Бүгін, 1 қыркүйекте Қосшы қаласында 1 500 және 1 200 орынға арналған 2 жаңа мектеп есігін айқара ашып, оқушыларды жылы қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz janabastau.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов, «Верный Капитал» инвестициялық тобының бас директоры Ерлан Оспанов, «Болат Өтемұратов» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман және басқа да ресми қонақтар, ата-аналар қатысып, жүрекжарды тілектерін айтты.
Жеке инвестиция есебінен салынған 1 500 орындық мектеп-гимназияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы өңірде 10 мектептің құрылысы басталғанын, олардың дені 2024 жылы пайдалануға берілетінін қуана айтты. Жаңа білім ордалары Астана қаласының маңындағы Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары және Қосшы қаласында ашылады деп күтілуде.
«Қосшы қаласында тұрғындар саны жедел өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл проблеманы шешу үшін 2022 жылы 1200 орындық бір жаңа мектеп ашылды. Енді міне екеуінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп жатыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарланған. Бұл білім ошақтарындағы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға септігін тигізді», деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл мемлекеттің қолдауымен республика бойынша 130 мың оқушыға арналған 154 мектеп пайдалануға берілмекші. Оның 55 мың оқушыға арналған 39 мектебі 1 қыркүйекте есігін айқара ашты.
«Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 3 миллион 9 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, сіздермен бірге тойлап жатыр десек болады. Оның ішінде 400 мыңға жуық бүлдіршін 1 сыныпқа барса, 18 мыңнан астам 11 сыныпты бітірмекші. Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар сіздерді білімнің алғашқы күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздердің шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап, осы білім ошағынан ел тізгінін ұстар елдің азаматтары болып шығуына шын жүректен тілектеспін», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кетсек, Мемлекетіміз білім саласына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айқын айғағы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде елімізде бұрын-соңды болмаған жаңалық – 400 жаңа үлгідегі мектептің құрылысы. Оның 200-ден астамының құрылысы қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі мемлекетіміздегі апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешуге бағытталған.
Сондай-ақ бүгін Қосшы қаласында 1 200 орындық тағы бір мектеп ашылды. Мектептің жалпы ауданы - 20357 мың шаршы метр. Ғимарат 3 қабаттан, 6 блоктан тұрады. Оқу кабинеттерінің саны - 50. Химия, физика, биология, технология кабинеттері, қажетті жиһазбен толықтай жабдықталған. 384 орындық асхана, 600 орындық акт залы, ауданы 520 шаршы метр спорт залы, метал, ағаш, мата өңдеу шеберханалары, алғашқы әскери дайындық кабинеті бар.
Жалпы, 2023-2024 оқу жылының басында Қосшы қаласы бойынша мектепке 10 809 оқушы барды. Бірінші сынып оқушыларының саны –1321, оның ішінде жеке мектепте – 77, Тайтөбедегі мектепте – 71.