Өңірде жол-көлік апаты салдарынан қаза болған жасөспірімдердің саны өткен жылмен салыстырғанда 46,2 пайызға артқан. Өзекті өртейтін өкініш те осы. Рас, кейінгі жеті айда облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының саны 35,9 пайызға азайған. Алайда ажал құшқан өрімдей жастардың саны күрт көбейгені кімді де болса ойландырса керек.
Полиция департаменті ЖПҚБ жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаров келтірген дерекке сенсек, өңірдегі жол-көлік оқиғасының саны өткен жылмен салыстырғанда 853-тен 547-ге төмендеген. Ал жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза болғандар саны 18 пайызға азайыпты. Сондай-ақ жарақат алғандардың да қарасы сиреген. Нақтырақ айтар болсақ, 39 пайызға төмендепті. Жасөспірімдердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасының азайғаны байқалғанымен, бақиға аттанған өрімдей жастардың көбейгені көңілге кірбің ұялатады.
«Жасөспірімдердің қатысумен болған жол-көлік оқиғасы 27,4 пайызға, яғни 248-ден 180-ге азайған. Сондай-ақ жарақат алғандар саны 33,5 пайызға, нақтырақ айтсақ, 319-дан 212-ге дейін төмендеген. Алайда қаза болғандар саны 46,2 пайызға артты. Өткен жылдың есепті мерзімінде 13 жасөспірім бақиға аттанса, биыл мерт болғандар саны 19-ға жетіп отыр», дейді Б.Ізбасаров.
Жауапты маман келтірген деректерге қарағанда, жол-көлік оқиғасының басым бөлігі көшелердегі жол жиегінде тіркеледі екен. Алайда жергілікті маңызы бар автожолдардағы апат салдарынан қайтыс болған жасөспірімдердің саны күрт арта түскені шынында да жаға ұстатады.
«Жасөспірім өлімі республикалық маңызы бар автожолдарда да аз емес. Мәселен, кейінгі жеті айда болған 37 жол-көлік оқиғасы кезінде алты жасөспірім қыршыннан қиылды. Бұл көрсеткіш баршамызды ойландырады. Сонымен қатар 52 жасөспірім түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Жергілікті маңызы бар автожолда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 8 жасөспірім қаза болды. Сондай-ақ 11 жасөспірім дене жарақатын алды. Осы қаралы санға қарап-ақ жасөспірімдер өлімінің дені қай дәрежедегі жолда тіркеліп отырғанын байқау қиын емес. Көлік оқиғасының басым бөлігі көшелерде тіркеледі. Бүгінгі күнге дейін 128 жол апаты орын алса, салдарынан 5 жасөспірім көз жұмды. Сонымен қатар 149 жасөспірім дене жарақатын алғанын айта кету керек», дейді ол.
Б.Ізбасаров келтірген дерекке сенсек, жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған жаяу жүргіншілердің қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы анықталған. Салдарынан 2 адам өмірмен қош айтысса, 88 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алыпты. Сондай-ақ велосипедтің «жалынан» тартқан жасөпірімдердің қатысуымен 13 оқиға тіркелген. Жол-көлік оқиғасының кесірінен 1 адам көз жұмып, жарақаттанғандар саны 13-ке жеткен.
Бүгінде жасөспірімдер мопед тізгіндеуге құмартып алғаны белгілі. Полиция өкілінің айтуынша, мопед мінген жастардың жол ережесін бұзуы салдарынан 7 жол-көлік оқиғасы анықталған. Апат салдарынан 7 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Сондай-ақ кәмелет жасына толмаған жолаушылардың қатысуымен тіркелген 77 жол-көлік оқиғасы кезінде 16 адам бақилық болса, 104 азамат түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Жол-көлік оқиғасы кезінде өмірмен қош айтысқан жасөспірімдердің басым бөлігі 10-14 жастағы балалар екен. Бұл жағдай ата-аналарды ойландырса дейсің. Өйткені көрсеткіш жыл өткен сайын артып барады. Өрімдей жастардың өмір көрмей жатып бақиға аттанғаны жаныңды аяздай қариды.
«Жасөпірімдер өлімінің артқаны кімді де болса алаңдатады. Сондықтан ата-аналар балаларын қатаң қадағаласа дейміз. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы балалардың қатысумен болған 37 жол-көлік оқиғасы салдарынан 41 адам жарақаттанса, 10-14 жастағы 4 жасөспірім қайтыс болды. 42 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. 14-16 жастағы жасөспірімдердің қатысуымен тіркелген 20 жол апаты кезінде 3 адам бақиға аттанған. 16-18 жастағы жасөспірімнің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы кезінде 2 адам қайтыс болды», дейді Б.Ізбасаров.
Аймақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, құқық бұзушылық саны 3 098-ге жеткенін де айта кету керек. Полиция департаменті іс-шаралар жоспарына сәйкес бұл бағытта атқарылған жұмыстың аз емес екенін алға тартады.
«Жыл басынан бері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында «Абайлаңыз, балалар!», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Назар аударыңыз, балалар!», «Жүргізуші, абай болыңыз, жолаушыңыз – бала!» тақырыптарында және өзге де профилактикалық іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Барлық мектепте өткізілген ата-ана жиналысында балалар қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді», дейді департамент өкілі.
Қысқасы, полиция қызметкерлері тарапынан аз жұмыс атқарылмаған. Алайда жасөспірім өлімі азаяр емес. Неге? Қарапайым жұрт құзырлы орган қызметкерлерінің ескертулерін ерен санамай ма? Әлде көлік тізгіндеген жүргізушілердің жауапкершілігі төмен бе? Мүмкін оң-солын бағамдап үлгермеген балаларын бақылаусыз жіберген ата-ана кінәлі болар? Жеті айдың қорытындысы бойынша 19 жасөспірім өмірмен қош айтысса, жыл соңына дейін бұл қайғылы сан қаншаға жететіні беймәлім. Бір нәрсе анық: автокөлік тізгіндеген жүргізуші де, жолда жүрген азаматтар да қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтамайынша өлім-жітім сиремейтінін қатаң ескеруіміз керек.
Жамбыл облысы