Биыл Астанада 27 мың бала мектеп табалдырығын аттады. Бүгін, 1 қыркүйекте оларға арнап алғашқы қоңырау соғылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен №79 мектеп-лицейге арнайы барып, салтанатты жиында мектеп оқушыларын құттықтады.
«Елордада жаңа 2023-2024 оқу жылында 27 мыңға жуық бала бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Елордада 170-ке жуық мектеп жұмыс істейді, оның ішінде басым бөлігі – мемлекеттік, бірақ жеке білім беру мекемелері де сұранысқа ие. Оқушылар санының жыл сайын артуына байланысты бізде оқушы орындарына деген қажеттілік артып келеді. 20 мыңға жуық оқушы орны тапшы. Мұндай проблема бар екені жасырын емес. Осыған байланысты елордадағы сегіз мектеп оқу жылын үш ауысымдық режиммен бастайды. Бұл мәселе бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Президенттің тапсырмасы бойынша 24 мектептің құрылысы басталды, олардың аяқталуы келесі және 2025 жылдарға жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін тағы 11 мектептің құрылысы аяқталады, бұл мектеп орындарының тапшылығы жағдайын өзгертуге көмектеседі. Жалпы, мектептер қажетті құралдармен жабдықталған: оқулықтар, жабдықтар, интерактивті тақталар. Педагогикалық құрамда жеткілікті. Барлық сыныптар оқытушылармен және қажетті құралдармен жабдықталған», деп атап өтті Есет Байкен.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов Білім күні тек балалар үшін ғана емес, барлық қазақстандық үшін мереке екенін айтты.
«Ата-аналар, ең алдымен, балаларының болашағын ойлайды, сол себепті болашақта жанына жақын мамандық иесі атануына жағдай жасайды. 1 қыркүйекте төрт жаңа мектеп есігін айқара ашты, жыл соңына дейін тағы жетеуі пайдалануға беріледі. Қаланы дамыту аясында елордада 90 мыңға жуық бала қабылдайтын 24 жайлы мектептің құрылысы басталады. Мектептер жаңа технологиялармен және жаңа талаптар бойынша жабдықталатын болады. Бұл біздің өскелең ұрпаққа халықаралық олимпиадаларда өзін көрсетуге және жақсы оқуға серпін береді», деді ол.