Семей қаласындағы «Арбат» алаңында «Тіл – тұтастық туы» атты фестиваль өтті. Ауқымды мәдени іс-шараны Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.
Фестивальдың қызықты өтуі көрермендерді мақал-мәтел, жаңылтпаш, өзге де танымдық ойындарға арнайы ортаға шақырып, қатыстыруымен ерекшеленді. Сонымен қатар жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі де мәдени іс-шараның ажарын ашты.
«Тіл – тұтастық туы» фестиваліндегі тағы бір тамаша іс Абай облысында тіл саясатын дамытуға белсенді үлес қосып жүрген әр ауданнан келген ұстаздардың, мәдениет саласы мамандарының марапатталғаны болды. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назира Тасболатқызы Бесқарағай ауданындағы Н.Баймұратов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Альфиса Шамсутдинованы, Бородулиха ауданы М.Әуезов атындағы орта мектеп мұғалімі Әсел Ықыласованы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысхатымен марапаттаса, осы министрліктің Тіл саясаты комитетінің Алғысхатын Пәкістан Республикасының азаматы, Шәкәрім университеті филология факультетінің 2-курс студенті Усама Шахид Мухаммадқа табыс етті.
«Тіл саясаты комитетінің тарапынан Алғысхат алуым – мен үшін зор мәртебе. Қазақ тілінде 70 пайыз шамасында сөйлеп, жаза аламын. Балалық шағым 1998-2012 жылдары Қырғызстанда өтіп, сол елде 9-сынып бітірген болатынмын. Бірақ біздің ел Қырғызстан мектебінің аттестатымен қабылдамады да, біраз жыл қайтадан оқуға тура келді. Сөйтіп, 2018 жылы мектепті сәл кешігіп бітірдім. Қазір жасым 26-да. Семейге келіп, Шәкәрім университетіне оқуға түсіп, қазір әр ауданнан келген балалармен танысып, көбімен достасып кеттім. Балалық және жастық шағым Орталық Азияда өткендіктен, келешекте қазақ тілінен аудармашы болып жұмыс істемек ойым бар. Мен Қазақстанды және қазақ халқын шын жүректен жақсы көремін», дейді Усама Шахид.
Фестиваль аясында бір байқағанымыз, жастардың өнерге, спортқа, рухани-мәдени салаға қатысуға ынтасы арта түскен. Сахна төрінде Абай атындағы театр әртістерінің сомдауымен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлының қазақ еліне, болашағына қатысты өзара ойларын ортаға салып, ұлтының тағдырына алаңдаушылығын жеткізген арнайы қойылым да көрермен жүрегіне жол тапты.
Абай облысы