Елімізде балаларға қарсы жасалған қылмыс саны 18 пайызға өскен. Бұған қоса кәмелет жасына толмағандар арасында суицид те азаймай тұр. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен кеңесте кеңінен айтылды. Жиынға балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша министрліктердің басшылары мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен жиында мамандар бала құқықтарын қорғау және отбасыларға қолдау көрсету үшін IT технологияларды кеңінен қолдануды ұсынды. Осы ретте қатысушыларға «Е-превенция» жобасы таныстырылды. Бағдарлама қиын жасөспірімдердің өмір сүру жағдайларын, бос уақытын, білім алу мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәселелердің талдауға мүмкіндік береді. Әрі полиция, білім беру, әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге жол ашады.
«Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу саласында қолайсыз отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және балалар өгей әкесімен бірге тұратын отбасыларға іс жүзінде бару қамтамасыз етіледі. Бұл жоба елордада және Ақтөбе облысында сыналып жатыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдардың 80-нен астам дерекқоры біріктірілген «Отбасының цифрлық картасының» мүмкіндігін таныстырды. Осылайша, жиылғандар балалардың жарақаттануының себептері мен кәмелетке толмағандар арасындағы балалар суицидінің және қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмысты жіті талқылады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева зорлық-зомбылық, қатыгездік, балалардың терезеден құлауы, балалар мекемелерін лицензиялау және буллинг мәселелері бойынша 50-ден астам түзетуді қамтитын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық сипаттағы ұсыныстар келтірді.
– Елімізде күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалады. Күн сайын 1-2 бала өз-өзіне қол жұмсайды немесе жұмсауға тырысады. Тек осы жылдың 8 айында өткен жылмен салыстырғанда бұл деректер 47 пайызға өсті. Ал балаларға қатысты жасалған қылмыс саны 18 пайызға өсті. Күн сайын 342 бала тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады, – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.
Мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды жұмыс тобының отырыстарында одан әрі талқылайды. Іс-шара соңында Бас прокурор Берік Асылов пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева меморандумға қол қойды. Осылайша, тараптар өзара ынтымақтастық туралы уағдаласты.
Айта кетейік, елорда прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау тәжірибесіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарға қатысты айыппұлдардың артық сомаларын салу және жауапқа тарту мерзімдерін қолданудың ерекше тәртібін бұзғаны анықталды. Қадағалау актілері негізінде уәкілетті органдардың 30 қаулысы заңға сәйкестендірілді, атап айтқанда 13 іс бойынша айыппұл соммасы төмендетілген. Ал 17 іс жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылыпты.