• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қыркүйек, 2023

Отбасы және жастар министрлігі құрылса екен - Ұлан Аманқазыұлы

427 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауында көптеген тақырыптар қозғалды. Спорт және туризм, Мәдениет және ақпарат министрліктері қайта құрылымдалып, жаңа министрлер тағайындалды. Шетелдік инвесторлар мен қазақстандық кәсіпкерлер арасынан ірі меценаттарды тарта отырып туризмді дамыту мәселелері назардан тыс қалмады. Ауыр және жеңіл өнеркәсіп салалары шикізат шығарумен ғана шектелмей, өндеу мәселесін де қолға алу керек екені айтылды. 

Осы өзекті мәселелердің ішінде жастар мәселесі де тыс қалмады. Жолдауда жастар туралы бірнеше тақырып көтерілді. Бүгінде бала құқығы мен оның қауіпсіздігі, жастар арасындағы буллинг мәселесі өзекті болып отыр. 

Президенттің бұған дейінгі Жолдауларында да жастарды ауылға тарту мәселесі жиі айтылатын. Ауылдық жерлерге жастар баратындай қолайлы жағдай жасалмаған. Ауыл мен қала мектебінің алшақтығы білінеді.  Ауылдарда әртүрлі ойын-сауық және демалыс орындарының жоқтығы да өзекті. Үй беру мәселесі, несие, жұмыспен қамту мәселелері жолға қойылмаған.

Жоғары оқу орнын немесе колледжді жаңа тәмамдаған жастарға жұмыс табу оңай емес. Осы мәселені шешуді қолға алуымыз керек. Мамандық алып, үлкен өмірге жаңадан қадам басқан жастар үшін бұл проблема болмауы тиіс. Мемлекет тарапынан яки агроөнеркәсіптерден немесе ірі компаниялардың тараптарынан қолдаулар болуы керек. Сонымен қатар насихат жұмыстары жүргізілгені жөн. 9-сыныпта, тіпті 8-сыныпта кәсіптік бағдарлар беретін болсақ, бұл үлкен нәтижеге жеткізеді деген ойдамын. Өйткені агроөнеркәсіп бойынша, кейбір басқа да салалар бойынша кадрлар жетіспеушілігі, жастардың болмауы, жастардың шетелдерге кетіп қалуы сияқты мәселелерді де қарауымыз керек. Насихат жұмыстарын жақсылап жүргізсек, барлық қажетті мамандықтарға жеткілікті гранттар бөліп, шәкіртақыны арттырып, жағдай жасалатын болса, оқу бітіргенннен кейін жұмыспен қамту, үй беру, жеңілдетілген несиелер беру мәселелері оңымен шешіліп жатса, жастар ауылдарға барар еді. Сондықтан да ауылдардың дәрежесін, маңызын арттыруымыз керек.

Қазір Астана және Алматы қалаларында жатақхана және оқу аудиторияларының жетіспеушілігі сынды мәселелер бар. Осы екі мегаполиске жастар көп келеді. Мәселен, Еуразия университетіне 7 мыңнан астам студент түсті, бұл үлкен көрсеткіш. Моноқалаларда, облыс орталықтарында жатақханамен қамтылуға мүмкіндік бола тұра жастардың қалмауы, жастардың үлкен қалаларға барып, жатақхана мәселесі, т.б. проблемаларға тап болуы көкейкесті мәселелер. Мәселен, Аризона мен М.Қозыбаев университеттері меморандумдарға қол қойды. Осы сияқты көптеген қос дипломдық тұрғысында меморандумдар жасалса екен. Жастарға тағы да басқа жеңілдетілген, тиімді, әртүрлі бағдарламалар жасалса, жастар моноқалаларда, облыс орталықтарында оқитын еді.

Президент  көтеріп отырған мәселелер өте өзекті. Жастар Мемлекет басшысын қолдайды. Жастарға жаңа мүмкіндіктер берілсе, олар барлығын да жасайды деген сенімдемін. Елімізге жаны ашитын патриот жастар көп болса екен деймін.

Елімізде Отбасы және жастар министрлігі құрылса деген ұсынысым бар. Жастарға көбірек көңіл бөлінсе, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылса құба құп болар еді.

Жалпы Президент Жолдауында айтылған сөздерге толықтай келісеміз, қолдаймыз. Жастар үшін мүмкіндіктер көбейе берсе екен деп тілейміз.

Ұлан АМАНҚАЗЫҰЛЫ,

«Қазақстан студенттері Альянсының» төрағасы