Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел дамуында өзекті бірқатар бағытты айқындап берді. Соның қатарында аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау бар.
Таяуда Орталық сайлау комиссиясының отырысында алдағы саяси бәсекенің нақты күні белгіленді. Осылайша, 5 қарашада 45 аудан және облыстық маңызы бар қалада қанатқақты режімде сайлау өтеді. Бұл – бұған дейін елді демократияның даңғыл жолына түсіруге бағытталған реформалардың заңды жалғасы.
«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Президент Қ.Тоқаев.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, өңірлердегі саяси бәсеке 50 күн бұрын хабарланып, жергілікті мәслихат тарапынан бекітілмек. Ал үміткерлерді тіркеу сайлауға отыз күн қалғанда аяқталады.
Жалпы, үміткерлер сайлауға екі тәсіл арқылы қатысады. Біріншісінде тіркелген саяси партиялар өз мүшелерінің біреуін ұсына алады. Осы орайда, бір сайлау округінен бір ғана кандидат қатыстыруға құқылы. Сонымен қатар үміткерлер өзін-өзі ұсыну арқылы бәсекеге түсе алады. Мұндай жағдайда кандидат өзі түскен сайлау округі сайлаушыларының кемінде 1 пайыз қолдауын иеленуге тиіс.
Талапқа сәйкес, 25 жасқа толған Қазақстан азаматтары ғана жасырын дауыс беру арқылы аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп отырған адамдар саяси додаға қатысуға құқысы жоқ.
Стратегиялық зерттеулер институты Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің басшысы Жанар Санхаеваның айтуынша, алдағы сайлаудың маңызы зор. Аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау еліміздің саяси жаңғыруын одан әрі іске асыруда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
«Бұл азаматтарға өз аумағының болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуға және олардың мүдделері мен құндылықтарына жауап беретін көшбасшы сайлауға мүмкіндік береді. Яғни жергілікті демократияның дамуы азаматтар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерімен аумақтарды неғұрлым жауапты және ашық басқаруды қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Ж.Санхаева.
Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институты Орталық Азия және Еуразияны зерттеу орталығының директоры Мұхаммед Асиф Нур да осындай пікірді ұстанады. Оның пайымдауынша, аудандар мен облыстық деңгейдегі қалалар əкімдерін сайлау туралы шешім жергілікті басқару мен төменгі деңгейде демократияны қамтамасыз етеді. «Жергілікті басшылардың өкілеттіктерін кеңейту ресурстарды тиімдірек бөлуге жəне Қазақстанның əртүрлі аймақтарының нақты қажеттілігін қанағаттандыруға бейімделген даму бастамаларына əкеледі», дейді сарапшы.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қай облыста, ауданда сайлау өткізетінін жергілікті облыстық мəслихаттар шешеді. Ал ОСК тарапы алдағы бәсекенің заңға сай өтуіне бар күшін салмақ.
Жалпы, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау – бұған дейін басталған саяси реформалардың жалғасы. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Содан бері тоғызыншы территорияның көптеген елді мекенінде жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Стратегиялық зерттеулер институты Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің басшысы Жанар Санхаева бұл саяси бәсекенің оң нәтиже көрсеткенін алға тартады.
«Кейінгі екі жылда жергілікті сайлау 1600-ден аса ауылдық елді мекенде және аудандық маңызы бар қалада өтті. Өткен сайлаулардың нәтижесі жергілікті қоғамдастықтарда сайлау және саяси мәдениетінің қалыптасқанын, оң үрдістің басталғанын көрсетеді. Негізгі жетістік ретінде азаматтардың саяси шешімдер қабылдауға белсенді қатысуын тұрақты институционалдық негіздерді белгіледі деп айта аламыз. Біріншіден, сайлауға қатысу – халықтың саяси ерік-жігерін білдірудің дәстүрлі тәсілі.
Екіншіден, жергілікті сайлау қоғамдық-саяси ұйымдардың жұмысын жергілікті деңгейде жандандыруға ықпал етті. Мысалы, сайланған әкімдердің 75 пайызы саяси партиялардың атынан сынға түсті. Бұл партиялық қызмет деңгейінде өңірлер мен Орталық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтеді», дейді Ж.Санхаева.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елубаев ауыл әкімдерін сайлау секілді бастамалар орталықсыздандыру саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік бергеніне назар аударады. Яғни билік пен ресурстарды орталық биліктен жергілікті билік органдарына, өзін-өзі басқару органдарына және азаматтық қоғамға ішінара беріледі.
«Кәсіби кандидаттар тобының қалыптасуы маңызды. Сайланған әкім өз қызметі туралы тұрақты түрде есеп беру, жауапкершілікті жүктейді. Бірқатар зерттеуде орталықсыздандыру міндеттерді жақсырақ орындауға, жергілікті атқарушы органдардың сапасы мен есеп беруін арттыруға, азаматтардың қажеттілігі мен үмітіне жақсы ден қоюға, олардың жергілікті шешім қабылдау үдерісін кеңейтуді ілгерілетуге септігін тигізеді», дейді Р.Елубаев.
Кез келген саяси реформаның өзегі халықтың мемлекетті басқару ісіне белсене араластыру екені белгілі. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібі жеңілдетілді. Бұрынғы рұқсат алу міндеті хабардар ету қағидатына ауысты. Саяси партияларды тіркеуге қажетті 40 мың мүше 20 мың адамға азайды. Сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастама көтерілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы құжаттың нәтижесінде ауыл әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлай бастады. Сондай-ақ құжатта тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік берілді. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.
Бұдан бөлек, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Осындай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Осылайша, биліктің барлық институты жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істеуге кіріседі. Саяси үдеріс демократияланып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейе түсті.
Саясаттанушы Риззат Елубаев халықтың көпшілігі аймақтағы оқиғаларға тікелей жауапты адамды өзі таңдайтынынан мол үміт күтеді. Яғни жергілікті басқару қызметі тікелей тұрғындарға тәуелді болмақ. Осылайша, аудандардағы қаржылай, әкімшілік мүмкіндік кеңейеді.
Ал Жанар Санхаева: «Ауыл әкімдерінің сайлауы өз деңгейінде сайлау үдерісін ұйымдастыруда өміршеңдігін көрсетті. Сол себепті әкім лауазымына кандидаттарды ұсынудың қазіргі әдістерін сақтау маңызды», дейді.
«Кандидаттар саяси партиялар тарапынан да, өз бетінше де қатысуы мүмкін. Бұл ретте қайта қарауды қажет ететін тұстар бар. Мысалы, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау бойынша сайлау округтерінің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, үгіт-насихат шараларын өткізуге ұзақ мерзім беру ұсынылады. Жалпы, жергiлiктi сайлауды өткiзу кезiнде жергiлiктi деңгейдегi жағдайлар мен контекстердiң әртүрлiлiгiн ескеріп отыру қажет. Ал аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімі лауазымына үміткерлер шағын елді мекендердегі байланыстардың жақындығы сияқты фактор олардың сайлауалды бағдарламаларының сапасы мен мазмұнына белгілі бір талаптар қоятынын түсінуі керек», дейді Ж.Санхаева.
Мұндай пікірді саясаттанушы Р.Елубаев та ұстанады. Оның айтуынша, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері өңірді басқарудың жаңа әдісіне сай болуға тиіс. Бұдан бөлек, кәсіби, саяси бәсекелестік нарығын қалыптастыру да өзекті. «Қазақстандағы бүкіл қоғамдық қызметтердің сайланбалы болуы елдегі демократияны нығайтуға әсерін тигізеді. Әрине, бастапқы кезеңде аташылдық, жершілдік деген мәселелер туындайды. Бірақ оны үлкен реформа жолындағы бір саты ретінде қарастыру керек. Одан да өтеміз», дейді Р.Елубаев.
Әлбетте, аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі екені сөзсіз. Сол себепті алда келе жатқан аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімін тікелей сайлау өте өзекті. Біріншіден, сайланатын әкімнің жауапкершілігі артады. Екіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына жол ашады. Үшіншіден, осы саяси бәсекенің сәтті өтуі демократиялық жолдағы келесі белес – облыс әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік бермек.
«Ауыл әкімдерінің сайлауы және одан кейінгі аудан әкімдерінің сайлауы – барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау қағидатын енгізу үдерісіндегі шешуші кезең. Дегенмен бұл сайлаудың сипаты азаматтардың қатысу деңгейі, жергілікті мәселелерге қызығушылық, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер және бәсекелестік деңгейі сияқты бірнеше жағынан айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан қазіргі уақытта облыс әкімдерін сайлауға кезең-кезеңімен қарау оңтайлы тәсіл», дейді Ж.Санхаева.