Еліміздің оқушылары Грузия елінде информатика пәні бойынша өткен EJOI-2023 жасөспірімдер олимпиадасынан олжалы оралды, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«EJOI халықаралық IOI информатика олимпиадасының ережелері мен стандарттарын ұстанады. Бұл маңызды оқиға, Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттерінде IT-индустрия элитасының даму сатысы. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы төрт медаль жеңіп алды. Алтын медаль Мамадахунов Мансұрға бұйырды. Ол Қызылорда қаласындағы С. Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының 9-сынып оқушысы. Күміс медальді екі оқушы иеленді. Оның бірі Серікбай Сұңғат - Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы, енді бірі Аменов Әлем Семей қаласындағы «Білім-Инновация» дарынды ұлдарға арналған мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы. Ал Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Алдамжаров Әлішер қола жүлдегер атанды», делінген ақпаратта.
Қазақстан құрамасына Astana IT университетінің оқытушысы Темірлан Сатылғанов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Айдос Нұрмаш жетекшілік етті.