Конституция күніне орай елорданың Конгресс-орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» атты мерекелік концерт өтті.
Концерттік бағдарлама аясында сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов пен Рамазан Стамғазиев, «Құрмет» орденінің иегері Дархан Рахымғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина, халықаралық байқаулардың лауреаттары, оның ішінде Алтыншаш Мұқатаева мен «Витебск» халықаралық байқауының жеңімпазы Шерхан Арыстан және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетті.
Концертке МКҚ Президенттік оркестрінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі, «Наз» мемлекеттік би театры, «Әдемі-ау» қазақ би ансамблі және еліміздің басқа да шығармашылық ұжымдары қатысты.
«Конституция – тәуелсіз Қазақстанның рәміздерінің бірі. Сондықтан бұл күн біздің азаматтарымыз үшін ерекше маңызды. Конституция – еліміздің егемендігін, сондай-ақ осы құжатта белгіленген қағидаттарға беріктік пен адалдықты білдіреді. Барша отандастарымды осынау мерекемен құттықтаймын!» деді Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.