30 тамыз – Конституция күні мерекесіне орай Шымкенттегі «Түркістан» сарайында салтанатты кеш өтті. Мерекелік жиын еліміздің Әнұранымен басталып, Ту көтеру рәсімімен жалғасты. Сап түзеген сарбаздар жауынгерлік тәртіппен көк байрағымызды сахна төріне алып шықты. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты басқосуға жиналған барша мегаполис тұрғындарын еліміздің айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
Ата Заңымыз – асыл қазынамыз. Басты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейте түсіп, еліміздің даму бағыт-бағдарын айқындап берді. Халықтың таңдауы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толықтырды. Басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, бірлігіміз жасай берсін. Әр шаңырақта құт-береке, ырыс пен ынтымақ салтанат құрсын», деді шаһар басшысы.
Мерекелік жиында қоғамның белсенді азаматтары – еңбек озаттары Конституция күніне орай марапатталды. Марапатталғандардың бірі Рахат Момынованың кітапхана саласында еңбек етіп келе жатқанына 27 жыл болған. Соның 17 жылдан астам уақытында мегаполистегі Абай атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгершісі қызметін атқарып келеді.
Кітапханашы – өте қызықты мамандық. Жан азығының ордасындағы қызмет рухани жұтаңдықты сездірмейді. Талай адамды көресің. Олармен тілдесіп, өзің де біліміңді толықтырасың. Туған жерім Жаңақорғанда 5 жыл, одан Арыс қаласында 5 жыл кітапханашы болсам, Шымкенттегі Абай кітапханасындағы қызметіме 17 жылдан асып барады. Бүгінгі жастар кітап оқиды. Жас ақындар өлеңдерін оқып, ақындық кештерін өткізіп жатады. Сондықтан жастар кітап оқымайды деу бекер. Конституциядағы жаңа өзгерістермен еліміз Жаңа Қазақстанға қадам басты. Ал оның жастары білімді, ақылды, зерек. Оны өз тәжірибемнен көрген кейін айтып отырмын. Демек бізді жарқын келешек күтіп тұр. Себебі жастары белсенді қоғам ғана алға озады», деді Р.Момынова.
Мерекеге жиналған азаматтардың әрқайсысы да Конституция заң кепілі, заңдар мен ережелердің басты құжаты, сондықтан оған құрмет ерекше болу керек деген ойларын жеткізді. Тілдескен тұрғындардың айтқан пікірі біреу ғана, ел егемендігін алғалы бері заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз етіп келе жатқан Конституцияға бағынып өмір сүру – республиканың әрбір саналы азаматына парыз. Кейінгі жас ұрпақ та сол тәрбиемен өсу қажет.
Салтанатты кеш соңы филармония, опера және балет театры, Шымкент цирк ұжымдарының дайындаған мерекелік концертіне ұласты. Сонымен бірге «Ұлы дала шежіресі – Ата Заң» атты концерттік бағдарламада «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бүгінгі күнге дейінгі заңдардың даму тарихы мен қазақ елінің құқықтық мәдениетінің қалыптасу кезеңдерінен сыр шертілді.
ШЫМКЕНТ