• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 29 Тамыз, 2023

Кәсіпкерлердің талап-тілегі

215 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды жеке қабылдады.

Қазақстан құс өсірушілер одағы­ның өкілі Руслан Шарипов бидай әкелуге енгізілген тыйым­ға ұқ­сас тауық етін Ресей Федера­ция­сынан әкелуге шектеулер енгізу мүмкіндігі туралы мәселе көтер­ді. Оның айтуынша, импорт­­тал­­ған тауық еті отандық тауық­қа қара­ғанда әлдеқайда арзан. Сондай-ақ импорттық етті отандық өнім түрінде сату жағдайлары болған.

С.Жұманғариннің айтуын­ша, импорттық өнімдерді әкелу­ге «Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Ұлттық қауіпсіздігі тура­лы» заң­ның 22-бабына және Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабына сәй­кес елдің экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төн­ген кезде тыйым салуға болады. Құс еті импортқа тәуелділігі жоғары әлеу­меттік азық-түлік өнімдер қата­­рына енгенімен, Қазақстан тұтыну­­шылардың тауық етіне деген қа­­жеттілігін 60%-ға ғана қамта­ма­сыз етеді. Сондықтан ресей­лік та­уық етінің импортын баға­ның өсуі­не және ел ішінде тапшылық туғы­зу қаупінсіз жабу мүмкін емес. Соны­мен қатар егер санитарлық-эпиде­миялық стандарттарды, конт­рафактіні және басқа да қолда­ныстағы нормаларды бұзу фактілері болса, зерттеу жүргізіледі және расталған жағдайда шектеу шараларын қабылдау үшін Техникалық реттеу және метрология комитетінің базасында қолданылатын ахуалдық штабқа жүгіну қажет.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Қанатбек Үзембаев Павлодар облысында күзгі-қысқы кезеңде шабындық алқаптарды дайындау және Ертіс өзенінің бойындағы ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов әкімдік жүргізген тексеру қорытындысы бойынша облыстың барлық ауданында ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған резервтік шалғындар бар екенін айтты. Жемшөппен толық қамтамасыз ету үшін СҚО әкімдігімен қосымша Тайын­ша, Ақжар және М.Жұма­баев аудан­­дарында жем дайындау мә­селесі шешілген. Ал аймақ­тағы шөп алқап­тарындағы су тапшы­лығы тура­лы экология және та­биғи ресурс­тар вице-министрі Галидулла Азидуллин түсінік­теме берді. Ол мұндай проблема биыл түнгі температураның төмендеуіне байланысты бүйірлік ағынның төмендеуіне орай орын алғанын растады. Ертіс бойынша су жіберудің жалпы көлемі жоспарланған 4 590 млн текше метр орнына 4 100 млн текше метрді құрады.

С.Жұманғарин Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс бойынша қажетті су өткізу көлемін ұйымдастыру бөлігінде жұмысты жолға қоюды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне суару бойынша жобаларды пысықтауды тапсырды.

«Көмір» ҒЗО» ЖШС директоры Ерлан Альшеров көмір саласында ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша мемлекеттік сатып алудың ұзаққа созылған конкурсы туралы сұрақпен жүгінді. Конкурстың ұзаққа созылу себептері бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбекова түсініктеме берді.