• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Қыркүйек, 2023

Жамал МАНКЕЕВА: Бәрі тілден басталады

335 рет
көрсетілді

Тіл мерекесі жыл өткен сайын дәстүрлі сипат алып келеді. Атаулы күнде сөз бен тілдің байырғыдан жалғасқан байланысына үңіліп, қазіргі сипатын бағамдап жатамыз. Бүгінгідей жаңа технологияның қарыштап дамыған уақытында әрі ақпараттық ағынмен бірге тілдің де қоғамдық қолданысқа сай өзгеріске ұшырауы заңды. Осы турасында филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал МАНКЕЕВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік.

– Тіл туралы анықтама же­­терлік. Ең алдымен, тіл­ді құрал деп білеміз. Ал те­реңі­нен толғасақ, тілдің ат­қа­рар қызметі шексіз емес пе?

– Тіл дегеніміз – дәлелдеуді қажет етпейтін, аксиомаға айналған, әр ұлт­тың, әр қоғам­ның дамуының құралы, та­ным­дық өзегі. Әсіресе қа­зіргі қазақ қоғамында тілдің коммуникативтік қыз­меті ерекше сапаға айнала бара жатыр. Мәселен, «Жаңа Қазақ­стан, Әділетті Қа­зақстан» ұғым­дарын жа­лаң түсінбей шын мәнінде, іске асыру керек болса, мұның да бірден-бір құралы – тіл. Яғни тіл тілші-ғалым­дар­дың, жур­­на­листердің немесе қазақтілді жұрт­­­шы­лықтың ғана қолданыс құралы емес, ол – қоғамның қозғалысы. Қазіргі жа­һан­дану заманында рухани даму мәсе­лесі өзекті. Мұнда да тіл­­дің атқарар рөлі басым. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен  жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген болатын. Яғни қазақ тілі ұлттың сақталуында қуатты рөл атқарады деген сөз.

– Бірақ қазір «шешен сөйлеуден» гөрі «дұрыс сөй­леу» мәселесін көп айтамыз.

– Иә, қазір қоғамдық сананың өзге­руіне байланысты тіл көркем­дігінен айырылып барады. Қазақ­тың дәстүрлі сөзсаптауында ой еркіндігі, ой жүйелілігі мен жүй­ріктігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңы­­лыстыру, тұспал­дап сөйлеу, жасыра сөйлеу сияқты сөйлеу­дің небір түрлері болды. Бұл сөйлеу түрлері арқылы халқымыз терең зейін­ділік пен ойлылық техникасын жоғары деңгейде меңгерді. Ал қазір көпшіліктің шешендіктен бұ­рын таза қазақша сөйлей алмайтыны рас. Бұған әсер етуші фактор көп. Дұрыс сөйлеу мәселесінде ерекше көзге түсетін тіл­дік құбылыстардың бірі – паразит сөздер­дің қолданылуы. Паразит сөз­дер – жат, артық, мағыналық жүгі жоқ дегенді білдіреді. Яғни жаргон, арго, сленгтер. Әдетте, семантикалық жүк­те­месі әл­сіреген сөздер паразитке айналады.

– Өткен кезеңдермен са­лыс­тыр­ғанда бүгінгі тіл­дік қолданыста қан­дай өзгеше­ліктер бар?

– Ана тіліміз мемлекеттік тіл мәрте­бесіне ие болғалы біраз жыл өтті. Содан бері қо­ғамдық сана да өзгерді. Қазақ тілі де уақыт желісімен бірге дамып, өз­геріске түсті. Жаттанды әуенге салып, «ті­ліміз құрыды, қазақ тілінің болашағы жоқ» деп борандата берудің қажеті жоқ. Өйткені бүгінгі қоғамның сипатына қарай икемделген қазақ тілінің дамуында көптеген ілгерілеу бар. Күні кешегі ел Президентінің Жол­дауында негізінен экономикалық ба­ғытқа басым­дық берілген. Эко­­­­но­ми­ка­лық бағдар да өзі­нен-өзі іске аспайтыны тағы анық. Оны жүзеге асыруға рухани, әлеу­­меттік, қоғамдық не­гіз болатын – тіл, тілдің қыз­­меті. Экономикалық са­на да, тұтынушылық сана да өз бе­ті­мен алға баспайды. Айналып келген­де бәрі қазақ тілінің танымдық өзе­гіне, әлеуетіне сүйену керек. Қо­ғамды жаң­ғырту дегеніміз, ең алдымен тіл арқылы сананы жаңғырту емес пе?! Яғни бәрі тілден басталады. Өз басым қазіргі қазақ баспасөзінің тілдің деңгейін, әлеуетін жетілдіру жолында жасап жат­қан жұмысын жоғары бағалаймын. Қор­даланған мәселелер осы баспасөз арқылы, тіл арқылы сарапқа түседі. Ахмет атамыз белгілеп кеткен әйгілі қағида бар – тілдің мүмкіншілігін сарқа пайдалану керек. Қазақ тілінің құдіреті, әлеуеті шексіз екенін білеміз. Орыс тілінің әсеріне байланысты сөйлеуде де, дыбысталуда да, сөз жасауда да, терминжасам саласында да көптеген мәселе туындады. Бір дүниені ұғу керек, біз калькалау әдісінен қашып құтыла алмаймыз. Бұл кез келген тілдің дамуында кездеседі. Дегенмен тілдің жанды құбылыс ретінде қазіргі жаһандану заманы ыңғайын қайта жаңғырған ұғым, сөздер бар. Мәселен, жаңа шық­қан кітап таныстырудағы «тұсау­кесер» сөзі. Ата-баба­мыз­дың салтына сай сөз жаңа заманда жаңаша мәнге ие болып отыр.

Ендігі бір мәселе, қаншама ғалым тілдің түп-тамырына үңіліп, қазып, қаузап, түрлі ең­бектер жазып жатыр. Бірақ сол ғылыми зерттеулер мен тіл­ді қол­данушылардың арасында байланысы жоқ. Оқулықтарға да зерттеулердің нәтижесін кіргізу қиын.

– Сөз мәдениетін қалай жетілді­реміз?

– Тәуелсіздік кезеңі қазіргі қоғамдық өмірдің барлық саласына көптеген оң өзгеріс әкелді. Атап айтқанда, ол өзгерістер ұлттық сананың жаңғыру үдерісіне ықпал етіп, танымдық өзек ретінде тіл мен оның қолданысынан да тыс қалған жоқ. Мемлекеттік мәртебе ана тілінің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтер­ді. Осымен байланысты тілдің қоғамдық қызметін кеңей­тіп, әлеуетін жан-жақты ашу­ға мүм­кіндік беретін жаңа ком­му­никативтік кеңістіктер қалып­таса бастады. Оның ішінде жас ұрпақтың, әртүрлі кәсіп ие­лері мен әртүрлі ауди­тория­ның ұлттық, ғылыми, мем­ле­кетшілдік санасын ана тілін­де игеруге бағытталған, мемле­кеттік тілде сапалы зият­кер­лік хабар тарататын жаңа фор­маттағы бағдар­ламалар, интер­нет т.б. БАҚ-тың тілін қолда­нушы контент қалыптасып келе жатқаны да шындық.

Дегенмен осы бағыттағы креативті ойлау жүйесі мен тың ізденістердің жаңару үрді­сінде ана тілінің ішкі заңды­лықтарына, қолданыс­тың төл сипатына, дәстүрлі сөз мәде­ниетіне сәйкес келмейтін олқы­лықтар да байқалады. Атап айтқанда, ол терминжасам үде­рі­сіндегі мәнсіз калькалық үлгі­лер (баламалар), жөнсіз окказионализмдер, тіл болмысына сәйкес құрылмаған сөз тіркесі мен сөйлемдер сөзді қабылдауға теріс әсер ететін артық қыс­тырма сөздер (жаңағы, т.б). Ана тілінің құдіретін танытып, бар әлеуетін жан-жақты ашып, орынды қолданыс тапқан сөз жүйесін сақтап, дәстүрлі қазақ сөзсаптам үлгісін жалғастыру – қазіргі таңда аса өзекті. Бұл, сайып келгенде, қазақ сөзінің қазіргі заманауи қоғамдағы коммуникативтік қызметінің сапасын көтереді. Шын мәнін­де, тіл тұтынушының тезіне түскен сөз болмысының өзге­ріп, құбылуы, дағдыдан тыс қолданысқа түсуінің оң/теріс сипаты оның тұлғалық танымына, біліміне, біліктілігіне байланысты. Сондықтан сөз мәдениеті мәселесін төл мә­де­ниетіміздің сөз өнеріне не­гізделген тәрбиесіне сай жетіл­діру – өзекті мәселе.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»