«Астана-Арена» стадионына жиналған жанкүйерлер футболдан Қазақстан құрамасы мен Солтүстік Ирландия командасы арасындағы матчтан кейін трибунадағы қоқыстың бірін қалдырмай жинап кетті. Осылайша, ойынды тамашалауға келген бір топ ерікті мен жанкүйердің игі ісі елді сүйсіндірді.
Өткен аптада елде футболдан «Еуро-2024» іріктеуі аясында екі кездесу өтті. Онда Қазақстан құрамасы Финляндиядан минималды есеппен жеңілген-ді. Ал жасыл алаңдағы тағы бір кездесуде ұлттық құрама 1:0 есебімен Солтүстік Ирландия командасын ұтты. Осы тарихи жеңістен кейін отандық жанкүйерлер мен бір топ ерікті өздерінің мәдениеттілігін көрсетіп, ойын өткен стадионды қоқыстан тазартып кетті. Отандық жанкүйерлердің бұл әрекетіне әлеуметтік желідегі көпшілік таңдана қарады. Өйткені бұл іс футболсүйер қауымның белсенділігі ғана емес, саналылығы мен ауызбіршілігін көрсетті.
«Матчтан кейін стадионды қоқыстан тазарту – қала жастарының, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлерінің және қалалық волонтерлер штабының бастамасы. Мұны Президенттің өзі қолдағаны қуантады. Осы іс-шараға 500-ге жуық ерікті қатысты. Бұл бір реттік қана емес, жыл бойына жасалып келе жатқан жұмыстар. Әрине, бұл – ең алдымен тазалықтың кепілі. Содан кейін қоғам арасында тазалықты сақтау мәдениетін дәріптеу болып саналады. Әсіресе тазалық сақтауды жастардың бойына дағды ретінде қалыптастыруға үгіттейді», деді волонтер Айзат Әбиболлақызы.
Қоршаған ортаға жауапкершілік әлем халықтарының ішінде жапондықтардың бойына жақсы сіңген. Олар қай матчқа қатыспасын, спорттық іс-шара аяқталған соң қалталарынан қоқыс пакеттерін шығарып, жан-жағын жинап кетеді. Бұл олардың заңында жазылмаса да, ділінде мықтап сақталған. Біздегі еріктілердің жеткізгісі келгені де осы.
Айта кетейік, жалпы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы биыл сенбіліктер, ағаш отырғызу, өзендердегі қоқысты жинау, қыс мезгілінде аулаларды қардан тазарту сынды 50-ден астам іс-шара өткізген. Жыл соңына дейін экобағыт бойынша тағы 15-ін ұйымдастыруды көздеп отыр.