Қытайдың Ханчжоу қаласында алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарында Қазақстанның балуандары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.
Еркін күрестен өтетін жарыста Рахат Қалжан (57 кило), Санжар Мұхтар (65 кило), Азамат Даулетбеков (86 кило), Дархан Есенғали (74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) мен Юсуп Батырмурзаевқа (125 кило) сенім артылып отыр. Осы алты спортшының үшеуі күні кеше ғана Белградта өткен әлем чемпионатында бақ сынады. Сол жарыста Азамат қола медаль иеленсе, Әлішер мен Юсуп жүлдегерлер қатарына қосыла алмады. Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 кило), Мейіржан Шермаханбет (67 кило), Азат Садықов (72 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) ел намысын қорғайды. Алғашқы екеуі кезінде әлемдік додада жүлде алған. Айдос 2018 жылы Будапештте және 2022 жылы Белградта қола медальді мойнына ілсе, Мейіржан осыдан бес жыл бұрын Сербияның астанасында дәл сол межеден көрінген еді.
Ал әйелдер күресінен өтетін жарыста Светлана Анкичева (50 кило), Марина Седнева (53 кило), Эмма Тисина (57 кило), Ирина Кузнецова (62 кило), Елена Шалыгина (68 кило) және Жәмила Бақбергенова (72 кило) сынды бұрымдалар боз кілемге шығады.