Республиканың үшінші мегаполисі медициналық кластер бойынша қарқынды даму үстінде. Олай дейтін себебіміз, бүгінде Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан және шетелдік, отандық инвесторлар арқылы шаһарда түрлі жобалар іске асырылып, саладағы қызмет сапасы жақсарып келеді. Енді солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек.
Жаңа өмір сыйлаған қондырғы
Мәселен, жуырда қаладағы «Жүрек орталығында» мамандар өте керемет операциялық әдісті орындады. Соның көмегімен ағзадағы ең маңызды органын алмастыруды қажет ететін науқасқа дәрігерлер LVAD қондырғысын орнатып берді. Науқас – 60 жастағы кісі. Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін айтып, мұндай операция асқан шеберлікті талап ететінін және оның жоғары технологиялы хирургиялық амалға жататынын жасырмады.
Операциядан шыққан науқас «Жүрек орталығында» білікті кардиологтардың бақылауына алынды. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, жасанды қондырғы арқылы енді науқастың жүрек қызметі жақсара түседі. Жалпы мұндай ағзаға қондырылатын құрылғыны мамандар ауыр халге шалдыққан науқастарға кардиохирургиялық жолмен бұған дейін де орнатқан. Ресми дерекке сүйенсек, жергілікті кардиологтар осы күнге дейін 10 науқастың жүрек қызметін LVAD аппараты арқылы жақсартып берген.
«Жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан науқастар қимыл-әрекет еткен кезде ентігіп, әлсіреп қалады. Тіпті 10-15 қадам жасағанның өзінде тынысы тарыла түседі, сондықтан көбінесе олар бір бөлменің ішінде қамалып өмір сүруге мәжбүр болады. Ал LVAD имплантациясы мұндай науқастардың жүрегінде қанды қажетті деңгейде айналдырып, қалыпты өмірге оралуына, қоғамдық орындарда жұмыс істеуіне, тіпті спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Операцияға алынған науқас операцияның ертеңіне-ақ орнынан тұрып, ары-бері кішкене қадам жасап, қимылдап, әрекет ете бастады», деді «Жүрек орталығының» жүрек жеткіліксіздігі бойынша координатор-дәрігері Айнаш Балабекова.
Сонымен бірге маман әлемде өлім-жітім бойынша бірінші орында жүрек, қан-тамыр аурулары тұратынын мәлімдеді. Осылай дей келе, азаматтарды саламатты өмір салтын ұстануға, алкогольдік ішімдік ішу, шылым шегу секілді жаман әдеттерден бойды аулақ ұстауға шақырды. Бұған қоса тым майлы тағамдарға әуес болмай, қимыл-қозғалысқа, спорттың жеңіл түрлеріне көбірек ден қою қажеттігін ескертті.
Қызылша – қауіпті дерт
Осыдан біраз күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен шетелдік сарапшылар Шымкентке арнайы жұмыс сапарымен келді. Іскерлік сапар аясында білікті медицина мамандары қызылша ауруының алдын алу мен емдеу жолдары турасында халықаралық шеберлік сабағын өткізді.
ДДҰ-ның өкілдері мен халықаралық сарапшылар алғашқы жұмыс күні қаладағы медицина ұйымдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды іс-шараға тек жергілікті ақ желеңділер ғана емес, еліміздің жеті өңірінен, тіпті көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан да эпидемиологтар, медициналық университет оқытушылары, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Доктор Хосе Хаган, Роберта Пасторе, Минал Пател, Тэун Ян секілді Еуропалық одақтың халықаралық сарапшылары спикер ретінде баяндама жасап, бүгінгі заманда адамзатты толғандырған түрлі ауруды емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері бойынша тәжірибе алмасып, ойын ортаға салды.
Біліктілікті арттыруға арналған үш күндік оқыту барысында тренингке қатысушылар төрт бағыт бойынша ілім алды. Соның ішінде иммундау деректерін жинау мен талдау дағдыларын игеріп, эпидемиялық жағдайды бақылаудың тың жолдарын меңгерді. Мұнан кейін иммундауға жататын халық арасындағы бағдарламаның тиімділігі баяндалды, қауіп-қатері талқыға салынды. Мұнан өзге өңірлердегі жұқпалы аурулардың өршу қаупі де мамандар тарапынан сараланып, инфекциялық аурудың алдын алу жолдары қарастырылды.
Сарапшылар сөзімен айтсақ, қазіргі таңда Орталық Азия аумағында қызылша ауруы тұрақсыз эпидемиялық жағдай тудырып отыр. Яғни соңғы статистикалық дерек бойынша қызылшамен сырқаттанғандар санының өскені байқалады. Мұны мамандар бірінші кезекте пандемиямен және вакцинациялаудың төмендігімен байланыстырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің пікірінше, қызылшаға қарсы иммундауды күшейту әлем бойынша осы аурудың алдын алудың нақты кепілі саналады.
Израильде біліктілігін арттырады
ДДҰ-ның мамандары Шымкентке тәжірибе алмасуға әріптестерімен қызылша дертінің алдын алып, тиімді күресу тәсілдері бойынша пікір бөлісуге келсе, шаһардың медицина мекемесі мамандарының бір бөлігі Израиль мемлекетіне біліктілікті арттыру мақсатында барды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, бұл жергілікті дәрігерлердің білім мен тәжірибелерін кеңейту үшін қажет. Сонымен бірге алдағы уақытта мол тәжірибе жинап қайтқан мамандар үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор серпін берері сөзсіз.
Бүгінгі таңда шетелде оқуда жүрген дәрігерлер жедел медициналық көмек, ана мен бала саулығын жақсарту мен емдеу жұмыстары бойынша шеберліктерін шыңдап жатыр. Оқу мақсатындағы іс-сапар екі аптаға жалғасады. Жалпы, шымкенттік дәрігерлер осы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында үш топқа бөлініп, Израиль елінде медициналық білімі мен біліктілігін арттырып қайтуға жіберілетінін атап өткен жөн. Өз кезегінде бірінші топтағы мамандар аталған мемлекеттің беделді медициналық ұйымдарында кәсіби шеберліктерін шыңдаумен айналысып жүр. Израильге білімін жетілдіру үшін барған топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр секілді дәрігерлер бар. Жалпы, санын қосқанда 44 медицина қызметкері шетелге аттанды.
«Өздеріңіз білесіздер, Израиль – әлемдегі медицина индустриясы дамыған мемлекет. Тіпті ерте заманнан еврей халқы адамды емдеудің құпия сырын жетік білген. Ал бүгінгі цифрлық заман дәуірінде Израиль жаңа технологияның көмегімен медицина саласында тіптен алға озып шықты. Сондықтан адам денсаулығын жақсарту мәселесінде жетістіктерге жеткен елмен әріптестік байланыс орнату отандық медицина үшін өте үлкен тәжірибе болмақ. Израильде білімін толықтырып келген мамандар жергілікті әріптестеріне бар білгенін үйретсе, мегаполистің денсаулық сақтау саласы алдағы уақытта сапа жағынан бір сатыға жоғарылайды деген сенімдеміз. «Жүз естігеннен бір көрген артық» демекші, Израильдің медицинасы тамаша екенін білгенімізбен, нақты тәжірибеде көрмеген едік. Енді әріптестік байланыстың нәтижесінде мұндай мүмкіндікті өз тәжірибеміз арқылы байқап көруге керемет сәт туды. Жалпы тек медицинада емес, кез келген салада өзара тәжірибе алмасу кәсіби біліктілікті арттыруға, мамандардың озық технологияларды бір-бірінен үйренуіне көмегін тигізеді. Сол себепті бұл бастама үлкен қолдау тауып отыр», деді мегаполистің бас дәрігері Н.Асылбеков.
GPS навигациясының көмегі
Өз кезегінде Шымкентте медицина қызметін халыққа барынша қолжетімді ету мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, бұл қатарда медбикелерді GPS құрылғысымен қамтамасыз ететін жаңа бастаманы атап өтуге болады. Бүгінгі таңда емханадағы орта медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі учаскелерді аралау барысында алдынан ауруы асқынған немесе денсаулығы күрт нашарлаған науқастар шығып қалса, дереу қолындағы құрылғының көмегімен қажетті дәрігерді шақыртып бере алады. Қазіргі уақытта осы GPS навигациясымен қаладағы №6 емхананың медбикелері жұмыс істеуге кірісті. Жаңа құрылғылар 36 маманның қолында жүр. Сонымен бірге осы аппарат арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрған азаматтардың нақты мекенжайлары мен науқастар туралы деректер көрініп тұрады. Цифрлы жүйеге негізделген аппарат дәрігерлерге халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдарды мүмкіндігінше азайтуға, бала өлімін болдырмауға, медициналық көмекті дер кезінде және өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізуге көмектеседі.
«Қалалық №6 емханада мамыр айынан бастап үздік озық тәжірибелік орталығына көшу бойынша дайындық жұмыстары басталды. Осы мақсатқа орай аймақтық медбикелерге әмбебап прогрессивті патронаж моделін толық енгізуге GPS навигациясы іске қосылды. Қазіргі таңда емханада жұмыс істейтін 40-қа жуық медбике аталған навигациялық құралмен толық қамтамасыз етілді. Жаңа технологияның көмегімен медицина сапасын жақсартсақ деген жоспарымыз бар. Бұл бірінші кезекте ана мен бала өлімін азайтуды және науқастардың сапалы медициналық көмекке уақытылы жүгініп отыруын көздейді. Алға қойған жоспарды іске асыру мақсатында қазір аймақтық медбикелер учаскелерді аралау кезінде кішкентай бүлдіршіндердің аулада ойнап жүріп денсаулығына қауіп туғызатын жарақат алып қалмауы үшін олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ GPS навигациясының бір пайдасы динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыру мәселесінде медбикелердің жұмысын жеңілдетеді. Жаңа құрылғының ұтымды жері, егер пациенттер арасында шұғыл медициналық көмек туындаған жағдайда GPS навигациясының батырмасын басу арқылы бас дәрігердің орынбасарына, бөлім меңгерушісі мен бас медбикенің телефонына шақырту келіп түседі. Сол шақыртуға қарай дер кезінде медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ GPS навигациясының тигізер пайдасы жұмыс сапасын жақсартуға ықпалы зор. Яғни, құрылғы арқылы медицина қызметкерлерінің учаскелерді аралау барысындағы әрбір жүрген бағыттары белгіленіп отырады. Цифрлық жүйе қолданылмаған бұрынғы уақытта мамандардың өз аумағын қаншалықты аралап, науқастардың үйіне барғанын анықтау қиын болатын. Жаңа қондырғы бұл істі жеңілдетіп, медициналық қызмет сапасында ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз етті. Ендігі жерде қызметкерлер бақылаудың бар екенін білген соң жұмыс сапасына да барынша мән береді деген ойдамыз», деді қалалық №6 емхана бас дәрігерінің орынбасары Дастан Жораев.
Сонымен қатар маманның айтуынша, емханада үздік тәжірибелік орталық жуырда жұмысын бастады. Бұл келуші науқастар тарапынан көрсетіліп жатқан медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдарды азайтуға, денсаулық сақтау саласы бойынша емханаға бөлінген қаражатты толық игеру жөніндегі жұмыстарды жүйелі атқаруға бағытталған. Осы орталық арқылы әрі дәрігерлер жекелеген азаматтардың денсаулығын жіті бақылауға алады. Өз кезегінде осы аталған бастамаларды қолға алуға тиісті қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысын дұрыс игерудің нәтижесінде табылып отыр. Егер емдеу мекемесі сызықты межеден асып кетпесе, үнемделген қаражатты тиісті құрал-жабдықтар сатып алуға, қызметкерлерге үстемеақы төлеуге, жалпы медицина сапасын арттыруға байланысты кез келген бастаманы қаржыландыруға құқылы. Емхана өкілінің айтуынша бүгінгі таңда медицина ұйымы 80 пайызға керекті құралдармен жабдықталған.
Қорыта айтқанда, мегаполисте тек медицинаның сапалы қызметіне ғана емес, сонымен бірге фармацевтика саласы мен медициналық құрал-жабдықтардың өндірісіне де айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «ЭКО ФАРМ» ЖШС кәсіпорны бүгінде медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдарынан қорғаныш киімдерін, обаға қарсы жиынтықтар мен маскаларды шығаруда үлкен нарыққа жол ашты. Заманауи үлгіде жабдықталған өндіріс орны аталған жобаны іске асыруға жалпы құны 3,4 млрд теңге жұмсады. Кәсіпорын жылына 600 мың дана қорғаныс киімдерін 17 түрлі үлгіде шығарады. Оның сыртында медициналық киім мен ішкиімнің 500 мың данасы, медициналық маскалар мен респираторлардың 100 млн данасы, медициналық қорғаныс көзілдірігінің 1 млн данасы бар. «ЭКО ФАРМ» өнімдеріне, әсіресе, ішкі нарықтан Астана, Алматы, Түркістан, Қарағанды қалаларынан сұраныс көп түсіп жатыр. Сонымен бірге зауыт басшылығы қазір таңда көрші елдермен де тапсырыс қабылдау бойынша тиісті келісімшарттар жасалып жатқанын жеткізді. 1,5 гектарға жуық аумақты алып жатқан кәсіпорында осы күнде 250-ден аса адам еңбек етеді.