• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 10 Қыркүйек, 2023

Сақ-сақ күлкі...

324 рет
көрсетілді

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісімен түсірілген режиссер Болат Мансұровтың «Құлагер» фильмінде небір сұмдықтар орын алмай ма? Жамбы атам деп жалп еткізіп сұңқар яки бір құс атып түсіргенді жорыған Бағдаттан келген дәруіш дейсіз бе, үнемі жырқ-жырқ етіп алысып үретін сайқымазақ па, әйтеуір көп-ақ.

Әлгі дәруіш өлген құстың ыры­мын жорырда жалаң аяқ от­ты басып барғаны неткен үрейлі. Осы сұмдықтардың арасында есте ерекше қалғаны, ат­тар қай­тып келе жатқанда, қолын­да мыл­тық, қамыс ішінде ән са­лып жүретін қу бар еді ғой. Қа­рақшы ма, бір пәле! Құла­герді ататын құдайсыз неме, қа­мыс ішінде тұрып алып: «Көп жыл­қының ішінде ала құнан, жел қағады сұлудың бала­ғынан. Суға түскен шолпандай шол­пылдатып, қалқаның сүйер ме еді тамағынан?! І-ім», деп құ­шырланып тұрып ауаны сүйіп алатыны бар емес пе? Қарақшының бұл қылығы жа­ғымды көрінбейді. Тасада мыл­тық құшақтап арам ойда отырса, әрине жағымсыз шығады. Де­генмен жұрт көңілін аулауға, айт­қан сөздің ләміне туындының осындай бір тұсы да жеткілікті.

Қазақ ән салғанда не істеме­ген? Жалпы, қазақ ән салғанда... деген бітпейтін шексіз тақырып. Күл­ген, сұқтаған, жылаған, сық­таған, тағысын тағы... Бір қас­иеті, осының бәрін әдемі, жарасымды орындаған. Мәселен, дейсіз бе? Мәселен, Қайрат Бай­босынов халық әні «Ағаш аяқ­ты» құйқылжыта шарықтатып әкеліп, соң жағына келгенде еңіреп тұрып, солқылдап жылай­тыны бар ғой. Кәдімгідей жы­лап тұр екен деп ойлап қала­сыз. Сөйтіп, жылап-сықтап көрер­меннің көңілін босатады да, ақы­рында байқатпай айқайға басып қалмай ма? «Қара жол ма дегені шұбырынды із болған, ала жаз­дай үй көрмей, іздегені қыз болған» жігіттің «зары» көңілді көтереді-ақ. Әнші бұл әнді шетелде шырқағанда, тыңдарманды жылатып, сықтатып қана қоймай, біреуін жалпасынан түсіргені туралы аңыз да бар ел аузында. Әлгіндей жыламсыратып, егіл­діре түсіп, соңынан айқай сал­ғанда, балконда сүйеніп тұрған тың­дарман төменге құлап кетті дейтін.

«Ағаш аяқ» әніндегі жылау кәдімгі емес, елді күлдіру мақса­тымен қойылған қуақы ойын, күлдіргі жылау. Соңында айқайға басып жібергенде, жүрегіңіз жарылып кете жаздайды. Керісінше көңіліңіз көтеріліп қалады. Ха­лық­тың көңілін аулап, бір сәт дема­лыс сыйлау үшін сал-серілер өнердің неше түрлі сатысына көтерілгенін көрмейсіз бе? Демек дала даңғайырлары ізденіс пен эксперименттің неше атасын жасаған. Иә, солай...

Бұл жыламсырата, көңілін босатып әкеліп күлдіру болса, ән ішінде кәдімгідей сақылдап күліп ала жөнелгенді де сіздер білетін шығарсыздар? Төтесіне көшсек, ән ішіндегі нағыз, сақ-сақ күлкі – ақын Тайжан Қал­маған­бетұлының «Сақ-сақ» әні. Бұл енді қапысыз, еш боямасыз күлкі. Қыз-қырқын, ойын-сауықтың ортасында шалқып жүрген серілік дәуреннің дауысы десе болады. Және «Сақ-сақтың» бірінші, екінші түрі бар. Бірінен бірі өткен құбылыс. Екінші түрі бастан-аяқ қыран-топан күлкі. Бірінші түріне қарағанда аса күрделі, оның үстіне Тайжан бұл шығармаларды сырнаймен салғанын ескеріп қойыңыз. Бал­қып-шалқып, ырғап-жырғап оты­рып, сырнайын олай бір, бұ­лай бір лақтырардай болып, қайта құшып, кеудесін кере сақыл­дап күледі-ай келіп. Бұл – қазақ­тың сал-серілік дәуренінің бір кө­рінісі, әсірелеп айтқанда, ел қы­дырған есер шақтың жығылмаған жалауы.

Бертініректе Тайжан ақын әндерін жинап, таспаға түсіріп, насихаттап жүрген әнші Ғалым Мұхамедин «Сақ-сақтың» бі­рінші түрін келісті орындайды. Бәлкім, бұл кісіден естіп үйренді, бәлкім өзгеден, әйтеуір басқа әншілер бір рет күлсе, Ғалым Мұ­хамедин екі сақылдайды. Алғаш­қысы екінші, негізгі күлкінің алдындағы дайындық іспетті. Бастапқыда бір сақ ете қалады да, екіншіде ұзағынан жібереді. «Тайжан Қалмағанбет. «Сақ-сақ» деп терсеңіз, интернеттен бірнеше әншінің орындауында шығады. Ғалым Мұхамедин «Сақ-сақты» Тайжанның қарын­дасы – ақынның ағасы я інісінің қызынан барып тыңдап, жазып алғанын айтады. Оған дейін Тай­жан ақынның бірер әні ғана жүрсе керек ел ішінде. Бұл кісі 1937 жылы «халық жауы» ретін­де атылып кеткен соң, ел қорқып айт­пай қойған деседі.

Өнертанушылардың көбі соқ­пай кетпейтін үш күлкі болса, бірі – осы Тайжанның сақылдаған күлкісі. 1936 жылы Мәскеудегі қа­зақ өнерінің онкүндігінде елдің есінде қалған күлкінің бірі де осы ақын Тайжан шырқап сал­ған «Сақ-сағынан» естіліпті. Тағы біреуісі – «Қыз Жібек» опе­ра­сындағы Бекежанды ой­наған Құр­манбектікі. «Тақия­лы періштедегі» Әмина Өмір­зақованың күлкісін қайда қоясыз? Құрманбек күлкісінің жөні бөлек. Бұл туралы көп айтылып, жазылды. Ал мына «Сақ-сақтың» сақылы – көп танылмаған сирек құбылыс. Екі әншінің бірі батылы жетіп бара бермейтін тосын ерлік. Жаныңыздан сөз бен саз суырып, оны ел алдында орындағанда күлмек тұрмақ, сөз арасында сақылдап жіберуге дәтіңіз жетпеуі мүмкін. Тіпті сал­ған күнде жасанды көрініп қалуы да кәдік. Ал ән ішіндегі ерлік емей не? Түйсіну үшін «Сақ-сақ­ты» тыңдап көріңіз.