• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Тамыз, 2023

Біржан сүйген Ләйлі

354 рет
көрсетілді

Талантты жанның сыры мен сезімі, жүрек сөзі ең алдымен өнерінен көрінсе керек. Көңілді толқытар әр сәттен әсер алған шығармашыл жан кешкен күйін туындысы арқылы суреттегісі келеді. Ішіңді түнгі дауылдай тулатқан сезім өнерге жан бітіреді. Сондай ақ сезімнің толқынынан туған аңыз-әндердің бірі – Біржан салдың «Ләйлім шырағы». Иә, бұл ай мен күннен де сұлу Ләйліге арналған жалғыз туынды емес. «Ләйлім», «Жалғыз арша», «Шідер» әндері де ақ махаббаттың куәсі-сынды.

Біржан мен Ләйлінің аңызға бергісіз хикаясымен академик Ахмет Жұбанов­тың «Замана бұлбұлдары» атты еңбегі арқы­лы таныспыз. Біржан ел аралап жүріп, Арықбалық жақтан қайтып келе жатып, ағайынды Көлбай, Жанбай дегендердің ауылына келіпті деседі. «Көлбай, Жанбай жас жағынан Біржанмен шамалас... малды, жанды адамдар болады. Өздері­нің менмендігімен, паңдығымен аттары шыққан. Анау-мынау кісіні менсінбейтін де мінездері бар. Біржанның халық алдында аса беделді екенін біледі. Бір­жан­ның осы ауылға қарай қисайғанын көріп, бұрыннан көңілдес болса да, таны­мағандай үйлеріне еніп кетеді. Мұны байқап қалған әнші іркілместен, өзінше қыр көрсетіп, ауыл шетіндегі қораштау бір үйге келіп түседі. Қонақтың атақ­ты Біржан сал екенін білген үй иесі барынша күтіп, әншінің асты-үстіне түсіп бәйек болады. Тамақ ішіп болғаннан кейін Біржан сал әдетінше домбырасын алып, ән салады. Ауыл адамдары жиналып, қошеметтеп, түннің бір уағына дейін Біржанның әсем әндерін тыңдап рақаттанады. Көлбай, Жанбай екеуі ән тыңдауға келмейді. Әншінің даусын ес­тіп, отыра алмай тұра жүгірген қа­рын­­дасы Ләйлім­ді де, барғысы келген келін­шектерін де жібермейді.

Ал ертеңінде әнші мінген атының аяғын­­дағы шідері жоқ боп шығыпты. Оны ес­тіген Біржан құдық жаққа қарап тұ­рып, әсем басып су алып келе жатқан Ләйлім­ді көрсе керек. Ләйлімнің алдынан шы­ғып, «Шідер көрмедіңіз бе?», деп әңгімеге ­айналдыра бастайды. Бұны көрген Көл­бай мен Жанбай құдық басында жұмы­сы бардай қарындасына қарай жүреді. Аға­ла­рының сөзді анық есітетін жерге ке­луін күткен әнші табанда Ләйлімге қарап, ­суы­рылып келіп әндете жөнеліпті.

«Ләйлім шырақ!

Мен де өзіңдей жас едім, жаңа талап.

Біреуге Ташкент барған алдырып ем,

Қызыл жібек қырмызы пұт

бес қадақ».

Ойда-жоқта мұндай ілтипатқа ұшыра­ғанына таң-тамаша қалған Ләйлім қапе­лімде не дерін білмей аңырып тұрған орнын­да қозғалмай қалады. Біржан болса, одан бетер екіленіп:

«Ләйлім шырақ!

Қыран бүркіт мен түсер

таудан құлап,

Сегіз би сиязына қалдырмай-ақ,

Кел, екеуіміз бітейік құпиялап»,

деп қынжылған пішін көрсетеді. Жалын­ғандай:

«Өзіме бер, шідерді тауып алсаң,

Елу теңге берер ем, шүйінші алсаң,

Жерде шіріп қалса да, көзім көріп,

Қыршын жасым қиылсын,

бітім алсам»,

деп аяғын қатайта, түсін суыта тілін бе­зеп, екі ағасына көзін тігіп:

«Ләйлім шырақ – асыл тасым!

Көлбай, Жанбай бірге өстік,

замандасым!

Келген жоқ көктен пері,

жерден шайтан,

Шідерімді ұрлаған қарындасың»,

деп Ләйлімді әбден састырады. Біржан тағы да екіленіп, істің жайын енді түсініп келе жатқан Көлбай, Жанбайға, Ләйлімге кезек қарап, шідерін мақтап:

«Ләйлім шырақ!

Таудан аққан сылдырап мен бір бұлақ,

Қайыс болсын, жіп болсын неге керек,

Шідерімнің бағасы қырық қысырақ»,

деп олармен құнын келіспей тұрғандай, басып айта береді.

Мына сал тағы бірдеңені былық­тырар дегендей Көлбай, Жанбай Ләйлім­ді ымдап, үйге қарай бұрады. «Не болды?», деп шулаған адамдарға «Біздің Ләйлі­жанға шығарып тұрған әні ғой», деп істің шын сырын ашқылары келмей, соң­да­рынан ерген жұртты жекіріп, кейін ысырып тас­тайды. «Жүрген жерінде бізді жамандап жүрер», деп қорыққан Көлбай, Жанбай Біржанды қонақ етіп, сыйлап, бірнеше күн қондырып, ән салдырып, риза етіп жөнелтеді. Кетер кезде жазықсыз біраз ұялтқаны үшін, Біржан Ләйлімге қарап, кешірім сұрағандай, шідерді қоспай, басқа сөзінде еш «қотыры» жоқ өлеңмен «Ләйлім шырақ» әнін айтып, оны қызға арнағанын, қайда болса да айтып жүргенде әр кезде Ләйлімнің суреті көз алдында болатынын сездіреді. Осылай Біржан әндерінің ішіндегі бір белдісі – «Ләйлім шырақ» дүниеге келеді», деп жазады Ахмет Жұбанов.

Шідерден туған аңыз махаббаттың ғасыр жасаған «Ләйлім шыраққа» ұласқа­нына бүгінде куә болып отырмыз. Сонау ескі жылдардан бері радиодан да жиі бері­леді. «Біржан – Сара» операсына да енді.

Біржан салдың Ләйліге деген ыстық махаббатын ұлы Шоқан да айтады. Ком­позитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақа­нов бір мақаласында Біржан сал мен Ләйлі жөнінде қызықты дерек Сергей Никитин­нің «Сары-Арка − золотая планета» атты кітабында жазылған дейді.

«Никитин осы кітаптың ішіне кірген «Памятник Чокану Валиханову» деген очеркінде былай деп келтіреді: «Летом 1856 года Чокан Валиханов пригласил Дурова в Кокчетав (Шоқанның қадір-қасиетін, білім-өресі мен биік мәдение­тіне тәнті болған атақты зерттеуші ғалымдар – П.Семенов-Тянь-Шанский, Г.Потанин, А.Бекетов, Н.Веселовский, А.Березин, А.Васильев, міне, осы көрнек­ті тұлғалардың қатарында Ф.М.Достоев­ский мен С.Ф.Дуров ерекше құрметпен аталады. Достоевский мен Дуров Омбы түрме­сінде бірге отырған. Екеуі де азып-тозып, денсаулығы нашарлап, әбден қажыған. Қырық жастағы Достоевский Дуровтан бес жас кіші болса да, алпыстан асқан шал сияқты бүгіліп қалыпты. Кейін екеуін түрмеден шығарады да, Достоевскийді Семейге, Дуровты Көкшетауға қызмет етуге жібереді). Всего лишь год прослужил Дуров в Кокчетаве. Но сделал многое. Под предлогом составления коллекции флоры Сары-Арки он разъезжал по степи, побывал в Бурабае, Мезгиль-Соре, Карауле, Шортандах, Ак-Куле, Акмоле, Атбасаре», деп жазады. Дуров осы өңір­лерде жүріп, қазақ халқының әдеби-музы­калы фольклорын да зерттейді, әнші-күй­шілерді де тыңдайды. Шоқан Дуровтың осы жұмысына бек қызығып, оның ден­саулығын түзеуге әрекет етіп, губер­на­тор­ға хат жазып, босатып алады да, Сы­рым­беттегі өз ауылына алып келеді».

Кешегі отызыншы жылдарда комму­нистік идеологияның саясатымен көпте­ген ән жауһарларының өңі өзгеріп сала берді. Ләйліге арналған ғажап туындының бірі «Ләйлімнің» де сөзі сол тұста қайта жа­зылды. Туындыға Қазақ радиосы музыка редак­циясын басқарған ақын Мақ­сұтбек Майшекин қалам салған.

«Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ?

Жаңа таптым ауылыңды

көптен сұрап.

Жел тимесе,

жан тимес деп жүргенде,

Қол ұстасып жатпенен кеттің

жырақ.

Аққу едің таранған айдындағы,

Ұштың ұзап қанатың жайдың-дағы.

Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,

Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы.

Осылай ма, ей, қалқа, айтқан сертің,

Жүрегімді жандырды ғашық дертің!

Мұнша неге сен мені әуреледің,

Болмаған соң әуелде баста еркің?»

Автор бұл нұсқада шынайы оқиғадан алыс кетпеген. Негізін сақтай отырып, сөзін ғана құбылтқан. Айта кетейік, «Ләй­лім­нің» жаңа нұсқасын алғаш рет Рабиға Есім­жанова орындады.