• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Қыркүйек, 2023

Азияны ілгерілететін бастама

203 рет
көрсетілді

21 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Министрлер кеңесінің бейресми отырысы өтеді. Отырысқа Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық етеді.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2020 жылдан бері АӨСШК-нің төра­ға­сы міндетін атқарып келеді. Жиын барысында АӨСШК Бас хат­шысы, елші Қайрат Сарыбай АӨСШК-нің қызметі туралы баян­дама жасайды. Жоспар бойынша, Министрлер кеңесі ұйымды ны­ғайтуға және Азияның жаңа жа­һан­дық рөліне бейімдеуге бағыт­тал­ған реформалардың сегіз нақты бағы­тын көрсететін АӨСШК Транс­фор­мациясының жол картасын бе­кітеді. Біртіндеп трансформация­лау үдерісі 2022 жылы қазанда Астанада, Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ қабырғасында ұйымды құру бастамасына 30 жыл толу мерейтойы құрметіне орайластыра ұйым­дас­тырылған АӨСШК алтыншы саммитінде басталған-ды.

Жол картасы ұйым жарғысын әзірлеу, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздеу секілді ашық және толық емес тізбесі бар трансформация үдерісінің құрылымдық күн тәртібі мен жетекші құжаты ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ АӨСШК, бюджет және кадр реформасы және басқа да тақырыптар қамтылады.

Сондай-ақ министрлер АӨСШК-нің азаматтарды, әсіресе жастар ара­сында волонтерлік қызметке бел­сенді қатысуын қолдау және ын­та­ландыру бойын­ша мүлдем жаңа бағытқа күшті саяси серпін беретін волон­терлік қызметті іл­герілету туралы мәлімдемені қа­был­дайды.

Министрлер кеңесінің мүшелері АӨСШК-нің одан әрі институционалды дамуының перспективалары туралы пікір алмасады. Ұйымды транс­формациялау бойынша алғаш­қы практикалық қадамдарға егжей-тегжей тоқталады. Сондай-ақ ағым­­дағы күн тәртібіндегі басқа да ма­­ңыз­ды мәселелер талқыланбақ.

Министрлер кеңесі саммиттен кейінгі АӨСШК-нің екінші жоғары басқару органы саналады. Кеңес саммит шешімдерін іске асыруға, АӨСШК-нің ағымдағы қызметін және АӨСШК аға шенеуніктердің комитеті оған енгізген барлық мәсе­ле­лерді қарауға жауапты. Түрлі деңгейдегі консультациялар және АӨСШК күн тәртібіндегі негізгі мәсе­лелер бойынша шешімдер қа­был­дайды.