• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қыркүйек, 2023

Армрестлинг Түркістан облысы мен Шардараның брендіне айналды – Дархан Сатыбалды

197 рет
көрсетілді

Алматы қаласында 50-ден аса елдің 1000-ға жуық спортшысының қатысуымен өткен қол күрестен 44-ші әлем чемпионатында еліміз 39 алтын медаль еншіледі, оның ішінде 21 алтын жүлдені Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының спортшылары жеңіп алған, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Нақты атап айтқанда, Шардара спортшылары қол күрестен жеткіншектер арасында 3 алтын, жасөспірімдер арасында 9 алтын, жастар арасында 3 алтын, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 1 алтын, ересектер арасында 5 алтын және 4 күміс жүлдені жеңіп алған.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлем чемпиондарын қабылдап, құрмет көрсетті.

«Осы спорт түрін Шардарада, елімізде дамыта білген даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың еңбегін атап өтуіміз керек. Мұндай жетістікке жұмысын шексіз жақсы көретін бапкер ғана жете алады. Сіздердің жеңістеріңізге үнемі мақтанып жүреміз. Еліміздің бірде-бір өңірінде мұндай көрсеткіш жоқ. Жүзден аса әлем чемпионын шығару - тамаша жетістік. Жігіттермен бірге қыздарымыз да әлем чемпионы атанды. Ерекше қажеттілігі бар спортшыларымыз да сенімді ақтады. Жеңістеріңіз еліміздің спорт тарихына алтын әріппен жазылады», деген Дархан Сатыбалды аталған спорт түрін өзге аудандар мен қалаларда дамытуды қолға алу керектігін, спорт дамыса, жастар зиянды әдеттерден аулақ болатынын, өңірде спорт нысандары салынып жатқанын, спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов спортшылардың жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ қол күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы әрі жаттықтырушы Қыдырғали Оңғарбаев өңір басшысына алғыс айта келе, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арнап жеңімпаз кубогын табыстады. Спортшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырғаны мәлім. Осы орайда, облыс әкімінің баспасөз қызметі облыста 45 спорт нысаны бой көтергенін хабарлады. Оның ішінде көпфункционалды «Olympic Center» спорт кешені ашылып, «Түркістан-Арена» стадионы, «Теннис орталығы» пайдалануға берілген. Конституция күні қарсаңында «Мұз сарайы» ашылды. Қазіргі таңда облыста Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені мен ескек есу каналының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, Шардара спортшылары осы күндері әлем чемпионаттары мен кубоктарында 149 алтын, 84 күміс, 19 қола, ал Азия чемпионаттары мен кубоктарында 328 алтын, 146 күміс және 98 қола медальға қол жеткізіп отыр. Оның ішінде 107 әлем чемпионы даярланған.