«Испания Вуэльтасының» 14-кезеңі Францияның таулы аймақтарында өтті. Совтер-де-Беарн мен Ларра Белагуа коммуналары аралығы 152,6 шақырымды құрады.
Бұл тартыста бельгиялық Ремко Эвенепулге («Soudal – Quick Step») тең келер ешкім табылмады. Ол мәре сызығын 4 сағат 13 минут 38 секундта қиып өтті. Франциялық Ромен Барде («Team dsm – firmenich») басты қарсыласынан бір минуттан аса уақыт қалып қойды. Үшінші орынды нидерландтық Леннерт Ван Этвельт («Lotto Dstny») иеленді. «Астананың» серкесі Давид Де Ла Крус алтыншы сатыға жайғасты.
Көш басында біраз өзгеріс бар. Бұған дейін екінші және үшінші орында келе жатқан Марк Солер («UAE Team Emirates») мен Ремко Эвенепул өз орындарын словениялық Примож Роглич («Jumbo-Visma») пен даниялық Йонас Вингегор Расмуссенге («Jumbo-Visma») босатты. Америкалық Сепп Кусс («Jumbo-Visma») әлі де алдына жан салар емес. Ол басты бәсекелесінен 1 минут 37 секунд озып тұр. Ал Давид Де Ла Крус бір сатыға жоғарылап, қайта 11-орынға көтерілді.