Мұнайлы астананың жастары мен бюджеттік сала қызметкерлері Отбасы күніне орай жаңа пәтерлерінің кілттерін алды. Басыбайлы баспанаға жеткендер – Отбасы банк салымшылары. Олар «Атырау жастары» және «2-10-20» бағдарламалары бойынша пәтерлі болып отыр.
Тұрғын үй кілттерін табыстау салтанаты Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс атындағы орталық алаңда кең көлемде аталып өтті. Алдымен жиналғандарға биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Отбасы банктің құрылу тарихы мен қазіргі қызметіне қатысты сұрақтар қойылып, ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен жаңа жиһаз алуға сертификаттар берілді.
Шараның басты қонағы, белгілі «Орда» тобының әншісі Дастан Оразбеков қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, үйлі болған азаматтарды сахнадан шын жүректен құттықтады.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов баспана бақыты бұйырған жандарға көптен күткен пәтер кілттерін табыстады.
«Мұндай коллаборация алғаш рет Атырауда іске асып отыр. Серік Жамбылұлы бастаған жергілікті әкімдіктің қолдау білдіргеніне ризамын. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін де үймен қамтуға бірлесе жаңа жобаларды қолға алатын боламыз. Әр отбасы үйлі болсын!», деді Нұрлан Сағындықұлы.
Отбасы банк пен Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен бастау алған аймақтық «Атырау жастары» бағдарламасы аясында алпысқа жуық отбасы баспаналы болды. Қуаныш иелері сахна төріне шығып, армандаған пәтер кілтін қолдарына алып, көз жастарына ерік берді. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, тіпті, салық қызметкерлері де бар.
«Мен бұл күнді тағатсыздана күттім. Себебі, баспаналы болу – басты арманым еді. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деп бекер айтылмаған ғой. Бүгін арманым орындалып, бақыттан балбұл жайнап жүрмін. Осы жақсылықтың бәріне себепші болып жатқан «Отбасы банкіне» алғысым шексіз. Ел үшін еңбек етіп жүрген банк қызметкерлеріне мол табыс, зор жетістіктер тілеймін», дейді баспаналы болғандардың бірі Маржан Ақтәжиева.