• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Тамыз, 2023

Ата Заңға арналған сабақ

1175 рет
көрсетілді

Конституция күні қарсаңында Қазақстан Президентінің Архиві ерекше жоба ұйымдастырды. Алматы қаласының оқушыларына архив құжаттарын пайдалану жөнінде шеберлік сыныбы өтіп, соның нәтижесінде Архивте балалар өздері дайындаған кітап, сурет, құжаттық көрмелерді таныстырды.

Іс-шараны Президент Ар­хиві­нің директоры Әлия Мұстафина ашып, оқу­шы­лар­ды Конституция күнімен құт­тықтады. Ол Консти­ту­ция мемле­ке­­тіміздің басты за­ңы екенін атап өтіп, соның не­гі­­зінде елдің мемлекеттік, саяси, қоғамдық, экономикалық те­тік­те­рі қалыптасатынын жет­кізді. Сонымен қатар ол бала­ларға 1995 жылы 30 тамыз күні қа­былданған қазіргі қол­да­ныс­та­ғы Конституция Пре­зи­дент Архивінде мемлекет­тік сақтауда екенін айтып, бүгін олар үшін тарихи күн екенін жеткізді.

Оқушылардың бұл көрмеге үлкен жауапкершілікпен, ізденіс­пен келгені байқалады. Бұған дейін олар арнайы шеберлік са­бағы кезінде Конституция күні­не орай құжаттық көрмеге қандай істерді ұсынатынын, кітап көрме­сі­не қандай басылымдарды қоя­ты­нын және сурет көрмесіне ілі­нетін шығармаларды Архив қызметкерлерімен бірге таңдасып, үлкен қызығушылықпен жұмыс істеді. Нәтижесінде, құжаттық көр­мені №195 жалпы білім бере­тін мектептің оқушысы Әмина Тұрсынжан, №35 мектеп-гим­на­­зия­ның 9-сынып оқушысы Адия Сержан, 125 High School мектебінің 11-сынып оқушысы Амира Ильяс таныс­тырды, ал кітап көрмесі тура­лы №195 жалпы білім беретін мек­тептің оқушысы Махаббат Мұқан баяндады.

«Менің Отаным – менің бола­ша­ғым» тақырыбында сурет көр­месіне оқушы­лар­дан келген 30-ға жуық шығарма қойылып, ол жөнінде № 204 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ақерке Нұржанқызы айтып берді. Ол өз сөзінде көрмеге келіп түскен сурет­тердің барлығы балалардың туған жеріне деген махаббатын, бола­шаққа деген сенімін көр­сеткенін атап өтті.

«Шеберлік сабағы кезінде Кон­с­ти­ту­цияға қатысты кітаптар, құ­жат­тармен таныстық. Біз Кон­с­титу­цияның түпнұс­қа­сын көрдік, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Себебі еліміздің Ата Заңы­ның қалай жа­зылғанын, қалай дайындалғанын, қалай қабыл­данғанынан хабардар болдық. Бұл іс-шара тарихымызды біліп, оны құрметтеу керек екенімізді көрсетті», дейді №25 мектептің оқушысы Радмила Анисимова.

Жастарға патриоттық тәрбие беруге, елінің тарихын архив құжаттары негізінде тереңірек оқып-білуге бағытталған «Бола­­шақ архивші» жобасын Прези­дент Архиві 2022 жылы елі­міз­де жарияланған Балалар жылы аясында ұйымдастырған. Был­тыр­ғы іс-шарада оқушылар ар­хив­­тің қызметі және міндет­те­­рімен еркін форматта танысып, архившілердің күнделікті жұмысын көрген еді. Сонымен қа­тар балалар Президент Ар­хи­вінің құжаттары сақталған зерт­ха­на­лық корпусқа экскурсия жасап, құжаттарды тігу, реставрациялау және цифрландыру сияқты жұмыс түрлері мен басқа да қызметтері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Істерді қорап­қа орналас­тыру, кейін істерді нөмірлеу, құжаттарды зерттеу, конверттерді дайындау, соңында архив құ­жаттарына мөр басу сынды архив қыз­метк­ерлерінің күн­делікті жұмыс­та­ры­мен таныс­қан.

Жаңашыл дәстүр биыл да жал­ға­сын тапты. Балалар оқу жы­лы­ның алдында Архивке келіп, Конституция күнін ерекше форматта атап өтті. Іс-шара соңында бала­ларға «Болашақ архивші» дипломы табысталды. Архивте өткен ақпараттық-танымдық іс-шара балалардың жадында ұзақ сақталады деп сенеміз.