Әр ұлтты ерекшелендіретін – дәстүрлі құндылықтары. Адамның жеке қолтаңбасы болатыны секілді, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы бар.
2020 жылы РФ Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров халқының ұсыныс-тілегін ескеріп, ұлттық костюм күнін бекітті. Биыл 8 қыркүйек күні Уфа қаласында осы шара кеңінен аталынып өтті. Ұлттық киім күні «Мирас» ән-би ансамблінің «Башқұртстан» композициясымен ашылып, башқұрттың халық әндері орындалды. «Инзер», «Сармат» бишілер тобы көрерменге ұлттық биден шашу шашса, түрлі мамандар костюм түрлерін таныстырып, оны жасаудың шеберлік сағаттарын өткізген.
– Ұлттық костюм – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Бұл жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Оны жан-тәнімізбен берік қорғауымыз керек. Біздің кітапханада ұлттық костюм туралы һәм өзге де түбірлі тарих төркінін баяндайтын еңбектер аз емес, – дейді Уфадағы Ахмет Зәки Уәлиди атындағы ұлттық кітапхананың директоры Марат Зұлқарнаев.
Башқұртстан елінің мерекесі бізге үлгі бола аларлық. Елімізде ұлықтауға тұрарлық салт-жоралғыларымыз, ұлттық киімдеріміз жетерлік. Ұлттық киімімізді ұлықтау арқылы халықты елдік құндылықтарға жақындата түсер едік.