• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 18 Қыркүйек, 2023

Үздік жастар үкіленді

179 рет
көрсетілді

Қыркүйектің 13-17 аралығында елорданың 25 жылдығына орай, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Silk Way Creative Games» XIV Ұлттық дельфий ойындары өтті. Оған фортепиано, скрипка, академиялық ән, халық аспаптары, халық әні, эстрадалық ән, халық биі, заманауи би, фотография, киім дизайны, көркем оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, ым-ишара тілінде ән айту сынды барлығы 15 аталым бойынша 10-25 жас аралығында 500-ден астам өнерпаз қатысты. Бұл 500 өнерпаздың әрқайсы 30 сәуір мен 5 қыркүйек аралығында еліміздің 17 облысында Ұлттық дельфий комитеті өткізген өңірлік іріктеу турларының үздіктері.

Ұлттық дельфий комитеті ойындарды өткізу, еліміздің жас таланттарының кәсіби дамуын қолдаумен ғана шектелмей, қоғамның қалыптасуын саралап, ел аумағындағы жаңа мәдени трендтерді талдап, насихаттаумен айналысады. Биыл Ұлттық дельфий ойындары­ның аясында комитет ұлы Абайдың Жиырма сегізінші қара сөзінің негізін­де Астанадан, еліміздің алыс-жақын өңірлерінен және бірқатар өзге мемлекеттерден келген сарапшыларды пікір алмасу алаңына шақырып, «Адал азамат. Франкенштейн немесе болашаққа нық қадам ба?» стратегиялық сессиясын ұйымдастырғаны соның айғағы.

Ұлттық ойындар аясында Қазақ­стан халқы ассамблеясының Достық үйінде өткен кездесуге мәдениет, қоғам қайраткерлері, Халықаралық дельфий комитетінің мүшелері мен қазылар алқасы, Ыстанбұл консерваториясы өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Аталған стратегия­лық сессиясының негізгі міндеті – қазір­гі қоғамда Президент Жолдауында ескерілген адал азамат қалыптас­тыру үшін не істеу керектігі туралы бірлескен ұсыныстар әзірлеу. Мұнда қоғамдық құндылықтарға иек арта отырып, адал азамат қалыптастыру төңірегінде бірқатар пікірлер ортаға тасталды. «Қоғамдық дамуға ықпал етіп, аталған үдерісті жеделдетуге, жоғары мәдениетті дамыған қоғам қалыптастыруға әрбір азамат жауап­ты. Бірақ нақты бағыт-бағдар мен тұ­жырымды көзқарасқа бастайтын қа­дамдар болуы керек емес пе?», деген нақ­ты шешімдерге жетелейтін ұсыныс айтылды. Сондай-ақ бұл сессия – әр адам көзқарасын көпшілік қауым ара­сына тастап, пікірлес адамдардың ортақ көзқарасына айналдыра алатын ауқымды жоба дегенді айтады ұйымдастырушылар.

Сонымен, 15-16 қыркүйек күн­дері еліміздің барлық өңірінен жи­нал­ған дарынды жастар Ұлттық дельфий ойындары қазыларының ал­дында Астананың әр жеріндегі мә­дени орындарда өнер көрсетіп, бақ­тарын сынап жатты. Атап айт­қан­да «Фортепиано», «Скрипка», «Академиялық ән айту», «Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Фотография», «Киім дизайны» аталымдары Е.Рахмадиев атындағы мем­­лекеттік академиялық филар­мо­­ния концерт залы мен фойесінде; «Халық аспаптары», «Халық әні», «Халық биі», «Заманауи би» аталым­дары Әл-Фараби атындағы оқу­шы­лар сарайының басты, кіші сахнала­рында; «Театр», «Көркемсөз оқу», «Фо­тография» аталымы М.Өтемісұлы атын­дағы оқушылар сарайында; «Ым-ишара тілінде ән айту», «Эстрада­лық ән» аталымы «Жастар» сарайында өтті. Әр аталым бо­йынша үздік шыққан өнерпаздар ­16 қыркүйек күні кешкісін Рахма­диев атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық филармонияның «Астана» концерт залында «Silk Way Creative Games» XIV Ұлттық дельфий ойын­дары жеңімпаздарының Гала-кон­цертінде көпшілікке өнерлерін көрсетті. Бұлардың әрқайсысы алдағы уақытта Қырғыз Республикасында өтетін Халықаралық дельфий ойындары олимпиадасының биік шыңын бағындыруға аттанады. Олардың қатарында ұлттық аспаптар бойынша домбырадан атыраулық Оралбек Абылайхан (10-15 жас) мен Алидан Жаденов (16-21 жас), 10-15 жаста қобыздан қарағандылық Серікбай Рауан, атыраулық Дана Отар (16-21 жас), сырнайдан 16-21 жас аралығында астаналық Руслан Галькеев, халық әнін орындаудан 10-15 жас аралығында атыраулық Айсана Ілиясқызы, 16-21 жаста астаналық Дидар Шунаев, ал халық әнін ансамбльмен орындаудан астаналық «Назқоңыр» дәстүрлі әншілер ансамблі бар. Сондай-ақ фортепианодан қарағандылық Александр Волокитин (10-15 жас) мен алматы­лық Ашот Мхитарян бірінші орыннан көрінді.

Скрипкадан Әнел Данияр (10-15 жас) мен Дилназ Жанкушукова (16-21 жас) озып келді.

Халық биінен 10-15 жас арасында алматылық «Gami» би мектебі, 16-21 жаста «Салтанат ансамблі жеңімпаз танылды.

Заманауи билеуден бәйгені 10-15 жас аралығы бойынша тағы да сол алматылық «Gami» би мектебі, 16-21 жаста Ақмола облысынан келген хореографиялық «Polyanka» ұжымы иеленді.

Эстрадалық ән орындауда 10-15 жас аралығында астаналық Әділ Күне­ділов, 16-21 жаста ақмолалық Алтынай Әйтен қара үзді.

Ымдап ән салудан 10-15 жас аралығында қызылордалық Жаңагүл Қадыр, 16-21 жаста қарағандылық Ернұр Сәмен топ жарды.

Академиялық әннен 16-21 жас арасында қарағандылық Жайна Жұма, 22-25 жаста астаналық Қадырбек Қалдар үздік шықты.

Декоративті қолданбалы өнерде 10-15 жас арасында жамбылдық Ару­жан Жомартбек, павлодарлық Ольга Панафидина (16-21 жас) жеңіске жетті.

Театр өнері бойынша 14-21 жас аралығында ақмолалық «Infinity laboratory» жеңімпаз болды.

Көркемсөз оқудан павлодарлық Айнара Досымжанова (16-21 жас) жеке келді.

Бейнелеу өнерінен 10-15 жас ара­лығында павлодарлық Анастасия Зеленькевич, тараздық Нұрбол Оспан (16-21 жас) озық көрінді. Аталған жеңімпаздар халықаралық додада ел намысын қорғайды.