• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 15 Қыркүйек, 2023

Алатау баурайындағы кино жәрмеңкесі

250 рет
көрсетілді

Алматыда киноконтент өндірушілердің, продюсерлердің, дистрибьюторлік компаниялардың, сейлс-агенттердің, кино желілерінің, стримингтік платформалардың, халықаралық кинофес­тиваль сарапшыларының, Еуропа және ТМД елдеріндегі кино саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері қатысқан Eurasian Film Market халықаралық кино нарығы басталды.

Әлемнің ондаған елінің жүз­деген кәсіби кино өндірушісі­­нің мүддесін бір мақсатқа тоғыс­­ты­ратын маңызды жәрмеңке бұл. Форумның фокусы Орта Азия елдерінің киноиндуст­рия­сы­на ба­ғытталғандықтан, отан­­дық кино саласының бас қаржы операторы Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығы ки­но­нарық қатысушыларына өз ­жо­баларын бірінші болып ұсынды.

Алғашқы сөз тізгінін алған ҰКҚМО басқармасының жаңа төрағасы Құрманбек Жұмаға­ли Киноорталық 2019 жылы құрылған сәттен бастап, жалпы сомасы 17 млрд теңгеге 100-ден аса киножобаға мемлекет тара­пынан қолдау көрсетілгенін атап өтті. Киноорталық жыл са­йын ашық байқау өткізіп ке­леді, бай­қауға төрт жылдың ішін­де 600-ге жуық жоба қатыс­қан. Оның ішінде 47 толықмет­раж­ды фильм, 25 деректі фильм, ­24 қыс­қаметражды фильм және ­8 ани­мациялық фильм бар.

«Біз бұл жұмысты жалғас­тыра отырып, отандық кино­нарықты қолдаудың жаңа тетігін енгізуді жос­парлап отырмыз. Алдымызда жүзеге асырылуға тиіс қысқа және ұзақмерзімді міндеттер бар. Ол өзгерістер, ең алдымен, қолданыстағы «Кинематогра­фия туралы» заңды, ережелер мен эксперттік комиссияның жұмысын жетілдіруге қатысты қабылданбақ. Сондай-ақ кон­курсқа құжаттарды тапсыру рәсімін де цифрландыру жос­парланып отыр», деді Құрманбек Жұмағали.

Бұдан соң жиналған қауымға ҰКҚМО басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөке­нов Киноорталықтың прокатқа шығуға дайын тұрған кино­­кар­ти­на­ларын ұсынды. Терең маз­­мұ­нымен көрерменнен қол­дау ­та­уып, прокаттың «хи­тіне» айнал­ған «Ақын», «Схе­ма», «Бауыр­лар», «Пара­олим­пиа­дашы» фильм­дерінің халық­ара­лық ірі фестивальдерде топ жарғаны бүгінгі қазақ ки­но­сының жа­ңа белесін айқын­дайды. Б.Шөкенов аталған фильм­дердің ішінде Америка мен Корея кино бәйгелеріне ша­қырту алып отырған Темір­бек Аман­жоловтың «Ева – батыр қыз», қазан айында Испания­да­ғы беделді кинофести­вальде көр­­сетілетін Асхат Кучин­чире­ков­тің «Бауырына салу», Сан­жар Мәди, Дәурен Серғазин, Асыл­хан Төлепов, Гүлназ Жола­нова сын­ды тамаша актерлік құрам­мен ерек­шеленетін Данияр ­Ибра­гимовтің «Бүркіт» экшн-фильмі бар.

Сондай-ақ әйгілі Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» атты жаңа жұмысы мен Фар­хат Шәріповтің «А-Студио» ән­де­рі­не негізделген ауқымды «Ма­хаб­бат сарбазы» мюзиклі танысты­рылды. Бұл жобаға Бай­ғали Сер­ке­баев продюсер-ке­ңес­ші ретінде тартылған. Соны­мен бірге Максим Акба­ров про­дюсерлік ететін «Жаза» атты сы­байлас жемқорлық тақырыбын қаузаған экшн-драмасы және қазақ рэпінің пайда болуы туралы Айторе Жол­дасқалидың дебюттік «Шу­лама» жұмысы көрер­мендердің ерекше қызығу­шылығын тудырды.

Сонымен қатар Киноорта­­лық жеке блокта 2022-2023 жылы мемлекет қолдауымен түсіріл­ген фильмдердің трейлерін таныстырды.

Сондай-ақ Eurasian Film Mar­ket аясында «Фрацуз премьералары» атты француз ки­но­сының фестивалі де өтті. Фран­цияның Қазақстандағы бас консулы Фаб­рис Неве екі ел арасындағы эко­но­ми­ка­лық және мәдени байла­ныс­тардың дамуынан бөлек, Еуропада қазақстандық киноға қы­зығушылықтың артып келе жатқан үрдісін байқайтынын жет­кізді. Француз киносы­ның фестивалі ұлы суретшілердің бірі Пьер Боннардың буырқа­ныс­қа толы жеке өмірі туралы баяндаған Мартен Провоның «Жалаңаш муза» картинасы­ның премьерасымен басталды. Алматылық көрермен алдағы күндері Канн кинофестивалінің жеңімпазы атанған «Құлау анатомиясы», «Тек сен және мен», «Менің қылмысым» атты француз режиссерлерінің туындыларымен танысады.

 

АЛМАТЫ