• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қыркүйек, 2023

Тұрақты даму бағытына қолдау көрсетеміз

210 рет
көрсетілді

Елордада БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың қатысуымен баспасөз жиынын өткізді. Іс-шара биылғы 18-19 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде өтетін 2023 Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) саммитіне орайластыра ұйымдастырылды.

Ұлттық экономика министр­лігі мен Экономикалық зерттеу­лер институтымен бірлесіп өт­кізілген жиынға тұрақты даму­ға қатысты маңызды мәсе­лелер талқыланды. Іс-шара барысында жергілікті деңгейде батыл әрі серпінді қадамдардың қажет екені айтылды.

Брифингте сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақ­ты үйлестірушісі Микаэла Фри­берг-Стори еліміздің ор­нықты дамуға үнемі қолдау көр­сетіп келе жатқанына назар аударды.

«Келесі аптада Нью-Йоркте саммит өтеді. БҰҰ Бас Ассамб­леясының жаңа төрағасы жаңадан сенімді жүзеге асырып, ынтымақтастықты дамыту керегін айтты. Қазақстан мультилатерализмге және орнықты дамуға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Сонымен қатар БҰҰ-ның Жарғысын орындауға үлес қосып келеді», деді М.Фриберг-Стори.

Спикер отырыста еліміздің даму мақсаттары бо­йынша жеткен жетістіктері туралы сөз болатынын жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылы мемлекет басшылары тұрақты даму бағдарламасын қабылдау үшін жиналған болатын. Қазір әлем орта жолға жетті.

«Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін 7,5 жылға жуық уақыт қалды. Бұл саммит осы мақсаттарға жетуді жылдамдату үшін өткізілгелі отыр. Біз Қазақстанның алға қойған мақсаттарына барын­ша қолдау көрсетеміз. Бірне­ше мысал кетіре кетейін. Мәсе­лен, ана өлімінің төмен­деге­нін көріп отырмыз. Бірақ оны­мен қоса кедейлік ше­гі­нен тө­мен деңгейде өмір сүре­тін халық бар», деді БҰҰ-ның Қа­зақ­стандағы Тұрақты үйлестірушісі.

Ұлттық экономика министр­лігі Әлеуметтік саясат және мем­­лекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова орнық­ты даму мақсаттары кедей­ші­лікті жоюға бағытталғанына тоқталды.

«Бүгін БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 78-сессиясы шең­беріндегі Орнықты даму мақ­сат­тары бойынша саммит қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл саммит Орнықты даму мақсаттарының жеделдетілген прогресінің жаңа кезеңінің бас­талуын белгілейді. Өздеріңіз бі­летіндей, орнықты даму мақ­саттарының тарихы 2015 жыл­дың 25 қыркүйегі­нен басталады. Дәл сол кезде БҰҰ-ның Нью-Йорк­тегі штаб-пәтерінде әлем­дік көшбасшылар 2030 жыл­ға дейінгі Тұрақты даму күн тәр­тібін қабылдады», деді Н.Жан­назарова.

Баяндамашы атап өткен­дей, еліміз халықаралық қоғам­дастықтың қатысушысы ретінде 2030 жылға дейінгі кезеңге орнықты даму саласындағы күн тәртібінде қойылған мәсе­лелерді орындауға бел шешіп кіріскен.

«2030 жылға дейінгі кезең­ге арналған тұрақты күн тәртібі кедейлікті жоюға, теңсіз­дік­пен күресуге, сондай-ақ кли­маттық өзгеруіне байла­ныс­ты мәселелерді шешуге бағытталған 17 орнықты даму мақсатынан тұрады. Біз ха­лық­аралық серіктестеріміздің қол­дауын жоғары бағалаймыз. БҰҰ-ның қолдауымен 2020-2021 және 2025 жылдарға ар­нал­ған орнықты даму мақса­тында ынтымақтастықтың не­гіз­демелік бағдарламасы іске асы­рылып жатыр. Қазақ­стан орнықты даму қағидаттарын ұлт­тық бағдарламалар мен стратегияларға интегра­ция­лау­дың жоғары деңгейінің арқа­сында орнықты даму мақ­сат­тарын іске асыру үдерісін жет­кілікті, жақсы бастапқы пози­циядан бастады», деді Н.Жан­назарова.

Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов Қазақстан Үкі­меті шағын және орта биз­нес­ті қол­дауға арналған жаңа бағдарлама әзірлеп жатқанын жеткізді.

«Микро және шағын бизнес­ке өте аз салық салып, ал орта бизнеске үлкен са­лық төлесең, онда бизнес іріленгісі келмейді. Біз бизнес­тің өскенін қалаймыз. Яғни бұл дамуымыздың реформалар және қолдау аясындағы екінші бағыты деп айтуға болады. Ал мемлекеттік сатып алу жүйесіне келсек, онда да ілгерілеу бар. Шағын және орта бизнес үшін тіпті орта кәсіпорындардың ішінде де әлеуметтік тұрғыдан осал қызметкерлер болуы мүм­кін. Оларға да мемлекеттік сатып алу аясында белгілі бір жеңілдік беріледі», деді Ә.Құсманов.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнеске қолдау көр­сету мақсатында Үкімет қазір жаңа бағдарлама дайындап жатыр. Бұл бағдарламаның ерек­шелігі, берілетін субсидия және жеңілдетілген кредит бизнестің ауқымына байланыс­ты болмақ.

Биылғы Тұ­рақ­­ты даму мақ­саттары сам­миті 18-19 қыр­­күйек­те БҰҰ Бас Ас­сам­блея­­­сының Жоғары дең­гей­дегі ап­­талығы аясында өтеді. Мемлекет және үкімет басшылары тұрақты дамудың 2030 жыл­ға арналған күн тәртібін және Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) іске асыру барысын қада­ғалап, атқарыл­ған шаруалар­ды талқыламақ. Саммиттің қоры­тындысы бо­йын­ша саяси декларацияны қа­был­дау жоспарланған.

Тұрақты дамудың 2030 жыл­ғы күн тәртібі – кедейлік, тең­­сіз­­­дік, климаттың өзгеруі, қор­ша­­ған ор­таның деградация­сы секіл­­ді әлем­дегі ең өзекті мәсе­ле­лер­­ді ше­шуге арналған жаһан­дық мін­­­д­еттеме. Құжат 2030 жылға қа­ра­й әлем­ді өзгертуге арналған Тұ­­рақты дамудың 17 мақсатынан  тұрады.