• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2023

Оқу ғимаратының тұсаукесері

196 рет
көрсетілді

Білім күні қарсаңында Шымкенттегі Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысты.

Ғимарат 600 балаға арналған. Мұнда 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттер бар. Құрылыс компаниясы білім күніне үлгеруге кес­­теден оза жұмыс істеген. 1 қыркүйекте мек­теп-гимназия табалдырығын бірінші сыныпқа барған 250 бала аттады. Мере­кеге орай шаһардың бас ұстазы барша мұға­лімдер мен ата-аналарды, оқушыларды білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында табыс тіледі.

– №65 мектеп-гимназия ұжымы – қа­ла­дағы ең озық білім ордаларының бірі. Биыл жаңа оқу корпусы пай­далануға бері­ліп отыр. Жалпы, осы жылы мегаполис­тің мектеп түлектері жо­ғары нә­тиже­лер­ге қол жеткізді. Мәселен, ҰБТ қоры­тындысы бойынша олардың 85 па­йы­зы мемлекеттік гранттарды жеңіп алды. Қа­ламызда жыл сайын жаңа мектептер са­лынып жатыр. Білім сапасы артып ке­леді, инфрақұрылымы жақсару үстінде. Оқушылардың қауіп­сіздігіне де баса мән беріліп отыр. Сон­дықтан балалардан талап етілетіні – тек қана білім алу, – деді Ж.Тәжиева.

Жалпы, Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 1-сыныпта оқитын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы – 26 781, ал биылғы оқу жылында 26 969 оқушыны құраған. Яғни мектепке жаңадан барған оқушылар жыл санап артып келеді деген сөз. Сонымен бірге мегаполисте орта білім беретін 246 мектепте 232 788 оқушы білім алып жатыр. Мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.

 

ШЫМКЕНТ