгіге өнеге болуы керек. Осы негізде 10 жыл бұрын бастау алған байқау бүгінге дейін талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Бүгін де соның жарқын үлгісін көре білдік.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау салтанатының алғашқы сөзі облыстық мәслихаттың төрайымы Гүлнар Тойлыбаеваға берілді.
– Отбасылық құндылық Отанымыз үшін әрқашанда қымбат. Әрбір отбасының бақыты – еліміздің бақыты. Сол үшін қаншама ата-ана еңбек етіп келеді. Бабаларымыздың «Бала бер, бала берсең, сана бер..» деген қанатты сөзі әр отбасы үшін ұран болып қала бермек. Әрбір отбасында жарасымды тірлік, жұбайлардың бір-біріне деген ізгі махаббаты, баланың күлкісі болуы керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген дана қазақтың сөзін еске ала отырып, біз шаңырағын кеше ғана құрған жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсетуіміз керек, – деген Г.Тойлыбаева байқауда жүлде алған жандарды марапаттады.
Ұлттық байқаудың шарты бойынша жүзден жүйрік шыққан сарқандық Молдабаев пен талдықорғандық Еркінбек әулеті жүлделі 3-орын иегері атанды. 2-орынмен қараталдық Әміров және Панфилов ауданының Керімбеков әулеті марапатталды. Қоғамдағы белсенділігімен топ жарып, алға шыққан алакөлдік Қайранов шаңырағы жеңімпаз атанып, 1 млн теңге ақшалай сыйлық алды.
Өнегелі отбасылар марапатталғаннан кейін ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Жетісу жұртшылығына танымал өнерпаздар ән айтып, көрермен ықыласына бөленді.
Жетісу облысы